Мәдениет • 18 Сәуір, 2024

Ұлт мәдениетінің ұйытқысы

61 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарағанды бүгінде мәде­ниет­тің алтын аймағына айна­лып тұр. Республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі түрлі мәдени іс-шаралар Арқа жерін­де абыроймен өтіп жүр. Бірақ біздің айтпағымыз басқа. Жы­лына жүздеген рухани кеш өткізіп жүрген орталық бар. Олардың таудай еңбегі көбіне көрінбей, тасада қалып жатады. Шындап келгенде, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталы­ғы үлкен жүк арқалап жүргенін ел-жұрт біле бермейді.

Ұлт мәдениетінің ұйытқысы

Қарағанды облыстық мә­дениет, архивтер және құ­жаттама басқарма­сына қарайтын бұл орталық түрлі мә­де­ни кеш өткізгеннен бөлек, ән-күйлер­ді таспаға басады, ақындардың өлеңдерін жинақтап, қағазға түсіріп, кітап қылып шығарады. Мұның өзі ілкімді ізденісті, қажырлы еңбекті қа­жет етеді. Бір жылда облыстық, респуб­ликалық, тіпті ха­лықаралық деңгейде 26 фестивальды ұйымдастыру, оның біріне-бірі ұқсамауы үшін іздену, ол осы орталықтың қолынан келеді.

Тіпті орталық ұйымдастыратын мәдени кештер дәстүрге айналып та үлгерді. Үзбей, жылдағыдан ерекше етіп ұйымдастыру – осы ұжымның жауапкершілігінде. Бұл мәдени орталық жауапкершіліктің үдесінен үнемі шығып келеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін тоқтала кетелік, күні кеше өткен облыстық Мартбек Тоқмырза атындағы «Жымиясың сен неге?» атты әзілкештер фестиваль-байқауы үзілмей, өтіп келе жатқалы қашан. Жыл соңында өтетін Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәше­нов атындағы жылдың үздіктеріне, ақын-жазушыларына, қоғам белсен­ділеріне табысталатын бұл сыйлық Арқа мәдениетінің ажырамас бір бөлігіне айналғандай.

«Армысың, әз-Наурыз!» атты об­лыстық жас ақындар айтысын Қара­ғанды жұрты күтеді. «Бұқарекең жырлайды» дәстүрлі ақын-жыр­шылар сайысының да өз орны бар. «Сарыарқаның жаңа есімдері» облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығының байқауы ар­қылы жаңа таланттарға жол ашып келеді. Дәстүрге айналған «Сарыарқа әуендері» атты тағы бір байқау ар­қы­лы қазылар алқасы жер-жер­ді аралап, көркемөнерпаздар ұжым­дарының қатысуымен тақырыптық театрландырылған концерттік бағ­дар­ламалардың куәсі болып жүр. Бұл арқылы ұлттық мұраны сақтап қалуды, мәдени ұжымдардың шебер­лігін шыңдауды көздейді.

Орталықтың баспа ісіндегі бастамаларын да ауыз толтырып айтуға болады. Былтыр әнші-композитор Амангелді Ахметжановтың «Сары­арқа таланттары» жобасы аясында жа­­рық көрген «Айналайын» атты ән­дер жинағының тұсауы кесілген еді. Қ.Байжанов атындағы концерттік бір­лестіктің Тәттімбет атындағы ака­де­миялық қазақ ұлт аспаптар ор­кес­трінің домбырашысы, педагог Сәлім Ізтөлеуовтің музыкалық ұжым­дар­ға арналған «Шыңырау» жина­ғы шы­ғарылды. Міне, осы секіл­ді із боп қала­т­ын, ел кәдесіне жарайтын құн­ды­лық­тарды дәріптейді орталық ұжымы.

Әрбір өткізетін кештің сценарийі, онда өнер көрсететін өнерпаздар, сахнаның безендірілуі, қонақтардың тізімі, оларды күтіп алып, шығарып салу, жоспарланған нөмірдің жарасымды шығуы, сахналық киімге дейін жауап беретін де – бір өзі орталық. Айрандай ұйыған ұжым бұл міндеттердің бәрін мінсіз атқа­рып жүр. Әсіресе орталықтың был­тырғы ұйымдастырған мәдени кештері елдің аузында әлі жүр.

Балқаш қала­сындағы Ақшағыл кентінде (Рем­база) Көкше теңіздің жағалауындағы «Балқаш Tourfest – 2023» фестивалі елдің есінде ерекше сәтімен қалды. Ал «Ортеке» облыстық фестиваліне барлық қала-аудан қатыс­ты. Айтпақшы, орталық былтыр түркі халықтарының этника­лық тарихы мен мәдени мұ­расы бойын­ша білімді дәріптеу мақса­тында «Ортеке» шеберлері мен орын­даушылары қатысқан облыстық семинар-практикум өткен еді. Ұлы мәдениеттің көрінісі ұлықталған мұндай мәдени кешті. Орталықтың басшысы Индира Қанафина биыл халықаралық деңгейде өткіземіз деп отыр.

Балдырғандарды да назардан қалдырмай келеді. Оларға арналған бірнеше фестиваль мен мерекелік кеш ұйымдастырады. Түрлі семинар, тренинг, шеберлік сағаттарын өткізу де орталықтың басты міндетіне кіреді. Орталық ауылдағы мәдениет үйлерін үнемі назарында ұстайды. Музыкалық аспаптардың бар-жоғын, сахналық киім қорын түгендеп отырады. Бұған жауапты ұжым мүшелері табан тоздырып, жер-жерді аралап, жоғарыдағы мәселемен айналысады, яғни ауылдағы клубтардың қамымен де жүгіреді. Ұлы тұлғалардың, өнер және мәдениет қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың мерейтойын, мұнымен қоса аудан-қалалардың атаулы жылдарын атаусыз қалдыр­майтын да – осы ұжым.

Осындай үлкен жүк арқалаған орталық сәйкесінше қолдауды да қажет етеді. Бұл мекеме Кеншілер мәдениет сарайы ғимаратының 210 шаршы метр аумағын (үш кабинет пен бір киім бөлмесі) паналап отыр. Сахнасы жарық-дыбыс-бейне жабдықтарымен толық қамтамасыз етілген, дыбыс жазу студиясы мен арнайы костюм бөлмесі бар жеке ғимарат болса дейді. Тіпті қаражатты сыртқа шығармай, өз ішінде шағын баспахана ашып алу ойлары бар.

Таудай еңбек етіп жүрген ұжым­ның талап-тілегі бүгін-ертең орындала қоймайтынын және білеміз. Біздікі – ұйысқан ұжымның көпшіліктің көзіне көріне бермейтін еңбегіне ел-жұрт қанық болса деген ой.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қаламгер һәм қайраткер

Қоғам • 25 Мамыр, 2024

Жеңіл табыс жерге қаратады

Қоғам • 25 Мамыр, 2024

Микроқаржы сергелдеңі

Қаржы • 25 Мамыр, 2024

Болмысы биік тұлға

Тағзым • 25 Мамыр, 2024

БАҚ пен тіл

Сұхбат • 25 Мамыр, 2024

Тасқын су толастамай тұр

Аймақтар • 25 Мамыр, 2024