Оқиға • 13 Мамыр, 2024

Атырау-Орал трассасынан Индерборға баратын жолды тасқын су шайып кетті

1886 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысында 7 шақырым жолды тасқын су шайып кетті. Осыған байланысты көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Атырау-Орал трассасынан Индерборға баратын жолды тасқын су шайып кетті

Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратовтың айтуынша, 8 мамырдан бері аталған жол бөлігінің жиегіне топырақ төгіліп, бөгет тұрғызылған. Алайда, Жайық өзенінен сай-жыраларға шыққан тасқын судың ағысын тоқтату мүмкін болмаған.

«Бүгін, 13 мамырда сағат 09:45-те сайларға жиналған тасқын су Атырау-Орал трассасынан Индербор кентіне баратын жолдың 3-5-шақырымы аралығын басты. Осы учаскеде автокөліктің барлық түрі үшін қозғалыс тоқтатылды. Орал қаласына баратын автокөлік жүргізушілері үшін Махамбет ауылы арқылы өтетін балама жол бар», деп хабарлады облыстық жедел штабтан.