Қоғам • 23 Сәуір, 2024

Биыл 4 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

79 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері 4 351 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 132,7 мың этникалық қазақ оралды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Биыл 4 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Фото: stan.kz

2024 жылы Қазақстанға оралған қандастардың жартысы (51,1%) Қытайдан, 31,9% – Өзбекстаннан, 6,4% – Түрікменстаннан, 5,4% – Моңғолиядан, 3,7% – Ресейден және 1,5% басқа елдерден келген.

Осы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,7%-ды және зейнеткерлер 9,2%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,9%-ы жоғары білімді, 21,5%-ы орта кәсіби білімді, 55,5%-ы жалпы орта білімді, және 5,1%-ында білім жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

«Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1381 қандас қоныс аударды. Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде», делінген министрлік хабарламасында.

Жыл басынан бері 617 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 368 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.