Бизнес • 22 Сәуір, 2024

Кәсіпкерлер қызығушылық танытып келеді

83 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Табиғаты тартымды, өнеркәсіпке қолайлы өңір Алматы облысының инвестициялық тартымдылығы уақыт өткен сайын жоғарылап келеді, деп жазады Egemen.kz

Кәсіпкерлер қызығушылық танытып келеді

Апта басында аспанасты елінің Іле-Қазақ автономиялық облысының іскерлік бірлестігінің 70 өкілі Қонаев қаласына келді. Олар отандық кәсіпкерлермен екіжақты ынтымақтастық құруға қызығушылық танытып отыр.

Алматы облысының әкімдігінде алқалы жиын өтіп, онда өзара тиімді ынтымақтастық пен экономиканың түрлі салаларындағы жобаларды бірлесіп жүзеге асырудың келешегі талқыланды. Онда туризм, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларына ерекше көңіл бөлінді. Кездесуге қатысушылар серіктестікті кеңейту және осы салаларды дамытуға бағытталған нақты бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін ортаға салды.

ШҰАР Сауда-өнеркәсіп палатасы басшысының орынбасары Тұрсынжан Мұхатұлы өз сөзінде, Алматы облысының кәсіпкерлері мен Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық аймағы бизнес-қауымдастығы өкілдері арасындағы ынтымақтастықтың келешегі зор екеніне сенім білдірді. Ол өңірдің инвестициялық тартымдылығының жоғары деңгейі экономиканың түрлі салаларында, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолайлы алаң туғызатынын баса айтты. Сондай-ақ өңірде туризм, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларының белсенді дамуы инвестиция мен өзара тиімді ынтымақтастыққа кең мүмкіндіктер беретінін де атап өтті.

Өз кезегінде Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Айбар Теменов, Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақ мерзімді қарым-қатынастардың жоғары деңгейін, табысты жүзеге асырылған жобалардың санымен расталғанын атап өтті.

«Жыл сайын өзара тиімді байланыс тек нығайып келеді, бұл ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және екі елдің бизнесі мен экономикасы үшін жаңа перспективалық мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді. Алматы облысы мен Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық облысы арасындағы әріптестікті өзара кеңейту аймақтар арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін», деді Айбар Теменов.