Зерде • 21 Мамыр, 2024

«Үш масақ» заңының зардабы

260 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сталиндік қуғын-сүргіннің шет-шегі қаншалықты кең болса, зардабы да соншалықты ауыр тигені тарихтан белгілі. Адамды саяси көзқарасы, қоғамдық әрекеті, ашық пікірі үшін ғана емес, қылмыс деуге тұрмайтын болмашы экономикалық істері үшін де ұзақ жылға түрмеге жауып, тіпті ату жазасына да кескен. Қылмыс емес, халыққа пайда жасап, көмекке келгендердің іс-әрекеттерін қайдағы бір заңдарды алға тартып, қылмысқа теліп, ауыр қысым санатына жатқызған.

«Үш масақ» заңының зардабы

Сондай заңдардың бірі – халық арасында «Үш масақ» заңы деген атау таңылған құжат. Бұл құжатты Сталин ешқандай ғы­лыми тұрғыдан негізсіз, «капитализм жекеменшікті қасиетті деп қорғайды, сол сияқты біз де социалистік меншікті қатаң қорғайтын заң қабылдауымыз керек» деп аяқ астынан қабыл­датқан.

Болмашы дүние үшін ғана бәлен жыл соттауға немесе атуға рұқсат берген құжатты құқықтық заң деп атауға ауыз бармайды. Астықты жинап әкеткен соң орнында шашылған масақтар ғана қалады. Аш халық соны жинап күн көрген. Сондайды бастан өткерген бір апамыз: «Масақ теріп жүргенде тышқанның інін көрсек қуанатын едік. Өйткені інді бұзып жібергенде бір уыс дән шығатын» деген еді. Масақ теру ешқандай қылмысқа жатпаса да шашылып, шіріп қалатын дәнді жинап-терген адамды осы заң негізінде қатаң жазаға тартқан...

Аш өзегі бұралып жүрген халыққа қарсы заң 1932 жылдың 7 тамызында қабылданады. Бұл Қазақстандағы екі жылға созылған, большевиктер қолдан жасаған екінші аштық басталған жыл еді. «Үш масақ» заңымен сотталған адамдарға ешқашан амнистия да берілмеген.

Бұған дейін де Қылмыстық кодексте социалистік меншікті қорғайтын ондаған бап бол­ған. 20-жылдардың ортасынан мүліктік, қызметтік, шаруа­шылық қылмыстар үшін арнайы баптар енгізілген. Мысалы, 109-бап «қызметтік міндетін асыра пайдаланғаны», 116-бап «шығын келтіргені», 129-бап «мемлекетке тиімсіз мәміле жасағаны», 162-бап «ұрлық қылғаны», 169-бап «алаяқтығы» үшін түрлі жазалар беретін. Осылардың өзі жеке адамға қарсы қылмыспен салыстырғанда мемлекеттік дүниеге қатысты қылмысқа қатаңданып кететін. Мысалы, жеке адамның мүлкін ұрлаған адам үш айдан бір жылға дейін жаза алатын болса, өкіметтің сондай бағадағы мүлкін ұрлаған адам кемінде 2 жылға сотталатын. Бірақ соған қарамай Сталин әділет саласының қағидаттарына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «Үш масақ» заңын ойдан шыға­рып, қабылдатқан.

Жаңа заң бойынша халыққа масақ жинатпау үшін астық алқаптарына күзет мұнаралары орнатылып, колхозшыларды өздерінің астық алқаптарында мүлде жүргізбеген. Шолақ белсенділер жаңа заңға сүйеніп, масақ тергендерді «ату жазасына алынасыңдар» деп қорқытқан. Құжаттың өзінің масаққа байланысты болғандықтан «үш масақ» аталуы да содан. Заңның орындалуын қатаң бақылауға алу үшін өкімет НКВД-ның жасақтарын аздық көріп, белсенді жастарды, мектеп оқушылары – пионерлерге дейін желіктіріп, ұшындырып, халықтың іс-әрекетін бақылауға алған. Әкесін баласы, шешесін қызы көрсететін жаппай сат­қындық қозғалысы осы заңның орындалуымен байланысты.

Заң қабылданған 1932 жылдың екінші жартысында ғана осы құжаттың баптарымен 22,3 мың адам сотталған. Ал 1933 жылы 103 мыңнан артық адам жаза арқалаған. Жазаның негізгі бөлігі, яғни 84 пайызы – 10 жылдан бас бостандығынан айыру, 5 па­йыздан артығы атылған. Тек 10 пайызға жетпейтініне ғана жеңіл жаза берілген.

Халықты болмашыға бола қан қақсатып жатқандарын қанқұйлы өкімет тек 1939 жылы ұғып бұл заңның қаһарын сәл жұмсартқан болады. Осы екі арада (1932 жылдан 1939-ға дейін) РКСФР-дың ғана аумағында 182 мыңға жуық адам сотталған. Оның ішінде жерлес ағаларымыз бен апаларымыз бар. 1939 жылдан бастап «жалмауыз» заңды қолдану азайтылса да, оның күші жойылмаған еді. Тіпті соғыс жылдарында да оны колхозшыларды жазалауға қолданып отырған.

Осынау жөн-жосықсыз жазадан жазықсыз жапа шеккендердің бірі – солтүстікқазақстандық Тәшібай Жүзенов. Ол бұрынғы Преснов, қазіргі Жамбыл ауда­нындағы Майбалық ауылында 1905 жылы дүниеге келген. Ескіше молырақ, кеңесше үзіп-жұлып оқы­­ған болуы керек, оның бір­ша­ма сауаты болған. Сондықтан да оны «Бірлік» ұжымшарына есепші қылып сайлайды. 1941 жылғы көктемнің қараөзек шағында ауылдағы халықтың жылдық еңбегіне алған шағын нәпақасы тау­сылып, аштыққа ұшырай бастайды. Әсіресе көпбалалы үйлердің жандары қоңыз теріп кеткендей қиындыққа тап болады. Алды ісініп, науқасқа ұшырап, өлім де жиі ұшыраса бастайды.

Ал ұжымшар былтыр күзгі мемлекетке бермек болған астық жоспарын толық орындаған еді. Халықтың қатты қиналға­нын көрген ауыл басшылары «Ильинский» астық қоймасын­да сақтаулы тұрған астықтан халыққа аздап көмек бермек болады. Алайда колхоз басшысы заңнан қорқып, мұндай қадамға бармайды. Астық босату қағазына екінші болып қол қоятын Тәшібай ағамыз ғана тәуекел деп келісімін беріп, бар жауапкершілікті мойнына алады. Сөйтіп, тұқымдықтан артылатын 4-5 қап астықты аш халыққа таратып береді. Осы астықтың арқасында жүзде­ген адам аман қалып, өмірін жалғастырады.

Алайда мұны ауылдағы «қы­ра­ғылар тобының» бір жансызы жоғары жаққа қарай «түр­тіп» жібереді. Өйткені оған ауыл­­­­дастарының мұңынан гөрі НКВД-ға жақсатты болып көрі­ніп, мақтау алу артық болған еді. Ала­қанына түкіріп жүрген НКВД-ға сол керек, 1941 жылдың нау­­рызында бүкіл елді жылатып, Тәшібайды ұстап әкетеді. Айтылған уәжді құлақтарына да қыстырмаған жазалаушылардың қолшоқпары ғана болып жүрген сот Тәшібай Жүзеновті жоғарыда айтылған заңмен мемлекеттің астығын ұрлады деп 10 жылға соттап жібереді. Ол кезде тіпті «ұжымшар меншігінің» өзі мем­ле­­­кет­тікі болып есептелгені бар­ша­ға белгілі. Колхозшылар өз дүние­сіне өздері қожайын бола алмаған.

Архивтен алынған құжатқа қарағанда Тәшібай Жүзенов бұрынғы Жезқазған облысындағы еңбекпен түзеу лагерінде жазасын өтеп жүргенде 1943 жылдың 1 ақпанында қайтыс болған.

2020 жылғы 24 қараша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мем­лекеттік комиссияның құрылғаны белгілі. Басты мақсаты Қазақ­стандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының іс жүзінде ақталмаған санаттарының, оның ішінде қолданыстағы заңнамада қамтылмаған құрбандар санаттарын; заңнамада аталған, бірақ іс жүзінде ақталмаған құрбандар санаттарының құқықтық жағынан қана емес, саяси тұрғыдан да ақталуға жататын санаттарының тізбесін қалыптастыру; мем­лекеттік органдардың саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау болған комиссияның Солтүстік Қазақстандағы өңірлік комиссиясына Тәшібай Жүзенов марқұмның 85 жастағы қызы Мұқалиева (Жүзенова) Зәкен Тәшібайқызы хабарласып, әке­сінің жазықсыз жапа шеккенін айтып, оның ақталуына көмек берулерін сұраған.

Саяси қуғын-сүргін құр­бандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша бас­қар­масы архивінің қорынан Тәшібай Жүзеновтің ісін алдырып қарап, оны «ақтау қажет» деген ұсынысты Мемлекеттік комиссияға ұсынды.

Ел үшін ерен іс қылып, басын бәйгеге тіккен ердің есімі әділетпен ақталып, рухы шат болсын дейміз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы