Білім • 04 Мамыр, 2024

Алақай, жазғы демалыс!

124 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оқушылардың жазғы демалысы жақындап қалды. Бала­лардың каникул уақытын тиімді, пайдалы, бастысы қауіпсіз жағдайда өткізуіне қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Алақай, жазғы демалыс!

Өткен аптада Оқу-ағар­ту министрлігінің ап­параттық кеңесінде өңірлік білім бас­қар­малары, ведомстволық бағы­нысты ұйым­дар және әдіс­темелік каби­нет бас­шыларының қаты­суы­мен «Жаз-2024» балалар­дың са­уық­тыру демалысын, бос уақы­тын­ және жұмыспен қам­ты­луын ұйым­дастыру мәселелері тал­қы­­ланды.

Аппарат жиналысында­ Оқу-ағарту министрі Ғани Бей­сем­баев мәселеге қатысты: «Оқу­шы­лар­дың жазғы демалысын ұйым­дас­тыру – маңызды іс-шара­лар­дың бірі. Балалар­дың қауіп­сіз­дігін басты назарға ала отырып, жазғы демалысты өткізу мәде­ниетін қалыптастыру қажет. Бұл бағытта қажетті әдіс­те­ме­лер әзірленіп жатыр, осы бо­йынша ата-аналарға жан-жақ­ты түсіндіру жұмыстары жүр­гізілуі керек. Сондықтан әріп­тестер балаларды қорғау шара­ларын қатаң бақылауға алып, жұмысты күшейтуге тиіс. Жауап­ты мамандарға тиісті әдіс­темелік құралдар мен алгоритмдер жолданды», ­деді. Министрдің айтуынша, Тәрбие жұ­мысы және қосымша білім беру орталығы департаменті Білім басқармаларымен бірлесіп оқу­шылардың жазғы демалысын өткізу бойынша жергі­лікті штаб­­та демалыс орнындары­ның дайын­­дығын пысықтауға міндет­ті.

«Екіншіден, оқушылардың демалысы сапалы және қауіпсіз жағдайда, жоғары деңгейде ұйымдастырылуға тиіс. Жазғы демалыс кезінде еңбекпен қам­тылатын балаларға арналған әдістемелік нұсқаулықтар бас­шы­лыққа алынсын. Еңбек етуге ынталы оқушылардың базасы әзірленсін. «Жаздық жолдама» ауыл балаларына арналған жоба аясында демалатын 20 мың бала­ның сауықты­ру кес­те­лері пысық­талсын. Ал бала­­лардың жазғы демалы­сын ұйымдастыруда білім бас­қар­маларының басшыларына жеке жауапкершілік жүктеймін», деді министр Ғ.Бей­сембаев.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл жазда­ барлығы 3,1 млн баланы,­ яғни оқу­­­­­шылардың 88,2%-ын­ дема­­­лыс­пен қамту жоспарланып отыр. Тәр­бие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова: «Бүгінгі таңда 11 мыңнан аса лагерь балаларды қабылдауға әзір тұр. Балалар мен олардың ата-аналары үшін қолжетімді сауықтыру бағдарламалары, орналасу шарттары мен қауіп­сіздік ере­желері туралы пайдалы ақпа­­рат қамтылған «Балаларға базар­лық» және «Қауіпсіз жаз» ақпа­раттық пакеті дайындалды. Соны­мен қатар өңір­­лерде жаңа­дан 5 сауықтыру орталығын ашу жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр. Жал­пы, 2026 жылға дейін 50 жаңа орта­лық пайдалануға беріледі», деді.

Аталған министрлік Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мәде­ниет және ақпарат министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп заңнамалық нормаларды, бағ­дарламаларды, сондай-ақ мо­ниторинг пен бақылауды қам­титын іс-шаралар жоспарын қабылдады. Осыған қоса биыл бірінші рет лагерьлер үшін бірыңғай талаптар әзірленді, қосымша білім беру саласындағы еріктілер мен педагогтер жұ­мысқа тартылды, лагерьлерді қа­былдау мен нұсқама өткізудің рес­публикалық мониторингі құ­рылды. Сондай-ақ уәкілетті мем­лекеттік органдары бекіт­кен балаларды сауықтыру орта­лық­тарының тізілімі жолданды.