Университет • 26 Сәуір, 2024

Зейнолла Сәнік атында баспагерлік орталық ашылды

48 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде «Қазақстандағы баспа ісі және Зейнолла Сәніктің баспагерлік, редакторлық қыры» тақырыбында республикалық конференция өтті.

Зейнолла Сәнік атында баспагерлік орталық ашылды

Конференция аясында «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» демеушілігімен Зейнолла Сәнік атындағы баспагерлік-редакторлық орталық ашылды.

Жазушы, фольклоршы, баспагер, этнограф, аудармашы Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұрасын зерттеу мен насихаттауға арналған алқалы жиынды факультет деканы Темірғали Көпбаев жүргізді.

Ұшан-теңіз мұрасы оқырманға жол тапқан қаламгердің өмірі мен шығармашылығы хақында ой толғаған ректордың ғылыми-инновациялық жөніндегі проректоры Жамила Айтжанова: «Зейнолла Сәнік – қазақты сүюдің жарқын үлгісін көрсеткен тұлға. Бүгінде жазушы еңбектерінің ғылыми айналымға енуі студенттер мен зерттеушілер үшін көптеген деректерді ашуға мүмкіндік береді.  Қара шаңырақта жазушы атындағы қордың демеушілігімен орталықтың ашылуы студенттердің заманауи технологияларды, баспа ісіндегі жаңа әдістерді игеруге  ықпал ететін болады», деп атап өтті.

г

Жиын барысында замануи жабдықталған орталықтың ашылуына қолдау көрсеткен отбасына – жазушының жұбайы Шәмшібану Хамзақызына, ұлы Қанат Зейнолаұлына университет басшылығы алғыс айтып,  құрмет көрсетті.

«Ғұлама жазушы Зейнолла Сәніктің Қытай елінен әкелген этнографиялық дүниелері, әпсаналары, ойлары, аударған шығармалары, төл еңбектері қазақ руханиятының байлығына айналды. Қазақтың маңдайалды Қабдеш Жұмаділов, Жағда Бабалықұлы, Дәнеш Рақышевтай тұлғалары алпауыт елдің жетегінде кетпей, жинақтап елге алып келген бай мұрасын қазақтың иглігіне пайдалануға табыс етті. Мұраға қалдырды. Қаламгердің шығармашылық қорындағы құнды еңбектері өскелең ұрпақтың ұлттық мұраларымызға қанығып өсуіне ықпал етіп, өркениетімізге әлі де талай жылдар азық болатыны анық», деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.

Алқалы жиын ары қарай ақын Ұлықбек Есдәулет, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, тағы да басқа зиялы қауым өкілдерінің өзекжарды пікірлерімен жалғасын тауып, жазушының  шығармаларындағы көркемдік ізденістер туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжаһан Орда, филология ғылымдарының кандидаты Дүйсенгүл Жахан баяндама жасады.  Жазушының шығармашылық  мұрасы, баспагерлік қыры, редакторлық шеберлігі туралы ой бөлісе келіп,  жиынға қатысушылар ұлттық баспа ісінің дамуы, электронды кітап нарығындағы өзекті мәселелерді де ортаға салды.

Осы орайда еліміздегі баспа ісі, редакторлықты шебер меңгерген қаламгердің рухани мұрасын насихаттауда атқарылып жатқан игі істермен бөліскен «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының»  төрағасы, ақын Серік Қалиев: «Жазушы, баспагер Зейнолла Сәнік қырық жылдан астам уақытын ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ел ішіндегі фольклорды жинап, оны баспада кітап етіп шығаруға арнады. Шетелдегі қандастырымыз арасында ақын-жазушылар көп болғанымен, редактор-баспагер болған тұлғалар некен-саяқ. Сондықтан да қаламгердің қашанда баспагерлік, редакторлық қыры айшықталып, тұлғасын биіктетіп тұратын. Шетелдегі қазақ баспа ісінің дамуына, дер кезінде құнды дүниелердің кітап болып жарыққа шығуына ұшан-теңіз сіңірген еңбегі соның айғағы», деп атап өтті.

ш

Тарихи отанына 2000 жылдары оралған жазушы Зейнолла Сәнік өмірінің соңына дейін қаламгерлікті қару етіп, зерттеулермен, баспагерлік іспен айналысты. Зерттеушілер бүгінде тұлға мұрасын жазушылық, зерттеушілік тұрғыдан қарастыра келіп, баспагерлік, аудармашылықтағы еңбектерінің ғылыми негізіне зер салып келеді.  

1935 жылы  Тарбағатай аймағына қарасты Шағантоғай ауданында дүниеге келген қаламгер орта мектепті бітіргеннен кейін 1953-1958 жылдары Бейжіңде Коммунистік жастар одағы орталық комитетінің мектебінде тәлім алып, жастар одағында еңбек етті. Өмірінің сегіз жылын  «халық жауы» қамытын арқалай жүріп өткізген жазушы Үрімжідегі «Жастар баспасында», «Халық баспасында», «Шыңжаң жастар өрендер» баспаларында редакторлық, аға редакторлық қызметтерін руханиятқа, жастар бойында құндылықтарды дәріптеуге бағыттады. Қазақтар көп қоныстанған аудандарға шығып, дастандар, шежірелер, батырлар туралы аңыздарды, жыраулардың шығармаларын жинап, жазып алып,  аударған еңбектері Қытайдағы талай қазақ баласының рухани азығына айналды.  1978 жылы ақталғаннан кейін баспа ісін қатар ала жүріп, екі томдық «Қазақ балалар» ертегісін жазды. Бүгінде қаламгер қаламынан шыққан «Тау жұлдызы», «Қаракерей Қабанбай», «Қазақ этнографиясы», «Қазақтың тұрмыс-салт білімдері», «Дала мәдениеті туралы толғаныстар», «Табиғат тәлімі», «Хан батыр Қабанбай», «Қайрақбай», «Басбай», «Сергелдең», «Із», «Тұғырыл хан – Демежан батыр», «Сүлеймен би», сондай-ақ 15 томдық шығармалар жинағы ұлттық әдебиет қорының мазмұнын байытып тұрғаны анық.

Іс-шара аясында студенттер арасында ұйымдастырылған байқау қорытындысы жарияланып, «Үздік баспасөз жарияланымы», «Үздік ғылыми жұмыс», «Дизайн өнерінің үздік туындысы» аталымы бойынша 20-дан астам студент Зейнолла Сәнік атындағы арнайы шәкіртақының иегері атанды.

Жиын соңында жазушының шығармашылығына арналған  «Өмірінен үзік сырлар» кітап және фотосуреттер көрмесі өтті.

ш

 

 

АЛМАТЫ