Аймақтар • 23 Мамыр, 2024

Ешкім баспанасыз қалмайды

56 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында су басқан 3 898 үйдің 87 пайызының жағдайы сарапталып, бағаланды. Комиссияның шешімімен 508 үй қалпына келтірілмейді деп шешім қабылданды. Сонымен қатар 845 үйді жөндеу жұмыстары белгіленіп, сметасы жасалды. Осы аптаның аяғына дейін техникалық зерттеулер, сметалық есептер және бағалау құжаттары тұрғындардың қолына беріледі.

Ешкім баспанасыз қалмайды

Бұған дейін айтқаны­мыз­дай, Солнечный-2 ша­ғын ауданында 500 үй­дің құрылысы басталып кетті. Алғашқы 100 үйдің ішкі жұмыс­та­ры ғана қалды деп айтуға болады. Мамырдың 21-іне дейін 6 мың отбасы бір реттік 100 АЕК көлеміндегі өтемақыны алды. Бұған 2,2 млрд теңге қаражат жұм­­­салды.

Кейбір шыдамсыз тұрғындар қолына сараптама құжаттары неге берілмей жатыр деп мазасызданып отыр. Бұл сұрақтарға Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев: «Құжаттарды бе­ру­ді кешіктіріп жатқан себеб­іміз мамандардың кесірінен болып тұр. Біз оларға алдымен үй­лерді сараптап шығыңыздар, құ­жат­тарды сосын толтырасыздар деген тапсырма берген едік. Соны орындамақ болған мамандар актілерді жасауға енді ғана кірісіп жатыр. Мамырдың 23-іне дейін барлығыңызға құжаттарды тапсырамыз», деп өзінің Instagram-дағы парақшасында жауап берді.

Су астында қалған шағын аудан­­дардың бірі – Заречный кенті. Бұл негізінен бас еркінен айы­рылған қамаудағы жандар­дың ерлер мен әйелдер зоналарына арналған кент еді. Тасқын су кезінде қамаудағы жандар да то­лық эвакуацияланған. Мұндағы тұр­ғындардың көбі – осы орында күзетші, бақылаушы, тәрбиеші қызметіндегі адамдар. Олардың біразы барақтарда тұратын. Заречный-2-дегі сондай барақтың бірі 1962 жылы салынған екен. Әбден тозығы жеткен осы үйдің тұрғындары қазір жақсы үйлерге қолымыз жетіп қалар ма екен деп алаң көңілде жүр.

«Біздің үйді сараптаушылар сүру керек деген шешім қабыл­дар деген үміттеміз. Өзі де әбден ескіріп, қабырғалары шіріп, көгере бастаған еді. Қазір қа­лада пәтер жалдап тұрып жа­тыр­мыз. Мә­селеміз тезірек шеші­лер деген ойдамыз», дейді тұрғын Жұлдыз Сәпиева.

Қазір мұнда мехбригадалар жұмыс істеп, қоқыстан тазарту, сыртқа шығару жұмыс­та­рымен айналысып жатыр. Өз­де­рі облыстың Мамлют ауда­нынан жасақталған 5 бригададан тұратын 35 жігіт екен. Қарама­ғын­дағы 8 техникамен әлі де кеппеген, тұрып қалған қақ суларды сорып жатыр.

«Әрбір бортты есептейтін болсақ, бүгінге дейін 110 тоннаның қоқысын шығардық. Бірақ әлі де бітетін емес. Бізге 79 үйді тазалау тапсырылған, солардың 78-інің маңын тазарттық. Біреуі әлі суда тұр. Маңайы тазартылған үйлерді сараптау аяқталуға жақын. Тек 5 үй қалды», дейді Мамлют ауданы әкімінің орынбасары Темірлан Мамашарипов.

Қала әкімі үйін су басқан тұр­­ғын­дарға тікелей эфир арқы­лы шығып та көптеген сұраққа жауап берді. Соның ішінде үйді қалпына келтіруге кететін шы­ғын­дарды анықтайтын смета қа­лай жасалатыны сұралды.

«Бұл үшін ақаулық акт жасалады, онда демонтаж және монтаждау жұмыстары көрсетіледі. Бірақ біз керемет паркет төсеп бере­ді деп ойламаңыздар. Шы­ғын сметасының көлемі әртүрлі. Бүгінге дейін 50 үйдің тұрғын­да­ры жөндеу жұмыстарын жаса­туға келісті. Олардың шы­ғын­дары 3 млн-нан 14 млн теңге аралығында белгіленді. Мұндай айыр­машылық бұзылған үйлер­дің қандай материалдардан тұр­ғы­зылғанына, құрылыс сапасына байланысты», деді С.Мұхамедиев.

Жиі қойылған сұрақтардың арасында шығын сметасы жасал­ған соң, өтемақы қашан төлей­тіні туралы болды. Бұған жауап берген әкім осы аптаның ішінде комиссияға алғашқы құ­жат­тар өткізілетінін айтты. Комиссияның құрамына қоғам­дық ұйымдардан өкілдер енгізіл­ген. Олар сметаны қолдаса, ақша төлеу үшін қорға жолданады екен.

Әзірге 500-ден аса үй қал­пына кел­тірілмейтінін жоғары­да айттық. Сонша жаңа үйлер Солнечный-2 шағын ауданында салынып жатыр. Оның үстіне көп­қабатты ескі үйлерден пәтер­лер сатып әперілмек. Сөйтіп, үйінен айырылғандардың бәрі де баспанамен қамтамасыз етілмек. Құрылысы биыл бітетін жаңа үйлердің барлығы пайдалануға таза күйінде беріледі. Қазір Сол­нечный-2 шағын ауданының өзі де жөнделіп, екі-үш көшеге асфальт төселіп жатыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аймақ ажарланып қалды

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:50

Мал өсірсең, қой өсір...

Шаруашылық • Бүгін, 08:48

Заң уақыт сұранысына сай

Қоғам • Бүгін, 08:45