Шаруашылық • 23 Сәуір, 2024

Қант қызылшасы тұқымынан үміт көп

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шетелден келетін қант қызыл­шасы сорттарынан отандық тұқым­дар­дың өнімділігі кем емес. Тек оны еліміз­де молынан шыға­ратын өндіріс орталықтары аз, тағы бір әттеген-айы фермерлер мұндай тұқымның бар екенін де бейхабар. Олқылық­тың орнын толтыру үшін облыс­тық ауыл шаруашылығы басқарма­сы жетісулық шаруаларға өзіміз­дің сортты ұсынды. Осылайша, көксу­лық шаруа қожалығының алқабына 4 түрлі дақыл егілді.

Қант қызылшасы тұқымынан үміт көп

Суреттерді түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ

Ауыл шаруашылығы саласының қазіргі ахуалы және даму жолы көптің талқысына түсіп отыр. Бүгінде аграрлық ғылымда не бар? Өндіріске енгізуге тұқым дайын ба? Ұлттық ғылым академиясы осы мәселені зерттеп жатыр. Сөйтсек, қазақ ғылымында жаңалық көп екен. Әйткенмен, ғылым мен өндіріс арасында байланыс жоқ. Осы ретте Жетісуда ғылым мен өндіріс ара-қатынасын нығайтуға бағытталған жоба қолға алынды. Ондағы мақсат – фермерлерге отандық тұқымның пайдасын түсіндіріп, өнім көлемін саралау. Сол үшін интенсивті технологияны қолданудың тәжірибе алаңы ретінде 28 гектарға әртүрлі дақыл себілді.

чс

Қолға алған жоспардың маңызын түсіндіру үшін Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының, егіншілікте қолданылатын биологиялық, химиялық қоспаларды және ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын компаниялар мен олардың дистрибьюторлық ұйымдарының өкілдері, жақын аудандарда тұратын шаруа қожалық­тарының жетекшілері «Кең дала» шаруа қо­жалығының базасына жиналды. Алқап­­қа әрқайсысы 7 гектардан 4 түрлі дақыл, атап айтсақ, қант қызылшасының, соя­ның, жүгері мен арпанның тұқымы егілді. Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәлі­метінше, қант қызылшасының тұқымы – ғылы­ми зерттеу институтының түрлі сортты будан­дастыру арқылы жасап шығарған тұқым­ның жаңа буыны. Институт ғылыми қыз­меткері Нұрсұлтан Мұсаходжаевтың айтуын­ша, тұқым елімізде жасалғандықтан елдің климаттық ерекшелігіне, топырақ құнары­ның деңгейіне бірден бейімделе алады.

«Тоқсан жылдық тарихы бар біздің институт соңғы бес жылда қызылша тұқымымен айналыса бастады. Шетелдік тұқым селекциясының бір күрделілігі – қызылшаның аталығы мен аналығын лайықты сәйкестендіру, сол арқылы әрі қарай көбейту біршама қиындық туғыза­ды. Біз аталығын Украинадан, аналығын Америкадан, бұнан соң Франциядан, осылай әр түрін әкеліп, стреске төзімді жетінші-сегізінші буынын шығардық. Кейін бұл төзімді тұқымды отандық аналық тұқыммен будандастырдық. Біз жасаған тұқым зиянкестерге, ауруларға қарсы препараттармен өңделген. Қазір елімізде қант қызылшасы тұқымының 95 пайызы шетелден әкелінеді. Отандық тұқымдарды неғұрлым сапалы жасап шығарсақ, соғұрлым шаруаға да, ел экономикасына да пайдалы», дейді Н.Мұсаходжаев.

Шынында ғалымдар шығарған сан алуан сорттар жергілікті шаруалардың қолына тимейді. Мәселен, былтыр отандық ғалымдар қызылшаның 7 жаңа сортын жасаған. Шетелдік нұсқадан еш кем емес, бағасы да арзан. Неге оны шаруалар білмейді? Ол үшін сортты көбейтетін орталықтар ауадай қажет.

«Бүгінгі себілген дақылдардың шығымы қандай болатынын жаз бойы бақылаймыз, нәтижесін салыстырып қараймыз. Қызыл­шаның отандық тұқымы мен қолданыл­ған препараттардың тиімділігін, ауыл шаруа­шылығы техникаларының артықшылығын шаруа­ларға іс жүзінде көрсетсек дейміз. Сол мақ­сатта шамамен шілде айында осы алқап­тың базасында тағы бір семинар жиынын өткізіп, жұмыс нәти­жесін бірге тал­қы­лаймыз. Жалпы, кез кел­ген дақылды өсір­генде ғылыми негізге сүйену керек. Сон­да ғана егін өнімді болады. Сон­дық­тан біздің басты мақсатымыз – ғылым мен өндірісті ұштастыру, интенсивті техно­­ло­гияны қолдану деңгейін арттыру, сол арқылы өнімділікке қол жеткізу, өнім­­нің өзіндік құнын төмендету, сөйтіп, ша­руа­шылықтардың табысын арттыруға қол жеткізу», дейді Ауыл шаруашылығы басқар­масының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Алқапта қант қызылшасының отандық тұқымы 2 гектарға, шетелдік тұқым 5 гек­тарға егілді. Алдағы уақытта бірдей күтіп-бапталып, кейін әр тұқымның өнімділігінің нәтижесі шығарылады.

 

Жетісу облысы