Халық • 30 Сәуір, 2024

Құлсарыға гуманитарлық көмек жөнелтті

47 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Табиғи апатқа тап болған бұқараға қолұшын беріп жатқандар жетіп артылады. Қарағанды облысының да жер-жерінен гуманитарлық көмек жөнелтіліп жатыр. Су құрсауына тап болған Құлсарыдағы халыққа жақында балқаштықтар азық-түлік, қажетті жабдықтар артылған алты жүк көлігін жіберді.

Құлсарыға гуманитарлық көмек жөнелтті

Балқаштан жолдаған гуманитарлық көмекте азық-түліктер, күрек, қажетті құрал-саймандар, кілем, төсек-орындар мен жеке гигиеналық заттар, өзге де қажетті заттар қамтылған.

– Біз баспанасынан айырылып, көңіліне қаяу түскен бұқараның жағдайымен таныспыз. Қазір көптеген өңірде су тасқыны жүріп, адамдар зардап шегіп жатыр. Осыны естіп, көріп отырған Балқаш көлі жағасын жайлаған Шашубай, Ақжайдақ, Дересін сияқты ауылдардың халқы үнсіз қалмады. Мен бастама көтерген күннен жергілікті белсенді Ғабит, Құрмаш, қаладағы жүк тасымалымен айналысатын «Газель» көлігін жүргізетін жігіттер қолдау танытып, қаражат жинауды бастады. Халықтан 5 млн теңге қаржы жиналды. 4 млн теңгеге керек заттар алынды. 1 млн теңге жол шығынына қарастырылды. Балқаш қаласының әкімдігі де жол шы­ғы­ны­на 1 млн теңге қаржы бөлді. Басты мақсатымыз – халықтың аманатын Құл­са­рыға жеткізу, – дейді белсенді топтың жетекшісі Біржан Мақсұт.

Қоғам белсендісі Ғабит Жақыпов құтқарушыларға үрмелі қайық, суда киетін етік пен арнайы киімдер, су сор­ғы­затын құрылғылар, бөгет жасауға ар­нал­ған қаптарды көптеп алғандарын жет­кізді.

– Құлсарыдағы зардап шеккен халық­қа көмек ретінде алты «Газель» жүкті аман-есен жеткізіп бердік. Осы орайда барлық жанашыр тұрғынға алғысымды білдіргім келеді. Қала әкімі Сапар Сатаев бастаған қала әкімдігінің маман­дарына, қайырымдылық іспен ай­налы­сып жүретін Анар Адамбековаға, кәсіпкерлерге, қолұшын берген өзге де этнос өкілдеріне, тіпті игі істен қалыс қалмаған студент жастарға дән ризамын. Біржан Мақсұт есімді жақсылыққа жаршы болған бауырымызға, оны қолдаған барша азаматқа ризашылығымыз шексіз. Ербол, Ғазиз, Құрмаш, Амандық есімді арда азаматтар құрбандық шалып, елдің амандығын тілеп, құран оқытып, Құлсарыға жолға шығатын адамдарға ас берді. Жақсылық жасап жарысқан жұртты көргенде, бірлігіміздің бекем екеніне көзіміз жетті. Құлсарыдағы ел-жұртқа барынша басу айтып, бірге екенімізді жеткіздік. Олар да алғысын жаудырып жатыр, – дейді Ғабит Жақып.

Балқаш қаласынан Құлсарыға бағыт алған қайырымдылық керуеніне тұрғын­дар әлі де қаржы аударып жатыр. Бал­қаш өңірінің жанашыр азаматтары мен ерік­тілері түскен қаржыны арнайы ашыл­ған есепшоттарға аударады.

 

Балқаш қаласы