Талбесік • 02 Мамыр, 2024

Мыңнан аса ағаш егілді

45 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Майқұдықтағы саябаққа 1 100 ағаш егілді. Бұған қоса бұл демалыс орнында алма, шетен, мамыргүл, мойыл, қараған, қарағай, терек, ұсақ жапырақты қарағаш өседі. Аталған аумақты абаттандыруға жергілікті тұрғындар, мемлекеттік қызметкерлер, экоеріктілер, бизнес өкілдері қатысты.

Мыңнан аса ағаш егілді

Ағаш егуге облыс әкімі Ермағанбет Бөле­кпаев та қатысты.

– Президенттің бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Бұл бір күндік акция емес, ұзақ мерзімге созылмақ. Облысымыздың тұрғындары аумақ­тарды тазалауға, көгал­дандыруға бел­сенді қатысып жатыр. Аймақ­тағы барлық аудан мен қалада ағаш егіліп жатыр. Мұндай жұмыс әлі де жалғасады. Қарағандының өзінде 90 мыңнан аса ағаш егіледі. Кирзавод ауданында орман алқабын қалпына келтіру жоспарланған. Белсенділік танытқандарыңыз үшін баршаңызға рахмет, – деді өңір басшысы.

Игілікті іске Әлихан Бөкейхан ауданы мек­тептерінің директорлары да өз үлесін қосты.

– Көктемнің басталуымен бізде әрдайым сенбілік өтеді. Біз мұндай іс-шаралардан шет қалмаймыз. Біз директорлар корпусымен саябақта ағаш ектік. Ал ата-аналар қауымы, мұғалімдер мен оқушылар мектеп аумағын көгалдандырумен айналысады. Барлық ағаш тамыр жайып, қала тұрғындарын қуантады деп үміттенеміз, – дейді №85 мектеп директоры Салтанат Тұрсынова.

Үлкендермен бірге балалар да ағаш егіп, сенбілікке қатысты.

– Біздің саябақтың таза, жақсы және әдемі болғанын қалаймын. Ағаммен бірге келдім. Үлкендерге көмектестім, көшеттер еккен шұңқырларға топырақ салып отырдым. Өзім бір ағаш ектім. Мен саябаққа жиі барып, оның қалай өсіп жатқанын бақылап тұрамын, – дейді 7 жастағы Арсений Оберт.

Биыл Әлихан Бөкейхан ауданына 10 мыңнан аса түрлі ағаш егіледі. Бұған қоса Қарағандыда әуежай аумағына 1000 терек егілді. Акцияға 300-ден аса адам қатысты. Алдағы уақытта көшеттерге күтім жасалады.

 

Қарағанды облысы