Аймақтар • 23 Мамыр, 2024

Жалаулыдағы жүйелі жұмыс

62 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Керекудің Жалаулы аулында тасқын судан зардап шеккен бес отбасына жаңадан салынып жатқан үйлер шілде айын­да тапсырылады деп күтіліп отыр. Қазіргі уақытта екі баспананың құрылысы 90 пайызға аяқталған.

Жалаулыдағы жүйелі жұмыс

Суретті түсірген – Валерий Бугаев

Биыл сәуір айында су тас­­қы­нына байланыс­ты Ақтоғай ауданы Жалаулы аулында төтен­ше жағ­дай жарияланған еді. Кейін су тасқыны кезінде зардап шеккен және комиссияның шешімімен тұруға жарамсыз деп танылған 5 үй анықталып, олардың орнына жаңа құрылыс­тар салына бастады.

Осы апта басында Павлодар облы­сының әкімі Асайын Байха­нов елді мекенге арнайы барып, биіктеу тұсқа салынып жатқан жаңа үйлердің сапасын тексерді. Бұл баспаналардың құрылысы сәуір айының басында басталып, құрылыста 30 адам және 2 техника жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақыт­та барлық үйдің қа­быр­ға­лары бой көтеріп, екі үйдегі құры­лыс жұмыстары 90 пайызға орындалған.

«Жаңа үйлерді салуға ERG тобы қолдау білдірді. Жұмыс­тар­ды жергілікті «Стальмонтаж» ЖШС жүргізіп жатыр. Ауыл тұр­ғын­дарына арналған үй­лер­ді осы ауданның жауапты кәсіпкерінің салуы мен үшін маңызды болды. Үйлерге ұзақ жанатын жылыту қазандықтары, суды бұруға арналған шұңқыр орнатылады және орталық су құбырына қосы­лады. Тұрғын үйлердің кілт­­терін иелеріне осы жылдың шілде айының басында табыс­тау жос­парланып отыр. Үйлерді толы­ғы­мен аяқтап, адал тапсыруды жүктедім», деді өңір басшысы.

Бұған қоса Жалаулы аулында бүгінде жалпы сыйымдылығы 200 мың текше метр болатын 3 жаңа қазаншұңқырдың құрылысы жалғасып жатыр. Бұл болашақта ауылды су басу мәселесін кешенді шешуге мүмкіндік береді. Оны да шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Атап өтейік, Павлодар өңірі алғашқылардың бірі болып су тасқыны кезінде мүлкі зардап шеккен облыс тұрғындарының барлық 125 өтінімі бойынша өтемақы төледі.

 

Павлодар облысы,

Ақтоғай ауданы,

Жалаулы аулы