Тарих • 01 Мамыр, 2024

Батпаққара көтерілісінің ақиқаты

65 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Батпаққара көтерілісінің 95 жылдығына орай, Қостанайда «Қазақстан­дағы 1929-1931 жылдардағы көтерілістер: зерттелуі және тың деректер» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған ғылыми жиынға белгілі тарихшы, академик Хангелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докто­ры, ­профессор Әлима Ауанасова, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген мем­ле­кет­тік музей қызметкерлері, ғалымдар, өлкетанушылар қатысты.

Батпаққара көтерілісінің ақиқаты

Конференция барысында өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қазақ­стан­ды шарпыған күштеп ұжымдастыру науқанының салдары, жер-жерде бой көтерген шаруалар толқуының себептері, зардаптары мен тарихи маңызы жөнінде жүргізілген ғылыми ізденістердің мән-маңызы таразыланып, бұл мәселеде әлі де ескерілмей жатқан дүниелер бар екені айтылды.

Мысалы, академик Хангелді Әбжанов 1929-1931 жылдары Қазақстанда орын ал­ған халық көтерілістерінің күні бүгінге де­йін­ саяси, ғылыми, теориялық тұрғыдан дұ­­рыс бағаланбай келе жатқанын алға тарт­ты.

«Жинақтай айтар болсақ, олар мәнді белгілері бойынша, біріншіден, нағыз Азамат соғысы. Ресми билік пен мемлекет құраушы ұлттың арасында аса күрделі қайшылық орнығып, оларды қарулы күреспен тезге салуға тура келді. Екіншіден, қолына қару алған халық жер, билік, саясат мәселелерін ұлттық мүдде тұрғысынан шешуді талап етті. Отар елдегі ұлт-азаттық қозғалысы дегеніміз – осы. Мұндай көтерілістер республиканың барлық аймағын қамтыды. Оны басуға идеологиялық ресурстармен қатар кеңестік күштік құрылымдар, тіпті қарулы күштер тартылды, әскери операциялар жүзеге асырылды. Қозғалыстың барысын Кремль көсемдері жіті қадағалап отырды. Ұзақ-мерзімді болжамдарын құрды. Екі жақтан да от қаруы қолданылғандықтан адам шығыны орын алды. Жеңген жақ жеңілгендерге қарсы жаппай қуғын-сүргін ұйымдастырды. Сол тұста жазалау шаралары кеңінен қолданылса, тыныштық орнаған соң тарих тағы­лымын егжей-тегжейлі талдаудың орнына өктемдікпен, тыйым салумен ақиқатты айтқызбады. Аласапыран жылдарғы құжаттар күні бүгінге дейін толық құпиясыздандырылмай жатыр. Тоталитарлық жүйенің әділетсіздігіне қарулы қарсылық көрсеткендердің тағдыры тіпті тәуелсіздік тұсында да ақтаңдақтардан арылмады. 1993 жылы сол кездегі саяси ұстанымға сәйкес, қолына қару алып, кеңес өкіметіне қарсы шыққандар ақтауға жатпайтыны атап көрсетілді. Бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы тарихи ақиқатты қалпына келтіруге қадам жасап, жазықсық жазаланғандар толық ақталсын деді. Бүгінгі конференциямыз сол қадамның заңды жалғасы», деді академик.

ва

Ғалым бұған дейін құпия сақталып келген бірсыпыра архив құжаттарының дерегін баян етті. Айтуынша, Батпаққара көтерілісі 1929 жылғы 2 қарашада басталған. Көтеріліске сол кезеңде белең ала бастаған кәмпеске, зорлықпен ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, пікір алуандығын жою, дінге қысым, қызыл террорға жол беру сияқты солақай жағдайлар себеп болған.

«Сары-боз» атауымен құрылған көте­ріліс­шілер әскері Батпаққара ауданы­ның орталығы Батпаққара ауылын басып алып, жергілікті билік басшыларын тұтқындады, түрмеде отырған байларды босатты, кооперацияны талқандап, мемлекеттік мекеме ғимараттарындағы қағаздарды жойды. Іле-шала жиналыс өткізіп, ауылдық кеңес орнына ауылдық ақсақалдар үштігін қояды. Хан сайлау мәселесі қаралды. Тұрақты әскер құру туралы мәселе көтерілді. Идеологиялық жұмысқа да үлкен мән берілген. Көтеріліс ұзаққа созылмады. Тағдыранықтағыш белсенді фазасы 2-3 күнді ғана қамтыды. Оған 500-ге жуық адам қатысты. Басым бөлігі большевиктер айтқандай байлар мен қанаушылар емес, кедейлер мен батырақтар еді. 9 қараша күні Батпаққара ауылында кеңестік билік қайта орнады. Есесіне кеңестік жаппай жазалау мен қуғын-сүргін бірнеше жылға созылды. Оқиғаның ізі суымай жатып, Қылмыстық кодекстің 128 және 129-баптарына сәйкес 122 адамға қылмыстық іс ашылды. Олар Батпаққара, Торғай, Наурызым ауданының тұрғындары еді. Бірен-сараны Меңдіқара, Қарсақ­пай ауданынан болып шықты», дейді Хан­гелді Махмұтұлы.

1929 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ­стан ОГПУ-дың жедел өкілі Сагитов де­геннің даярлаған құжаты негізінде 73 адам Батпаққара, Наурызым, Тор­ғай көтерілістерінің басшылары және қатысушылары деген айыппен тұт­қынға алынған. Бұлардың арасында Аман­қарағай, Атбасар аудандарының, Қоста­най қаласының азаматтары кездеседі.

Алғашқы тізімдегі 122 адамның бәрі қазақ ұлтынан болса, екінші тізімдегі 73 адамның біреуі – Семиозерный поселкесінің 73 жастағы тұрғыны Алек­сандр Нестерович Соловьев деген орыс, төртеуі татар ұлтынан екен. Төртеуі де – Қостанай қаласының тұрғындары.

Ғалымның айтуынша, Батпаққара көтерілісінде үкімет қызметкерлері тарапынан адам шығыны болмаған. Соған қарамастан көтерілісшілерге қарсы қуғын-сүргін, жазалау, тұтқындау шұғыл қолға алынған және ол ұзаққа созылып, асқан қатыгездікпен жүзеге асырылған. Тіпті Қостанайда Батпаққара көтерілісін соттан тыс қарайтын Үштік құрылған. Желтоқсан айында қолға түскен көтерілісшілерді ату туралы Үштіктің үкімі қабылдана бастайды. Осылайша, 1930 жылғы қаңтардың 12-сінен 19 мамырға дейін 19 адам атылған.

Хангелді Махмұтұлының дерегін­ше, 1930 жылдың мамыр айына дейін Бат­пақ­қара ісі бойынша 200-ге жуық адам жауапқа тартылған. 1930 жылдың 15 желтоқсанында Батпаққара ауданының №5, 6, 8-12 ауылдарының 52 азаматына айыптау қорытындысы шығарылады. 1931 жылғы 6 қаңтарда Занге Төлеп­баев, Асан Байжанов, Бірімжан Сари­­ков, Мұқыш Нұрмағанбетов, Сыздық Сатанов, Сүлекей Сейдахметов, Сейтім Тұяқов сынды 7 азамат атылады.

Тіпті Батпаққара көтерілісіне мүлде қатысы жоқ жандар да қуғын-сүргінге ұшырап, көтерілісті дайындаушы, алашордашыл деген айып тағылған. ­27 мамырда Үштіктің шешіміне сәйкес Құрманқұл Сұлтанов, Жартыбай Беспаев, Дәулетқали Тәнікенов, Бай­қадам Қаралдин, Мырза Сатыбалдин, Мадиярхан Алтыбаев есімді азаматтар атылып кете барған.

«Ақиқатына келгенде, Мырза Са­ты­­балдин, Файзолла Сатыбалдин, Мұ­қан Байғожин, Байқадам Қаралдин кө­те­ріліске дейін, 1929 жылдың басында тұтқындалған болатын. 5 жылға сотталған Ахметхан Ғаббасовтың бар кінәсі – Мурзин деген азаматқа үйінде пәтер жалдап тұруға рұқсат бергені. Шөптібай Баймұратов та көтеріліс күндерінде басқа бір іске байланысты қамауда отырыпты. Жеке басқа табынуды сынаған тұста жүргізілген тексеру барысында Нұрман Қазовтың көтеріліске қатысы жоғы анықталды. Басқа да заңсыз­дықтар жетіп жатыр. Оның ызғары көтерілісшілерге ғана емес, ұрпақтарына ауыр тиді. Кеңес одағы ыдырағанша, бұларға сенімсіздікпен қарады, жауапты қызметтерге жіберілмеді, жеңілдіктер берілмеді. Батпаққара көтерілісі халқы­мыз­дың санасы мен жүрегіндегі Сырым, Исатай мен Махамбет, Кенесары мен Амангелді рухы өлмегенін паш етті. Орталықтың отарлық пиғылын әшке­релеп, социалистік идеяға сенімді шат­қаяқ­татты. Екінші Азамат соғысын баст­ап берген бұл сілкініс елім деген ерлердің жаңа толқынын тарих сахнасына шығарды», дейді академик.

Ғалымның пікірінше, қасіретті тарих қайталанбауы үшін алдағы уақытта жаппай қуғын-сүргін мен ашаршылық тарихына өркениетті мемлекеттердегідей кешенді саяси-құқықтық баға, анықтама беру қажет.

«Мұның құжаттық негізі қаланған:  Қазақстан Президентінің бастамасымен қуғын-сүргін бойынша құжаттар жинағының 72 томы, Парламенттің қолдауымен ашаршылық жайлы 10 том жарық көрді. Бұл іске әр облыс өз үлесін қосты. Екін­ші­ден, тоталитаризмнің қылмысын әш­керелейтін архив құ­жат­тары кеңес жыл­дарында қалай болса солай сақ­та­лып келгендіктен, бүгінгі халі – апаттық жағ­дайда. Тез арада реставрациялануы әрі сандық фор­матқа көшірілуі керек. Айырылып қалу қар­саңында тұр­мыз. Үшіншіден, үш мега­полис пен облыс орталықтарында ста­линизм жыл­дарындағы НКВД ғима­рат­тары қуғын-сүр­гін музейлеріне айнал­дырылғаны жөн. Олар тарихпен тәрбиелеудің ошағына айналатын уақыт келді. Төртіншіден, бұқа­ра­лық ақпарат құралдары соңғы 2-3 жыл ішін­де Қазақстанда 300 мыңнан аса адам­ ақталды деген мәлімет жа­рия­ла­ды. Осы­ларға арналған «Азалы кітап» жа­р­ия­­­л­анғаны дұрыс», дейді академик Х.Әбжанов.

Конференция барысында 1930-1931 жылдары Батыс Қазақстан облысында күштеп ұжымдастыруға қарсы бағыт­тал­ған қарулы көтерілістер, соның ішінде Жаңақала және Ілбішін көтерілісі туралы да сөз болып, өткен ғасыр­дың­ 1920-1931 жылдары Қазақстан­ның сол­түстік өңірлерін шарпыған күштеп ұжым­дастыру, кулак­тар­дың көзін жою науқаны жөнінде тың мағ­лұматтар ­айтылды.

Ғылыми жиын аясында музей қыз­мет­­керлері дайындаған «Батпаққара кө­те­­рі­лісіне – 95 жыл» атты көрме ашылды.

 

Қостанай облысы