Музей • 25 Сәуір, 2024

Қасымбек датқадан қалған дүние

50 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық өлкетану музейінің ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету және қазіргі заман тарихы бөлімінің меңгерушісі Жанар Үркімбаева әйгілі Қасымбек датқаның ұрпақтары бабадан мирас болып қалған асадалды музейге әкеп тапсырғанын айтты. Асадал дегеніміз, ағаштан жасалған тартпалары бар жиһаз. Онда негізінен ас пен ыдыс-аяқ сақталады. Асадалды кебеженің бір түрі деуге де болады.

Қасымбек датқадан қалған дүние

«Музейде 90 мыңға жуық экспонат бар. Негізгі мақсатымыз – солардың барлығын келешек ұрпаққа сақтап, сол арқылы тари­хымызды, салт-дәстүр, мә­дениетімізді таныту. Жуырда Қасымбек датқаның ұрпағы келіп, кезінде бабасы қолданған асадалды музейге сый ретінде тапсырып кетті. Кезінде атадан балаға мирас ретінде беріліп келген бұл жиһазды ол бабасының көзі болып музейде мәңгілік сақталсын деген ниетпен өткізіпті. Қолдан-қолға көшетін зат күндердің күнінде ескіріп, жоғалатыны белгілі. Сондықтан осының алдын алу үшін де ұрпақтары құнды дүниені музейге әкеп тапсырды. Ендігі жерде экспонатты қайтадан реставрация жасап, сынған, сыры кеткен жерлерін қайта қалпына келтіретін боламыз. Жаңғыртудан өткен соң әлі талай музейде өтетін тарихи, этнографиялық іс-шараларда бұл жәдігерді халыққа таныстырып насихаттаймыз. Құжатта бекітілгендей, жәдігерді әкеп тапсырған Қасымбек датқаның шөпшегі Жазылбек Оңласбеков дейтін азамат» деді музей өкілі Ж.Үркімбаева.

Жалпы мұражай іргетасы мегаполис еншісін алмай тұрып қаланғандықтан мұнда Шым­кентке де қатысты талай дүниені табуға болады. Сондықтан Шым­кент қаласы мен Түркістан облысы үшін бұл өлкетану музейі ортақ.

мси

Бүгінде Қасымбек датқа атында ауыл бар. Ол Сайрам ауданы Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты елді мекен. 2010 жылға дейін ол Көмешбұлақ деп аталып келді. Оның алдында кеңес өкіметі тұсында Советское ауылы болатын. Елді мекен атын ауыстыруға байланысты аудандық ономастикалық комиссия хатында Қасымбек датқаның өмірдерегі келтірілген. Онда былай делінеді: «Қасымбек Қожабекұлы 1838 жылы Сырдария губерниясы Көмешбұлақ болысында дүниеге келген. 9 жасында әкесі Қожабек Ташкендегі «Көкіл» медресесіне оқуға береді. Ол осы медреседе 4 жыл оқиды. Оқудан кейін еліне оралып, біраз жыл ауыл молдасы болады. Ол кезде бұл өңірді Қоқан хандығы билеп тұрған. Қасымбек бозбала шағында осы хандықтың қара қазаққа жасаған зорлығына шыдай алмай, оған қол жиып қарсы шығады. 17 жасында осы ісі үшін хан оны Қоқандағы зынданға жабады. Зынданда 3 ай жатады. Одан босанған соң айтқанынан қайтпай, хандыққа қарсы күресін жалғастыра береді. Күресті жүргізе отырып, әр жерде шашылып жүрген елдің басын қосып, Көмешбұлақ маңына жинап, ауыл етеді. Арыс өзенінен бері қарай «Шұбар даласы» арығын тарттырып, егін еккізеді. Осындай абыройынан сескенген хан оны өз жағына шығарып алу үшін датқа шенін береді. Бұл шенді Қасымбек 21 жасында иеленген. Қоқан хандығы құлаған кезінде ол орыстарға қарсы күресті. Орыстар да Қоқанның қулығын қайталап, оны болыс сайлайды. Осы болыстықты 1913 жылға, яғни өзі қайтыс болған кезге дейін алып жүрді. 1913 жылы орыс патшалығының шешімімен Романовтар әулетінің 300 жылдығына шақырылады. Қасымбек датқа туралы ел аузын­да айтылған әңгіме көп. Бір жылы өзінің 300 қойы, 50 қарасын жалаңаш кедейлерге таратып берген».

Қоқан хандығының шынын­да да жергілікті халыққа көрсет­кен зәбірі аз болмағанын белгі­лі әдебиетші ғалым Серік Қира­баев «Egemen Qazaqstan» газетіне жа­риялаған «Естемес би» атты мақаласында былай деп су­рет­тейді: «Қоқан хандығының билігі – оңтүстік қазақтарының отар­­шылдықта көрген қияна­ты­ның ең бір сорақы беттері. Адамды кісілік қасиеттерінен айыратын, азаматтың жазықсыз қанын төгетін, әйелдерге деген зорлықтың неше түрлі айуандық түрлерін қолданған, қолындағысын тартып алып, жалпы жұртты зар еңіреткен жендет тәртіп орнатқан бұл хандықтың сыры тарихтан белгілі».

Ал педагогика ғылымдарының докторы Бақтияр Сманов осы тақырып аясындағы еңбегінде датқа сөзінің мағынасын ашып көрсетеді. Датқа ханның жай ғана өкілі емес, биік мансап иесі. Оның ұлан-байтақ елі, қолында жеке мөрі бар, шексіз-шетсіз билігі болды. Тегінде датқа сөзі парсы тіліндегі тілек, әділдік иесі деген ұғымнан шыққан. Бұхара, Қоқан хандықтары кезе­ңінде хандық тарапынан биік лауазым, жоғары атақ ретінде берілген. Датқа елдің ішінен хан атына келіп түскен өтініш-тілектерді, арыз-шағымдарды қабылдап, оған ханның берген жауабын жұртшылыққа жеткізіп отырған. Қазақ қауымы арасынан датқа лауазымына ие бол­ған шымыр Байзақ, Төртбай, жаныс Шойбек, Момынбек, Қа­сымбек, қаңлы Әкімқұл төре, сиқым Құдайберген, Қасымбек, Батырбек, Қожабек, ысты Шоқай, қоңырат Сапақ, Қоныс, Мұсабек, Тұрлыбек, сіргелі Бекмұрат, По­шан, Көншім, жағалбайлы Шінет сынды қандастарымыздың есімдері тарихтан белгілі екенін айтады.

Қасымбек датқа туралы ел аузында қалған аңыз көп дедік. Соның бірін белгілі зерттеуші филология ғылымдарының кандидаты Ақжол Қалшабектің әкесі 85 жастағы Батыр қарияның өз аузынан жазып алдық.

Қасымбек датқаның заманында найманның бір жігіті бір қызға үйленеді. Сөйтсе ол да найманның қызы болып шығады. Содан қыздың туыстары ашуға басып жігітті жазаламақ болады. Жігіт қашып Қасымбек дат­қаны жағалапты. «Осындай жағдай болды, сізге жан сауғалап келдім» депті жігіт. «Олай болса бір мәнісі болар, мына жерден арық қаз да егініңді еге бер» депті датқа. Содан күндер өтіп, жігіт егінімен малды, бақуатты болып кетіпті. Сөйтіп жүргенде әлгінің үйленген келіншегі кенеттен өмірден озады. Бұл хабар датқаның құлағына жеткен соң жігітті еліне қайтарады. Алайда ол еліне қайтса, қыздың туыстары өш алатынын айтып жүрексінген сыңай танытады. Бұған датқа қасына адам қосып беретінін, өзінің атынан үшбу хат жолдайтынын айтады. Осылайша алдына малын салып еліне айдай жөнеледі. Барған бетте найманның биіне датқаның хатын ұсынады. Онда үш-ақ сөйлем жазылыпты: «Өлмеймін деген өледі екен. Көрмеймін деген көреді екен. Көнбеймін деген көнеді екен». Халық шуласып, даудырай бастағанда би оларды басып, «өлмеймін дегені әйелін айтқаны, көрмеймін дегені жігітті айтқаны, ал көнбеймін дегені бізді айтып отыр. Қой осымен көніп, дауды доғарайық» деп жігітті елімен жарастырыпты. Осы күнде сол жігіт қазған арық Найман арық болып жұрт аузында қалып қойыпты деседі.

 

ШЫМКЕНТ