Қоғам • 14 Мамыр, 2024

Аналар күнін тойлады

34 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Балаға анадан асқан мейірбан, қамқор, жанашыр жан жоқ шығар, сірә! Сол үшін де әлемнің бірнеше елінде жыл са­йын Аналар күні тойланады. Биыл елімізде алғаш рет осынау атаулы мереке күнтізбеге еніп, тұрғындар мамырдың екінші жексенбісінде аналарға сый-құрмет көрсетті.

Аналар күнін тойлады

Мереке қарсаңында Астана қаласында отбасы институтын нығайтуға бағытталған бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Соның бірі ретінде «Отбасы – бақыт мекені» деген атаумен ұлттық тағамдар әзірлеуден өткен шеберлік сабағын айтуға болады. Шеберлік сабағына қатысқан аналар тәжірибелі аспаздардан сабақ алып, бір күнде тағамның түр-түрін әзірледі. Мерекені өз деңгейінде атап өтуге Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демо­гра­фиялық саясат жөніндегі комиссиямен қатар Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма қолдау көрсеткен.

Шеберлік сабағында Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйел­­дер істері және отбасылық-де­мог­рафиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Қарлығаш Саркенова іс-шараның мән-маз­мұнын айтып, аналарды құттық­тады.

«Аналар аспаздардың шебер­лік сабағына қызығады. Мұн­дай іс-шаралар олардың тәжі­рибе алмасып, бірін-бірі қолдай алатын жас аналар қауымдастығын құруға ықпал етеді. Қатысушылардың өзін-өзі бағалауын, сенімділігі мен кәсібилігін дамытуға ықпал­да­сады. Сондай-ақ олардың шы­ғар­­машылық әлеуетін ашуға кө­мектеседі. Демек біз мұндай мазмұнды, маңызды бастамаларды қолдауымыз қажет», деді Қ.Саркенова.

Қатысушылардың арасында ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Мәдина Мырзанова да бар. Ол шеберлік сабағында тәжірибелі аспаздың жұмысын бақылап, тағам дайындаудың бұрын-соңды елемеген қыр-сырына қаныққанын айтты.

– Бүгін мереке қарсаңында ұйымдастырылған шеберлік сабағына 12 жас ана келдік. Әрине, әрқайсымыз ас әзірлеуден тәжірибеміз болғанымен, кейде оңай нәрсені елеп-ескере бермейтін тұстарымыз болады екен. Бір тағамды дайындаудың бір емес, бірнеше жолы болуы мүмкін. Міне, осы секілді сұрақтарымызды бүгін Астана қаласының Шеф-аспаздар қауым­дас­тығының мүшесі Арайлым Қалбаеваға қойдық. Небір дәм­ді тағамдарды дайын­дау­дың құпия­сын меңгеруге тырыстық, – дейді М.Мырзанова.

Шеберлік сабағына келген аналар мерекелік тағам­дар­ды дайындаудың қыр-сырын үйрет­кен тәжірибелі тәлім­герлерге алғыс айтуды ұмыт­пады. Мерекеге орай Астана қала­сында кәсіби отбасылық психологтерінің қа­тысуымен жас отбасыларға ар­нал­ған семинар-тренингтер, аспаздықтан, сурет салумен қатар қыш-құмыра жасаудан курс өтті. Сондай-ақ «Көңілді старт» спорттық отба­сылық эстафетасы, «Үздік жас отбасы» байқауы ұйым­дас­тырылды.