Егемен Қазақстан • 17 Мамыр, 2024

«Хат қоржын»

41 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Жұттың жаманы – алауыздық

Бүгінгі кейбір әлеуметтік-экономикалық жағдайлар аяқтан шалып, еркін қимылдауға ерік бермей тұрған шақта Алла бұған қоса елдің бірлігін сынайын деді ме, әлде біз секілді қарттарға халықтың бірлік күшін білдірейін деді ме, топан суын қаптатты да жіберді. «Ер етігімен су кешкен» сол сәттерде түрлі деңгейдегі билік өкілдері, құтқарушылар мен еріктілер, белсенді жергілікті халық пен әскерилер, бой көрсетулері ықтимал ұры-қарыдан қорғаған тәртіп сақшылары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, күн-түн демей бірлесе іс-қимыл танытты.

Ал бізді елдің осындай қиын кездегі ауызбіршілігі сүйсінтті! Суда қалған отандастарымызға елдің түкпір-түкпірінен жіберіліп жатқан гуманитарлық көмекті көргенде, әсіресе: «...осыдан басқа ештеңем болмай тұр» деп үйіндегі бір килограмм күрішіне дейін әкелген әжей...» («ЕҚ», 19.04.2024, «Мың болғыр Мәрия») туралы оқығанда, бұл іс-әрекет жанарға жас үйіріп қана қоймай, қолға қалам да алдырды.

...Бір болыңдар, сыртқа сыр байқалмасын,

Бірлігіңе дұшпан сын айта алмасын.

Қандай қиын кезде де қайран елім,

Берекең мен ырысың шайқалмасын! –

деген шумақтарды тізіп, бірлігі бекем көрінген халқыма жолдағанша асықтым. Бір болыңдар, бірігіңдер, елім! Күш қашанда – бірлікте!

Басынан талай алмағайып заман өткерген халқымыз: «Жұт жеті ағайынды» деп айтып кеткен. Сол жеті ағайындының ішіндегі ең қауіптісі – алауыздық. Құранда қашанда түзеушіден бұзушы көп болатыны ескертілген. Біздің арамызда да бұзушылар аз дей алмасақ керек. Бір ғана мысал: «Қазақстан» телеарнасындағы «Ашық алаңда» Пар­ламент Мәжілісінің депутаты су басқан жерге біреулер барып, ерік­тілерге: «Мұнда неғып жүрсіңдер? Мұны үкімет істеу керек! Сендердікі не сандалбай?..», деп ағын сумен арпалысып жүргендердің арасына іріткі салмақшы болғандарын атап айтты. Бұлар – сол бұзушылар. Ондай қара ниеттілердің сөздеріне мүлдем құлақ салмау керек әрі ондайлардан аулақ жүріп, бірлігімізді бағалай білуіміз қажет. Сонда кез келген сын-қатерді жеңіп қана қоймай, елдігімізді сақ­тап қаламыз және жұдырықтай жұмылған ұлт екендігімізді дәлелдейміз.

Біз, елдің парасат биігінен қарайтын көнекөз қариялары, әрқа­шан ел-жұртпен біргеміз. Еліміздің ертеңі еңселі болуына әр кез тілек­шіміз!

Нарбай ТАҒАЙҰЛЫ,

ардагер журналист

 

Қарағанды облысы,

Саран қаласы

 

 

Балалар еңбегі де ескерілсе игі

«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен үшінші Ұлттық құрылтайды осы тақырыпқа арнағаны мәлім. Мемлекет басшысы осы алқалы жиында сөйлеген сөзінде: «...Келесі жылы әлемде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен атап өтіледі, айтулы датаны мерекелеуге дайындықты қазірден бастауымыз керек. Жеңістің 80 жылдығына орай зерттеулер тың қарқынмен жалғасады деп сенемін. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды. Мемлекет бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді», деді.

Қазіргі қолданыстағы заңның 7-бабының 4-тармағында 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО-ның ордендерімен және медальдерімен наградталмаған адамдар еңбек ардагері болатындығы атап көрсетілген. Бұл атақ соғыс кезінде тылда жұмыс істеген жеті жас пен одан жоғары жастағы балаларға беріліп, жетіден төменгі жастағы ұл-қыздарға берілмей қалған болатын.

Ауылдан дені сау әскер жасындағы кісілер соғысқа аттанса, әскер жасынан асқандар еңбек армиясына алынды, жүруге жарайтын төрт, бес, алты жасар және одан жоғары жастағылар еңбек майданына араласты. Ұжымшарда жұмыс күші жетіспегендіктен, жас балалар үлкендер қатарлы ауыр жұмыстардың барлығына қатысты. Арба айдады, қырман күзетті, қи ойып шығарды, шөп шөмеледі, масақ терді, қысқасы, маусымдық жұмыстардың барлығын істеді. Қазақта: «Тайдың мінгені білінбейді, баланың істегені білінбейді», деген қанатты сөз бар. Қазақстан Республикасы бойынша сәбилердің қиыншылық кезеңде істеген жанқиярлық жұмыстары мен еткен еңбектері Ұлы Жеңістің 80 жылдық құрметіне сай еленсе, бағаланса дейміз. Соғыстан бұрын туғандардың, соғыс жылдарында еңбек еткендердің барлығына «Тыл ардагері» құрметті атағы берілсе, орден, медальдермен марапатталса деген ұсыныс-тілегім бар.

Кеңесбек ТӨЛМАҒАМБЕТОВ,

еңбек ардагері

 

Жамбыл облысы,

Жаңатас қаласы

 

 

Ашық аспан астындағы кітапхана

«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі буынға қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген екен атақты жазушы Ғабит Мүсірепов. Сол кісі айтқандай, жаңа заманға сай жаңа технологиялар өмірімізге қаншалықты дендеп енсе де, «Кітап – білім бұлағы» қағидаты ешқашан ескірмек емес.

Осы қағидатты ескерген Үржар аудандық орталық кітапханасы аудан тұрғындарының кітап оқуына және демалуына қолайлы жағдай жасау, кітап оқуға деген қоғамның қызығушылығын арттыру, кітапхана оқырмандарының санын көбейту мақсатында «Батырлар аллеясы» саябағында «Саябақта кітап оқимыз!» атты жылжымалы кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге кітап қорынан алынған жаңа кітаптар, оқырман сұранысын қанағаттандыратын көркем әдебиеттер, әр жанрдағы қызықты кітаптар мен балалар әдебиетіндегі көптеген ертегі кітаптар оқырман назарына ұсынылды.

Ғимараттың ішінде емес, таза ауада кітап оқуға жағдай жасалып, кітапханаға тіркеліп, кітаптарды кітапханаға бармай-ақ қолға алуға мүмкіндік беретін аталған іс-шара көпшіліктің көңілінен шықты.

Ақнұр ЖҰМАДІЛОВА,

Үржар аудандық орталық

кітапханасының кітапханашысы

 

Абай облысы