Қоғам • 23 Мамыр, 2024

Енді несие алу кезінде биометриялық сәйкестендіруден өту міндеттеледі

158 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар қарыз алушылардың құқықтарын қорғау және қаржы нарығын реттеу туралы заңды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Енді несие алу кезінде биометриялық сәйкестендіруден өту міндеттеледі

Фото: kursiv.media

Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарады. Заң банктік қарыздар мен микрокредиттер беру кезінде кредиторларға қойылатын талаптарды қатаңдату арқылы азаматтардың шамадан тыс несие алуын төмендетуді көздейді.

Атап айтқанда, заңда азаматтарға мерзімі өткен кредиттерінің уақыты 90 күннен асқан жағдайда және жұбайының немесе зайыбының келісімінсіз несие беруге тыйым салу қарастырылған. Одан бөлек, қаржы нарығындағы кибер алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері де ескерілген. Енді электронды қарыздар беру кезінде банктер мен микроқаржы ұйымдары клиентті биометриялық сәйкестендіру тәртібін жүргізуге міндеттеледі.

Талқылау барысында сенаторлар құжаттағы нормаларды концептуалды тұрғыдан мақұлдап, оған бірқатар түзету енгізді және заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.

Сенаторлар ұсынған өзгерістердің қатарында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметін Ұлттық Банк бюджетінен қаржыландыруға көшіре отырып, оны республикалық бюджеттен қаржыландыру құрамынан алып тастау туралы құқықтық тетіктер бар. Сондай-ақ мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде заңда көзделген қарыз өтеуді кейінге қалдыруды 60 күнге ұзарту ұсынылды. Бұл түзету запасқа шығарылған әскери қызметшіге жұмысқа орналасуға және төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге уақыт беру мақсатымен қарастырылып отыр.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен Парламент депутаттары шамадан тыс тұтынушылық несие алып, қарызға батқан азаматтар санын азайтуға арналған жүйелі заңнамалық түзетулер топтамасын әзірледі. Заң арқылы азаматтардың банк несиелері мен микрокредиттер бойынша қарыздарын коллекторларға сатуға екі жылдық, яғни 2026 жылғы 1 мамырға дейін мораторий енгізу ұсынылып отыр. Сотқа дейінгі реттеу және атқарушылық іс жүргізу шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіледі. Банк омбудсманының өкілеттіктері кеңейтіледі. Сондай-ақ, жаңа микроқаржы омбудсманы институты енгізіледі. Бүгін сенаторлар енгізген өзгерістер заңның жекелеген ережелерін жетілдіруді көздейді. Осы заңда көзделген шаралар азаматтарымыздың құқықтарын тиімді қорғауға және қаржылық сауаттылықты арттыруға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.