Жәдігер • 16 Мамыр, 2024

Сәбиттен қалған сиясауыт

63 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде ақын Сәбит Дөнентаевтың көзіндей болып тұрған сиясауыт бар. Бұл жәдігерді кезінде Семейде шығып тұрған «Жаңа ауыл» газетінің ұжымы сыйлаған.

Сәбиттен қалған сиясауыт

Көрнекті мемлекет қай­раткері, ағартушы, әде­биетші Смағұл Сәдуа­қас­ұлы 1919 жылы Чита қаласында шы­ғатын «Трудовая Сибирь» журналында жа­рияланған «Кир­гизская литература» деген очер­кін­де қазақ әдебиетінің жағдайы, оның өркендеуі жөнінде талдау жасаған.

«Ақындардың ішінде халықшыл ақын С.Дөнентаев айрықша дараланады. Оның өлеңдерінің рухы таза қазақша, ұлттық арқауы айрықша берік, шумақтарының жүйелілігі, бунақтарының үнділігі жөнінен, терең мазмұны жөнінен, ең ақыры керемет өткірлігі жөнінен Дөнентаев өлеңдері халық поэзиясының атасы Байтұрсынұлы пен нәзік жанды лирик Жұмабаевтың шығармаларына жетеғабыл», деп жазды. Бұдан бай­­қайтынымыз, С.Дөнентаев – өз за­манында-ақ нақты бағасын алған ақын. Ал тұлғаның қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі қомақты.

Сәбиттің баспасөзбен байланысы, яғни журналистік қызметі 1912 жылы Павлодардағы Қасым Ер­тісбаевтың медресесінде оқып жүр­ген кезінен басталған. Семейдегі мұ­ғалімдер даярлайтын курста оқи жүріп, «Сарыарқа» газеті мен «Абай» жур­налына өлеңдерін жолдап отырады. Кейін «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Социалистік Шығыс», «Жаңа ауыл», «Қазақ тілі» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарады. Семейдегі журналистік қызметінде ол жергілікті драматургтермен, соның ішінде Жұмат Шанинмен байланыс ор­натып, пьесаларды талқылауға ара­­ласқан. Ақын драматургияны өте қи­ын жанр деп есептеген.

Бұқар жырау музейінде сақталып тұрған сиясауытты кезінде Семейдегі «Жаңа ауыл» (қазіргі «Семей таңы») га­зетінің редакциясы ақынға сыйға тарт­қан. Аталған басылым 1928-1930 жылдар аралығында шығып тұрған. Сия­сауыттың астыңғы жағында латын әріптерімен «С.Дөнентайұлына «Жаңа ауылдан» берілген белгі» деп жазылған.

Жәдігерді кезінде тұлғаның қызы Сәулет Сәбитқызы әкесінің туған же­ріне арнайы әкеліп, музейге табыс ет­кен екен.

 

Павлодар облысы