Аймақтар • 30 Сәуір, 2024

Кіршіксіз көңілдің тазалығы

35 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс орталығының солтүстік баты­сында «Жеңіс» паркі бар. «Таза Қазақстан» экологиялық акция­сы осы паркте айрықша болды. Өйткені мұнда жастармен қатар жастары кем дегенде 70-80-ге келген қариялар қолына еңбек қа­ру­ларын ұстап, тазалық науқанына өз үлестерін қосты.

Кіршіксіз көңілдің тазалығы

«Көптен қолыма күрек ұстамап едім, тосырқап қалыппын. Осы күректі өмір бойы ұстап не қазбаған едік, енді, міне, аз ғана ұстағанның өзінде сабы қолды күл­діретіп кетті. Осындай сенбіліктер жиірек бо­лып тұрса ғой, бел жазуға да, күректі жиі ұс­тауға да жақсы болар еді», деп күледі ағаш отыр­­ғызуға жер қазысқан, қалаға кө­шіп келгеніне 10 жылдай болған Ақымбет ақсақал.

Бұл парктің өзі ерекше. Мұнда шулы музыка, балалардың аттракциондары жоқ, кең жолақты жолдармен еркін тыныс­тап, қыдырып жүруге болатын жайлы, тыныш мекен. Нағыз қарттар мен жарым көңілді жандардың тыныстауына қолайлы орын. Өзі Есілдің биік жарқабағында, ішіндегі ағаштарымен бірге өзен жақтан таза судың иісі де аңқып тұрады.

ва

Алайда сенбілікке қарттар ғана емес, мем­лекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала қыз­меткерлері де, жастар мен қоғамдық ұйым­дар өкілдері де көп келген екен. Жастар болған соң әсем музыка үндері де жұмыс істеп жатқандардың көңілін көтере түскен. Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы осы күні Петропавлда бір­неше тонна қоқыс шығарылып, 500-дей ағаш өскіні отырғызылғанын айтты. Ал облыс бо­йынша 20 мың ағаш көшеті отыр­ғызылыпты.

Мұның өзі Қызылжар өңіріне тағы бір жасыл орман келді деген сөз ғой. Кеше ғана тасқынның суынан үрпиісіп, алаңдап қалған жарым көңіл қызылжарлықтар «Таза Қазақстан» акциясын қуана қарсы алғандай болды. Жүздері жарқын, дауыс­тары ашық. Сенбілік жаңа өмір, жас өмірмен байланыстырылғандай. Тіпті күннің сәл салқын, қоңыржай болғанына да ешкім қарап жатқан жоқ, көңілді күйді өздері тудырып жатыр.

«Біз «Таза Қазақстан» акциясының шеңберін «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу» акциясымен толықтырып отырмыз. Бүгін Петропавл қаласы мен аудан­дарды қосқанда барлығы 20 мың түп көшет отырғызуды жоспарладық. Ағаш­тардың өзі әртүрлі, олардың арасында өте сирек кездесетін хош иісті ағаштар да болады. Әрине, көбі – біздің сүйікті ақ қайыңдарымыз. Петропавл қаласының өзінде ғана бұл жұмысқа 1,5 мың адам өз еріктерімен шықты. Президент Қ.Тоқаев 2 млрд түп ағаш көшетін отырғызу туралы тапсырма берген еді. Сол тапсырманы іске асыру аясында біз жылдың аяғына дейін 38 млн түп ағаш егуді жоспарладық», дейді облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов.

Ал Қызылжардың түбіндегі Қызылжар ауданында «Таза Қазақстан» акциясына 600-ден аса адам қатысты. Тасқын судан ең көп зардап шеккен қамкөңіл ауданның өзі бүкілелдік акцияға тартынбай қатысқан. Бұл тіпті қызылжарлықтың жыл басынан бері шыққан екінші сенбілігі екен. «Таза Қазақстан» акциясына облыстық барлық аудандары да үн қосып, сенбілікке шықты.