Қоғам • 15 Мамыр, 2024

Қоғамға қозғау салған құжат

106 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы сәуір айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.

Қоғамға қозғау салған құжат

Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Шымкент қаласының кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Болат Қарабаев осы заңдардағы өзгерістер мен кәмелеттік жасқа толмағандардың істері бойынша статистикалық мәліметтерді баяндай келіп: «Президент Жолдауында әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды тапсырған болатын. Бұл заңдар Ұлттық құрылтай мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар, Президент жанындағы әйелдер істері мен отбасылық демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссиясы, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілдері, балалар құқықтары жөніндегі уәкілдердің, Парламент палаталары отырыстарының қызу талқылауларынан кейін қабылданды. Жаңа өзгерістерге сәйкес әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылып, сондай-ақ отбасы инс­титутын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді», деді. Сонымен қатар судья Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің денсаулыққа қасақана зиян келтіру және ұрып-соғу баптары алынып, қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылғанын түсіндіріп өтті. «Денсаулыққа орташа және ауыр зиян келтіру жауапкершіліктері қатаңдатылды. Неке және отбасы, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу, балалардың рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған», дейді ол.

Судьяның мәлімдеуінше, отбасы, әйелдер мен балалардың құқық­та­рын қорғау бойынша 111 байла­ныс орталығы іске қосылған. Онда ақ­па­рат­тық-анықтамалық, психологиялық қыз­мет түрлері көрсетіледі. Осы бай­ланыс орталығына әйелдер мен бала­лар­дың құқықтарын қорғаумен шұ­ғыл­данатын мемлекеттік органдар қа­былданған өтініштер бойынша ат­қа­рылған жұмыстар туралы мәлімет беруге тиіс. Тұрмыстық зорлық-зом­былықтан зардап шеккендерге әлеу­меттік көмек көрсететін отбасын қолдау орталықтарын құру заңнама тұрғысынан бекітілді. Жаңа өзгертулерге сәйкес өзін-өзі өлтіруге итермелегендер, ықпал еткендер, оны насихаттағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағандарға, бас бостандығынан айырғандарға енді жаза қатаң. Балаларға қысым көрсеткен­дерді, яғни буллинг, кибербуллинг жаса­ғандарды әкімшілік жауапкершілік күтіп тұр. Кәмелеттік жасқа толмағандар қылмыс жасап қойса немесе оларға қатысты жасалса, білім беру ұйымдары тез арада оны құқық қорғау органдарына хабарлауға міндетті. Жаңа заң бойынша 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды. Бұл әрекетке 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Судья Б.Қарабаев кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа 2024 жылдың 3 айында 2 025 арыз келіп түскенін мәлімдеді. Былтырғы есеппен салыстырғанда, арыздар 90%-ға көбейген. Арыздардың дені неке және отбасы дауларына қатысты мәселелерді қамтиды. Олардың дені – неке бұзу, мүлік бөлу, балалардың тұрғылықты жерін анықтау, әкелік құқықтан айыру, шектеу, алимент өндіру сынды мәселелер. Арыздардың 90 пайызға көбею себебі бұрын кейбір санаттағы істер жалпы сотта қаралатын. Былтыр қыркүйек айынан бастап аудандық соттар біріктіріліп, неке және отбасыға қатысты арыздарды қарау кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі сотқа жүктелді.

Маманның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықта бұрын әйел же­ңіл дәрежедегі соққы алса, әкімшілік жауап­кершілікте қаралып, іс көбіне қыс­қарып кететін. Енді мұндай қыл­мыстық іске тікелей сот құқықтық ба­ғасын береді. Ал балалар құқығы мен жауапкершілігіне байланысты айтсақ, 2024 жылдың І тоқсанында 43 адамға қатысты 27 қылмыстық іс келіп түскен. Осылардың ішінде балалар қолымен жасалған ұрлық, тонау, кәмелет жасына толмағандардың бір-бірімен жыныстық қатынасқа түсуі немесе балаларды зорлау, оларды азғындық жолға итермелеу секілді қылмыстар бар. Сонымен қатар сот түнгі уақытта көше кезіп жүрген бала­лардың жауапкершілігіне байланыс­ты әкімшілік істі қарап, сол бойынша ата-анасына тиісті шара қолданылды. 2024 жылдың 3 айында кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі сотқа 56 әкімшілік іс келіп түскен. 50 іске сот айыппұл салу шарасын қолданған.

Судья 16 жасқа дейінгі балалар ара­сында жыныстық сипаттағы қылмыс­тар­дың кейінгі жылдары көбейіп бара жат­қаны алаңдатарлық жағдай екенін айтты. Оның негізгі себептерінің бірі ре­тінде маман балаларды бұзып жатқан әлеуметтік желі екенін атап өтті. «Виртуалды әлем балалардың санасын улап, жастайынан қылмысқа итермелеп жатыр. Лудомания – ойынқұмарлық та оқушыларды өзіне тәуелді ететін жа­ман әдеттің бірі. Балаларды осы теріс қылықтан сақтау мақсатында сот ма­мандары Әділет департаментімен бірлесіп, мектептерде түсіндіру жұ­мыс­тарын жүргізіп келеді. Тіпті ажырасу деректерінің артуына, суицидтің орын алуына осы ойынқұмарлық кесірін тигізіп отыр», дейді Б.Қарабаев.

Кәмелеттік жасқа толмағандардың істерін қарайтын сот органындағы бас­ты проблеманың бірі – судьяларға жүктелетін қызметтік жүктеменің көп­тігі. Мәселен, қалалық сотта штат бойын­ша төрағамен қосқанда 7 судья­ болуы керек. Алайда төраға орны қазір бос тұр. Бос қызмет орнына конкурс жарияланған. Алты судьяның бесеуі азаматтық іс қараса, бір судьяның жауап­кер­шілігіне қылмыстық, әкімшілік істер жүктелген. Бүгінге дейін сотқа 3262 іс келіп түссе, 1003 іс өндірісте. Судья Б.Қарабаевтың айтуынша, Астана қаласында 1,5 млн халыққа кәмелеттік жасқа толмағандар ісін қарайтын 15 судья қызмет көрсетсе, 1 млн 250 мың тұрғыны бар үшінші мегаполисте олардың саны 5-6 ғана. Мұндайда жүктеменің көптігі судьялардың еңбек өнімділігі мен жұмыс сапасына кері әсерін тигізері анық

 

ШЫМКЕНТ