Су тасқыны • 23 Сәуір, 2024

Жайық жағасындағы жайсыздық

44 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің бірнеше өңірінде тасқын судың қаупі әлі де сейіле қойған жоқ. Жайық өзені шекті деңгейінен көтеріліп, жағалай қонған жұртты әбігерге салып отыр. Төтенше жағдай болған өңірлерде тұрғындарды табиғи апаттан құтқару жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Жайық жағасындағы жайсыздық

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Құтқарушылардың еңбегі зор

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, су басқан өңірде аулаларды қарғын судан тазартып, сору жұмыс­тары тәулік бойы дамылсыз атқарылып жатыр. Атырау облысының Жылыой ауданын­да өткен тәулікте аулалардан 900 мың текше метр су шығарылған. Респуб­лика бойынша 23 085 адам өз үйіне оралса, 11,4 млн текше метр қар суы сорылып, бөгеттерді мығымдау үшін 5,3 млн қапшық пен 1,4 млн тонна инертті материалдар төселген. 4 554 тұрғын үй мен 2 767 аулаға жайылған су арнасын тауып, сорылған. Өткен тәулікте жедел желі телефонына 2 132 қоңырау түсіпті.

Төтенше жағдайлар министрлігі­нің ресми өкілі Асқар Шәріп Батыс Қазақ­стан облысындағы Жайық өзенін­де су дең­гейінің көтерілуі жіті бақылау­ға алынып, мониторинг жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар азаматтарды құлағдар ету бағытында телерадио арқылы хабарландыру тәулігіне алты рет (әр төрт сағат сайын) іске қосылатынын жеткізді. Онсыз да дегбірі қашып, көңілі алаң ағайынға хабарландыруды дер кезінде жеткізудің де маңызы зор.

«Еліміздің өзге өңірлерінен де Төтен­ше жағдайлар министрлігінің қосымша күштері мен құралдарын тарту қарқынды жүргізіліп отыр. Қосым­ша қол күші учас­ке­лерге бөлініп, қар­қынды жұмыс атқа­рып жатыр. Өткен тәулікте Орал қала­сына іргелес Стено­вик бау-бақша серік­тес­­тігінде 4 адам құт­қарылды. 61 адам эва­­куациялан­ды. Өзге тұрғындар бұған де­йін қауіпсіз мекенге көшірілген еді.

1 497 адам уақытша орналастыру пунк­­­тін па­на­ласа, қалған тұрғындар қала­­­дағы туыстарының үйіне жіберілді. Сая­­жай­­дағы үйлерде аза­маттардың бар-жо­­ғы тексеріліп жатыр», деді А.Шәріп.

ТЖМ ресми өкілінің мәліме­тін­ше, апаттық құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 33 852 адам, 4973 техника, 874 су сору құралы, 389 жүзу құралы, 14 әуе кемесі жұмылдырылған.

Қисапсыз шығынның орны толады, су шайған үйдің орнына жаңа баспана бой көтереді. Қаңыраған қораға да төрт түлік қайта оралады. Ең бастысы, адам өміріне қауіп төнбеуі керек. Дейтұрғынмен тұрғындар арасында басын қатерге тігіп, ескертуге қарамастан саяжа­йын күзетпекке үйіне оралған азаматтар да анықталған. Орал қаласы маңындағы саяжайларда апаттық  құтқару жұмыстарына тікұшақ, 10 қайық, жеке құрамнан 230 адам тартылған.

 

Біраз аймақта жауын жауады

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қаз­гид­ромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова еліміздің басым аймағында атмосфералық қысым күшейіп, найзағай ойнап, жаңбыр жауатынын айтты. Жел күшейіп, оңтүстік өңірде дауыл соғуы мүмкін екенін ескертіп, солтүстік пен солтүстік батыс аймақта жауын-шашын болмайтынын жеткізді.

А.Исмағұлованың айтуынша, Батыс Қазақстан облысындағы өзендердің басым бөлігінде су тасқыны шегіне жеткен. Орал гидрологиялық бекетінде су деңгейі қауіпті шегінен асып тұр. Мұнда 23-26 сәуір арал­ығында жаңбыр жа­­­уып, ауа температурасы 4-9 градус­қа дейін төмендеуі мүмкін екенін мәлім­деді.

 

Сын сағатта көршінің де көңілі алаң

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ту тасқыны зардабына қатысты жолдаған Үндеуін­де кәсіпкерлерді халықтың жел жағына пана болып, қолдау көр­сетуге шақырды. Президенттің бұйымтайын қолдаған кәсіпкер Данияр Абулғазин су тасқынынан зардап шеккен Қостанай облысы­ның тұрғындарына баспана салу үшін 1,5 млрд теңге қаржы бөлді.

«Зардап шеккен тұрғындарға медеу болып көмек қолын созу – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Адамдардың қауіпсіз жерде бой көтеретін жаңа баспанасын салу шаруасын дереу бастаймыз. Мемлекет басшысының Үндеуіне орай бизнес өкілдерінің біріге қолдауы тасқын судың астында қалған аймақтарды қалпына келтіруге септігін тигізеді», деді Д.Абулғазин.

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көрші елдердің де гуманитарлық көмегі келіп жатыр. Бұған дейін көршіміз Қырғыз Республикасынан, Өзбек­станнан гуманитарлық көмек жеткізіліп, тиісті орындарға тара­тылған еді.

Қарағандыға Өзбекстаннан 15 жүк көлігімен гуманитарлық көмек жеткізілді. Көрші елден азық-түлік, киім-кешекке қоса  тұрмысқа қажетті құрал-сайман, 800-ге тарта үрлемелі қайық әкелінген. Мем­лекеттік бюджет есебінен бөлін­ген қаражатқа алынған гума­ни­тарлық көмектің барлығы дерлік өздерінің өнімі. Өзбекстан сыртқы істер министрінің орынбасары Бобур Усманов туысқан елге көмек қолын созу парыз екенін айтты.

Енді міне, Тәжікстан Респуб­ли­касынан 61 вагон гума­ни­тар­лық көмек Түркістан облысына жетті. Азық-түлік, киім-кешек және аса қажетті заттар тиелген жүк вагоны «Сарыағаш» теміржол стан­сасына тоқтады. Бұдан сырт 15 жүк көлігіне теңдей артылған көмек те дін аман діттеген жерге жеткізілген. Осылайша, Тәжік­стан Республикасынан 3 500 тонна гуманитарлық көмек жөнел­тілді.

Тәжікстанның Төтенше жағ­дайлар және азаматтық қорға­ныс комитетінің төрағасы Рустам Назарзода Қазақстан стра­те­гия­лық мүдделес мемлекет санала­тын­дық­тан қашанда қол ұшын созуға әзір екенін атап өтті. Тәжікстан мемлекетінде қандай мәселе туындаса, Қазақстан алдымен қолдау көрсетуге ұмтылатынын жеткізіп, мүдделес мемлекеттердің бір-біріне демеу болуы маңызды екеніне тоқталды.

Гуманитарлық көмекті қабыл­дап алған делегация атынан сөз сөйлеген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бауыр­лас елге қысылтаяң шақта сүйеу болғаны үшін алғысын айтты.

«Бұған дейін де Орталық Азия­дағы өзге елдерден де гумани­тар­лық көмек келген еді. Енді Тәжікстаннан құрылыс материалдары, азық-түлік, киім-кешек жеткізіліп отыр. Бұл үрдіс – екі елдің достығына сызат түспей беки беретінінің айғағы», деді Б.Тәжібаев.