Сенат • 02 Мамыр, 2024

Сенатор төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын ұсынды

51 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жергілікті әкімдіктер тасқын суға дұрыс дайындала алмады. Су тасқыны, жаңбыр мен еріген қар суынан инженерлік қорғау шараларын өткізуде салғырттыққа жол берілді. Сондықтан тасқын суды болдырмауға немесе қаупін азайтуға мүмкіндік болмады. Бұл туралы мәселе қозғаған сенатор Андрей Лукин өзінің депутаттық сауалында төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатор төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын ұсынды

Фото: senate.parlam.kz

«Су тасуына негізгі факторлар да ықпал етті. Оған қардың уақтылы шығарылмауы, айналма арналар мен бөгеттердің жеткілікті салынбауы, гидротехникалық құрылыстар жағдайының әлсіздігі, олардың гидрология мен судан қорғауды есептемей салынуы, су өткізу құрылыстарының тазаланбауы, жаңбыр кәрізі мен арық желісінің болмауы және т.б. жатады. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, өрт және өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтық қорғаныс шараларын ұйымдастыру мен жүргізу, дағдарыс жағдайларын басқару сияқты қызметтің негізгі бағыттары бойынша төтенше жағдай қызметінде ақпараттық-коммуникациялық технологияны тиімді пайдалану қажет болып отыр», деді депутат.

Андрей Лукин Үкіметке Төтенше жағдайлар министрлігінің байланыс жүйесін дамыту мен жұмыс істеудің бірыңғай техникалық саясатының негізгі бағыттарын әзірлеуді ұсынды. Сенатор сондай-ақ қазіргі заманғы ақпараттық инфрақұрылымды қалыптастырудың маңызын және соның негізінде төтенше жағдай туындаған кезде алдын алу, болжау, күштер мен құралдарды басқару жөніндегі жұмыстарды жүргізу қажеттігін атап өтті.

«Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар министрлігіндегі ақпараттық инфрақұрылымның жай-күйі өзекті мәселелерді шешу жөнінде түбегейлі шаралар қабылдауды талап етеді. Біріншіден, аталған министрлік қызметінде прогрессивті және қажетті технологияның болмауы. Екіншіден, байланыс құралдары, өтініштерді тіркеу құралдары, сондай-ақ күштер мен құралдарды басқару саласында бірыңғай саясаттың болмауы. Осыған байланысты мәселелерді шешу үшін байланыс жүйелерін, ақпараттық жүйелерді бірыңғайлау, сондай-ақ қаржыландыруды талап ететін біркелкі ақпараттық платформаны енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады», деді сенатор.