Аймақтар • 30 Сәуір, 2024

«Возрождения» балалы үйге пәтер сыйлады

164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тасқын судың зардабын жою іс-шаралары аясында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету ісіне жекелеген кәсіпкерлердің де атсалысып жатқаны қуантады. Мысалы, Қостанай облысының Қызылжұлдыз аулындағы баспанасы суға кеткен көпбалалы отбасына жергілікті кәсіпкер, «Возрождения» неміс этно-мәдени орталығының басшысы Сергей Блок үш бөлмелі пәтер алып берді.

«Возрождения» балалы үйге пәтер сыйлады

Көпбалалы ана Мәдина Әбілға­зиеваны осыдан екі-үш жыл бұ­рын Қызылжұлдыз аулының тұр­ғын­дары бала саны толмай жат­қан жергілікті мектепті сақтап қалу үшін арнайы шақыртып алған. Бола­шағы бұлыңғырлау болып, жа­былып қалайын деп тұрған біл­ім ошағына Мәдинаның өзі мұғал­ім, жолдасы от жағушы болып орналасады. Бұған қоса төрт баласы бірдей осы мектептің оқушысы атанып, сиреп қалған балалардың қатарын көбейтеді. Жаңа орынға біржола тұрақтап қалуды ұйғарған көпбалалы отбасы ауылдың байырғы тұрғынынан 300 мың теңгеге үй сатып алады. Бірақ оны заңдастырмаған. Сол үйі суға кеткен Мәдина амалсыз Арқалық қаласындағы қоғамдық штабқа келіп жүгінеді. Штаб атқарып жатқан сан-салалы жұмыстың бір бағыты да осы: Мәдина секілді не үйі, не құжаты жоқ тұрғындардың қамымен заңгерлермен, қайырым­ды кәсіпкерлермен сөйлесіп, мұқ­таж болып қалған отбасыларды тығырықтан шығаратын жол іздейді.

Неміс ұлттық орталығының басшысы, кәсіпкер Сергей Блок та Мәдинаның отбасындағы жағдайды өңірлік штаб арқылы естіп білген. Атымтай жомарт кәсіпкер көп ойланбастан көпбалалы отбасымен кездесіп, Арқалық қаласынан үш бөлмелі жайлы пәтер сатып әперді.

«Жағдайымызды айтып, алдарына барғанда меселімізді қай­тар­маған, жан-жақты нақты көмек беріп жатқан облыс, қала басшы­лығына, қайырымын тигізіп, осындай кең үйді алып беріп жатқан Сергей Ивановичке зор алғысымды білдіремін», дейді бес баланың анасы М.Әбілғазиева.

 

Қостанай облысы