16 Маусым, 2010

ЖАҢА...

418 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
...СУПЕРМАРКЕТ АШЫЛДЫ Ақтөбе қаласына іргелес орналасқан Қарғалы ауылында “Дина” супермаркеті пайдала­ну­ға берілді. Еңселі де кең дү­кен­нің ашылу салтанатына облыс әкімі Елеусін Сағындықов пен Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты. Супермаркетті іске қосқан “Қа­биев и К” жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі – сауда желі­лерін пайдалануға беруде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ком­па­ния. Мұнда жаңа жұмыс орны ашылып, оларға түгелдей осы Қарғалы ауылының тұрғындары тартылды. 18 мың халқы бар ауылдың тұрғындары енді ат сабылтып қа­лаға қатынамай-ақ барлық ке­рек-жарағын осы супермар­кет­тен табады. Бұл дүкен тұтыну­шы­ға 10 мыңға жуық тауар түрін ұсынатын болады. Супер­мар­кет­тің екінші қабаты – мейрам­хана. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы. ...БАЛАБАҚША   “АҚМАРЖАН” АТАЛДЫ Жалағаш кентінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі 90 бүлдіршінге тә­лім-тәрбие беретін “Ақмаржан” балабақшасы ашылды. Балабақ­ша құрылысының жалпы құны 166 млн. 500 мың теңге болса, осы құнды құрылыстың бас мердігері “УМП” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дер кезінде игеріп, балғындарды қуанышқа кенелтті. Аталған балалар меке­месі стандарттық талаптарға сай салынып, барлық құрал-жаб­дықтармен толық жабдықталған. Бүлдіршіндерге 12 ұстаз дәріс беріп, 21 техникалық қызметкер қызмет көрсетеді. Облыс әкімі Болатбек Қуан­дықов балабақшаның ашылу сал­танатына қатысып, бүлдір­шін­дерге ағалық ақ тілегін жет­кізді. Ал балғындар би билеп, әнмен шашу шашты. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда облысы. ...ЕСКЕРТКІШ САЯЖОЛ Облыстық санитарлық-эпи­де­миологиялық қадағалау бас­қар­масының Державин қаласын­да өткізілген көшпелі мәжілісі ерекше оқиғамен айшықталды. Үстіміздегі жылдың 1 жарты­жыл­дығының қорытындысын тал­қылаған басқосудан кейін облыстың санитарлық дәрігер­лері марқұм Марат Жақсы­баев­қа арналған “Ескерткіш сая­жолын” ашты. Онда аудандық әкімдіктің, туған-туысқан­дардың қолдауымен 300 түп ақ қайың мен алма ағаштары отырғы­зы­лып, мемлекеттік қызметкерге мемориалдық тақта орна­тыл­ды. – Жыл басында қайтыс бол­ған әріптесіміз Марат Сүлей­менұлы қатардағы дәрігерден мекеме басшысына дейінгі абыройлы жолда 30 жылдан астам қызмет атқарып, ел ішінде құрметі озған жан еді, – дейді облыстық МСЭҚБ бастығы Қ.Ташметов. – Бүгінгі игі іске атсалысқан аудан әкімдігіне, барша жұртшылыққа алғысы­мыз­ды айтамыз. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы, Жарқайың ауданы.