Аймақтар • 29 Сәуір, 2024

Қарағанды облысында мыңнан аса ағаш егілді

42 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Майқұдықтағы саябаққа 1 100 ағаш егілді. Бұдан бөлек бұл демалыс орнында алма, шетен, мамыргүл, мойыл, қараған, қарағай, терек, ұсақ жапырақты қарағаш өседі. Аталған аумақты абаттандыруға жергілікті тұрғындар, мемлекеттік қызметкерлер, шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.

Қарағанды облысында мыңнан аса ағаш егілді

Ағаш егуге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та қатысты.

«Президенттің бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Бұл бір күндік акция емес, ол ұзақ мерзімге созылмақ. Облысымыздың тұрғындары аумақтарды тазалауға, көгалдандыруға белсенді қатысып жатыр. Аймақтағы барлық аудан мен қалада ағаш егіліп жатыр. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Тек Қарағанды бойынша 90 мыңнан астам ағаш егіледі. Кирзавод ауданында орман алқабын қалпына келтіру жоспарланған. Белсенділік танытқандарыңыз үшін рахмет», деп өңір басшысы тұрғындарға алғысын білдірді.

Игі іске Әлихан Бөкейхан ауданы мектептерінің директорлары да өз үлесін қосты.

«Көктемнің басталуымен бізде қала мен облыс бойынша әрдайым сенбіліктер өтеді. Біз бұл іс-шаралардан шетте қалмаймыз. Бүгін біз директорлар корпусымен саябақта ағаш егеміз, ал ата-аналар қауымы, мұғалімдер мен оқушылар мектеп аумағын көгалдандырумен айналысады. Барлық ағаш тамыр жайып, қаламыздың тұрғындарын қуантады деп үміттенеміз», деді №85 мектеп директоры Салтанат Тұрсынова.

Үлкендермен бірге балалар да ағаш екті.

«Мен біздің саябақтың таза, жақсы және әдемі болғанын қалаймын. Ағаммен бірге келдім. Үлкендерге көмектестім, көшеттер еккен шұңқырларға топырақ салып отырдым. Өзім бір ағаш ектім. Енді саябаққа жиі барып, оның қалай өсіп жатқанын бақылап тұрамын», дейді 7 жастағы Арсений Оберт.

Қ.Ғалым.

Осы жылдың көктемінде Әлихан Бөкейхан ауданына 10 мыңнан астам түрлі ағаш егіледі.

Сондай-ақ Қарағандыда әуежай ауданында 1 000 терек егілді.

Акцияға 300-ден астам адам – әкімдік өкілдері, депутаттар, экологиялық қозғалыс еріктілері, Қарағанды университетінің студенттері, Қарағанды академиясының курсанттары қатысты.

Ағаш егу науқаны «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өтті. Алдағы уақытта көшеттерге күтім жасалады.

 

 

Қарағанды облысы