Су тасқыны • 18 Сәуір, 2024

Көптің қолдауы сезіледі

59 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Қазгидрометтің» мәліметіне сүйенсек, Есілдің екінші тасуы Ақмола облысының аумағынан басталған. Мұның бірінші тасу­дан да қатты болатынын мамандар айтады.

Көптің қолдауы сезіледі

«Қазгидрометтің» Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Қымбат Мірғалымованың айтуына қарағанда, Есілдің Ақмола облысындағы Терісаққан, Жабай, Қалқұтан салаларынан күннің қы­зуы­мен өзенге құйылған судың әлегінен екінші толқын басталыпты. Қазір Есіл ағынының жылдам­дығы – секундына 1 590 текше метр.

«Кейінгі кезде ішкі өзендердегі судың алғашқы көтерілуі ба­сыл­ған. Есіл­дің Петропавл қаласының тү­біндегі ең биікке көтерілген нүк­тесі 1 340 см-ге жетіп тоқта­ғандай еді. Енді екінші толқын суды қайта көтеруі мүмкін», деді Қ.Мірғалымова.

Қазір облыстық ТЖД, ПД және жергілікті билік қызмет­кер­лері волонтерлер және әске­ри­лер­мен бірге Есіл бойын­дағы Петро­павлдан төмен орна­лас­қан ауылдардың халқын эва­куа­ция­лау­мен айналысып жатыр. Бұл істе, әсіресе осы ауылдар аумағына кіретін Қызылжар ауда­ны­ның басшылары аттан түспей, арпалысып жүр. Су бара қоймас деген Виноградовка, Пресновка, Налобино, Белое, Пеньково деген селоларда эвакуациялық бекеттер ашылды.

«Құжаттары мен бағалы заттарын ұмытып, су келіп қалғанда үйден қашып шыққан кейбір тұр­ғын­дарды үйлеріне қайықпен жеткізіп, бірінші кезекте қажетті дүние­лерін алып келуді де ұйым­да­с­тырып жатырмыз», дей­ді Қызыл­жар ауданы әкім­ді­гінің баспасөз хатшысы Жанель Бейсенбаева.

Осы ауданның Долматов аулы­нан 25 отбасы ғана көшпей қалды. Олар­дың үйлерінің түбіне дейін су кел­генімен, ішке кірген жоқ. Тұр­ғындар соған малданып, көшу­ден бас тартты. Ауылдың басқа 170 тұрғыны эвакуацияланды.

«Бұл ауылда барлығы 114 үй бар. Тұрғындардың саны 200-ден артық. 25 үй мен олардың тұр­ғындарынан басқасын түгел эва­куацияладық. Олардың 144-і туған-туыстарының үйіне кетті, 27-сі эвакуациялық орталыққа орна­лас­­тырылды», дейді ТЖД-ның бас маманы Дәурен Таубаев.

Осындағы эвакуациялау жұ­мыс­тарына солтүстік­қазақ­стан­дық жігіттермен бірге Түркістан облысынан келген құтқарушылар да қатысты. Петропавл қаласында барлығы 546 адамға шақталған 12 эвакуациялық орталық ұйым­дастырылған. Оларда қазір жүз­ден артық бос орын бар. Мұнда жатқандар 3 мезгіл ыстық аспен қамтамасыз етілген. Меди­ци­на­лық, психологиялық көмек­тер де әзір.

«Қиын жағдайға душар болған жерлестерімізге қолдан келген барлық жағдайды жасап жатырмыз. Әйтеуір олардың тарапынан әзірге ешқандай арыз-шағым болған емес», дейді осындағы жұ­мыстарды ұйымдастырып жүр­­ген қала әкімінің орынбасары Қалия Түренова.

Зардап шеккендерге осындай жергілікті көмектер беріліп жат­қанда, қайырымдылық кө­мек­­тер керуендері де толас­тамай, Қызыл­жар­ға ағылып жатыр. Кеше Астана қаласынан қайырымдылық көмек заттарын артқан екі бірдей ұшақ әуежайға қонды. Бұл жүктерді 400 кәсіпкердің басын біріктіретін «КІТ» атты бизнес қауымдастығы жіберген екен. Олар өздерінің серіктестері арасынан жиналған 300 млн теңгеге сатып алынған 30 тонна жүктің 10 тоннасын Петропавлға жіберіпті.

«Бұған дейін біз үш партия жүкті Орал мен Атырауға екі рет жіберген едік. Енді Петро­павл­ға әкеліп отырмыз. Біз әлі де кә­сіпкерлерден қаражат жинап, осындай көмектерді ұйым­дас­тырамыз», деді «КІТ» өкілі Дәрежан Күшебин.

Азық-түлік, шаруашылық тауарлары, киімдер салынған бұл жүкті облыстық мәслихат пен «Республика» партиясы атынан Сергей Домаев қабылдап алып, волонтерлердің көмегімен таратуды өз мойнына алған. Осы күндері Петропавл тұрғындары таза ауызсуға мұқтаж болып отырғанын бұрын да жазғанбыз. Еске сала кететін болсақ, қалаға ауызсу айдайтын «Қызылжар су» кәсіпорнының сорғы стансасын мұзды тасқын бұзып кеткен еді. Бірақ облыс басшылығы рекордты қысқа мерзімде қала түбіндегі Пестрое көлінен 900 метрлік құбыр тартуды ұйым­дас­тырып, оның суын жаңа сор­ғы­лармен «Қызылжар судың» су тазалағыштарына жеткізіп, қаланы техникалық сумен қамта­масыз етіп тұр. Алайда бұл суды ішуге болмайды. Сондықтан таза ауызсу 5 литрлік тетрапакеттермен аудандардан, көршілес қала­лардан жеткізіліп жатыр. Кеше 18 тонна таза ауызсу тиеген жүк көлігі көршілес Ресейдің Омбы қаласындағы мұсылман бауыр­лардың ұйымдастыруымен жет­кізілді. Оны «Қызылжар» ор­та­­лық мешітінің қызметкерлері қа­был­дап, күні бойы тегін таратып, халықты риза қылды.

Павлодар, Ақмола, Көкшетау қалаларынан да қайырымдылық көмек келуімен бірге Бескөл аулын тасқыннан қорғайтын бөгетті құруға елуден аса жігіт келіп, қолұшын беріп жатыр. «Қазақтың «Ел басына күн туса, ат ауыздықпен су ішер, ер етігімен су кешер» деген сөзі бізді үйімізде қарап жатқызбады. Бауырларымызға Павлодар, Екібастұздан қырық жігіт келіп, міне, көмек беріп жатырмыз», дейді павлодарлық Махамбет Амангелді. Қалған жігіт­тер Көкшетау өңірінен жетіп­ті. Олардың басшысы Мерген Тоқсанбай да ел басына қиындық түсіп жатқанда, қарап жата алма­ған­дарын айтты.

Көмекке келген әскерилерді, волонтерлерді, таңнан кешке дейін үй бетін көрмей жүрген ТЖД мен ПД қызметкерлерін тамақ­тандыруды қаланың тамақ өнім­дерін өндіретін кәсіп­керлері де естен шығармай, қо­лынан келгенін жасап жатыр. Мәселен, Ирина Әубәкірова басқаратын университеттің асхана қызметкерлері де күнде бауырсақ, самса, бәліш пісі­ріп, жәрдемші жандарға жібе­ріп жатыр. Осы СҚУ-дың 4-кор­пу­сындағы 101-кабинетінде қайырымдылық заттары да қа­был­­данып жатыр. Кейбір студенттер мен оқытушылар волонтерлермен бірге алыстан келетін қайырымдылық заттарын түсірісіп, бөлу жұмыстарына да көмектесіп жүр.

Қалаға бір кезде өте үлкен коммуналдық базар салынған еді. Бірақ оның көп орны халық келмегендіктен, пайдаланылмай бос жататын. Міне, осы базардың үлкен залдары мен сөрелері қазір Жастардың ресурс орталығына беріліп, онда қайырымдылықпен келген негізгі жүктер қораптарға бөлініп, тұрғындарға түнгі сағат 12-ге дейін таратылып жатыр.

«Біз келген адамның аты-жөні мен ЖСН-ын интернет арқылы базадан тауып алып, олардың су басқан ауданнан екенін анықтаған соң ғана қайырымдылық қорабын береміз. Кеше 921 адамға азық-түлік пакеті берілді. Бүгін таңғы 8-ден түнгі 00.00-ге дейін жұмыс істейміз», дейді «Жастардың ресурс орталығының» басшысы Дәмір Әбдин. Осындай орталық қалалық мәдениет үйінде де ұйымдастырылған.

Зардап шеккен тұрғындарға материалдық көмектерін «Сол­түстік» ӘКК АҚ да жасап жатыр. Олар қаланың екі ауданында халыққа картоп пен пиязды тегін таратты. Екі күннің ішінде 300 қаптан таратылған екен. Өткен демалыс күндері ӘКК осы азықтарды Жамбыл облысынан қабылдаған көрінеді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы