Су тасқыны • 24 Мамыр, 2024

Жалғансайдың қазіргі жағдайы

1278 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жайық өзенінің деңгейі Махамбет ауданында әлі көтеріліп жатыр. Бұл ауданда су айдыны 850 см болып белгіленген қауіпті шектен асып, ауылдарға оқтын-оқтын қауіп төндіріп тұр. Кеше сағат 12.00-де қауіпті шектен 170 сантиметрге ұлғайды.

Жалғансайдың қазіргі жағдайы

Суретті түсірген – Әзілхан УАХИТОВ

Батыр атындағы ауданның 9 округіне қарайтын 21 елді мекенде 30 940 адам тұрады. Жайық өзеніне жақын орна­ласқан 17 ауылдың маңында 105 шақы­рым бөгет салынған. Су арнасына таяу орналасқан ауылдың бірі – Жалғансай. Бұл елді мекен аудан орта­лығы Махамбет аулынан 15 шақы­рым қашық­та орна­ласқан. Мұнда 237 түтін, 1 286 тұрғын бар.

Бұрнағы күні жұрт ұйқыда жатқан мезгіл сағат 23.40-та ауыл шетіндегі бөгетті тасқын су жарып кетті. Сол сәтте ауылдағы дәрігерлік пунктті су басу қаупі төнді. Тосын жайт туралы хабар жетісімен облыс әкімі Серік Шәпкенов те, аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев та Жалғансайға жедел жетті.

Түнгі сағат 01.20-да дабыл белгісі іске қосылды. Бірақ тұрғын үйлерге қауіп төн­беді. Соған қарамастан қауіпсіздік мақ­сатында тұрғындарды ауылдағы білім ордасына, аудан орталығындағы Д.Тө­ленов, Е.Ағелеуов атындағы орта мек­тептер мен «Нұршуақ», «Алтынай» бала­бақ­шаларын эвакуациялау бастал­ды. Арнайы бөлінген көліктермен Махамбет аулына 154 адам эвакуация­ланды. Осын­дағы Д.Төленов атындағы орта мектепке 143 адам орналастырылды. Ал 46 адам туыстарының үйіне бару­ды құп көрді.

Ал Жалғансай аулында түнімен жарылған бөгетті бітеу, нығайту жұмысы жүргізілді. Оған алдымен Қорғаныс министрлігіне қарайтын әскери бөлімнен 50 сарбаз бен 15 техника тартылды. Бұл жұмысқа ауылдың жігіттері де жұмылды. Бірлескен істің нәтижесінде таңғы сағат 04.20-да су жарған бөгет толықтай қалыпқа келтірілді.

Кеше таңертең сағат 08.00-де Жалған­сай ауылының тұрғын­да­рының үйіне оралуына рұқсат берілді. Өйткені ауылға тасқын судан төнген қауіп сейілді. Деген­мен ауылда бөгетті бекіту жұмысы әлі де жүріп жатыр. Осы мақсатқа 842 қыз­меткер, 84 техника, 21 қайық бөлінді.

Бұл аудандағы Махамбет, Сарытоғай, Сарайшық ауылдарына қауіп толық сейілді деуге болмайды. Ал Талдыкөл ауылы бір­неше күннен бері тасқын судың ортасында тұр. Құдды теңіз төрін­дегі арал секілді.

Аудандық эвакуациялық комис­­сия мүшесі Венера Қабыше­ваның айтуын­ша, су тас­­қы­нына байланысты 22 эвакуа­ция­лық пункт ашылған. Оның 18-і ауылдар­дағы білім ошақ­­­та­рында ор­наласқан. Бұл пункт­­­терде 16 мыңға жуық адам қабылданады. Аталған пункт­тер төсек жабдықтарымен бірге, ауыз­су, алғашқы медициналық көмек көр­сетуге қажетті дәрі-дәрмектер қорымен қамтыл­ған.

Аудандық орталық ауруханасы дирек­торының міндетін атқарушы Сержан Сандыбаевтың дерегіне сүйенсек, дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасақ­талып тұр. Қауіпті аумақтағы Сарай­шық, Тал­ды­көл ауылдарындағы амбула­ториялардан вакциналар аудан орталығына алынған. Мақсат – вакциналарды сақтау тәртібінің бұзылуына, жарамдылық жағ­­­­дайының бүлінуіне жол бермеу.

«Су тасқынына байланысты қауіп төнер болса, жедел бригадалар мен меди­циналық көмек пункті қызмет көрсетеді. Осы мақсатта ауруханада 50 төсек орны дайындалды. Бұл ауыр нау­қас­тарды күтімге алып, дәрігерлік көмек көрсетуге арналып отыр», дейді С.Сандыбаев.

Жайық өзеніндегі су деңгейі Атырау қаласында қауіпті шектен әлдеқашан асқан. Кеше мұнайлы шаһар тұсында су деңгейі – 586, оған жақын орналасқан Жаңаталап ауылында – 424, Еркінқала елді мекенінде 450 см болды.

Тасқын су Жайық өзенінің екі жағынан Атырауға келетін екі жолдың жиегіне тіреліп тұр. Оның әлегі, әсіресе, Атырау-Индер тасжолындағы ахуалдан байқалып отыр. Жайық өзенінен жазық далаға жайылған судан аталған жолға бір емес, екі рет қауіп төнді. Алғашқысында жолдың асфальты ойылып қалды.

Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жолдың күрделі жөндеуден соң қолданысқа берілгеніне 10 жыл өткен. Облыстық маңызы бар тас­жолдың ұзындығы – 174 шақырым. Атырау қаласынан Махамбет ауданының аумағымен өтіп, Индербор кентіне дейін барады. Бұрнағы күні кеште аталған жол тағы жабылды. Себеп – су өткізетін құбыр салу қажеттігі.

«Бұған дейін Атырау-Индер тасжолына су өткізетін 6 құбыр салынған еді. Алайда өр суының көтерілу деңгейінің тоқтамауына байланысты аталған тасжол бо­­­йына тағы да осындай 6 құбыр салу қажеттігі туындады. Сол себептен 22 мамырда кешкі сағат 21.00-де «Атырау-Индер» тасжолы уақытша жабылады. Құбыр орнату жұмысы шамамен 24-30 сағатқа созылады», деп хабарлады облыстық жедел штабтан.

Осындай себептермен Атырау қа­ла­сын­да тұрғындарды орналас­тыратын 94 эвакуация пункті да­йын тұр. Эвакуация пункттерінде 10 250 орын бар.

Облыстық денсаулық сақтау басқар­ма­сының басшысы Қайсар Абдалиевтің айтуына қарағанда, эва­куациялық пункт­тер­дің бәрін­­де медициналық ке­зекші бригадасы құрылды. Ал облыс­­тық ин­фекциялық ауруханада қосымша 200-ден аса резервтік орын дайындалды.

«Біз тасқын судан қауіп болған жағ­дайда модульдік аурухананы жұмыл­ды­ра­мыз. Тасқынға байланысты ахуал қиындайтын болса, Атырауға 100-ден аса дәрігерлерді тарту жөнінде шешім қабылданды», деді Қ.Абдалиев.

Оның мәліметінше, облыс­та 52 жедел жәрдем көлігі бар. Оның 30-ы Атырау қала­сында, ал 22 көлік аудандарға бөлін­ген. Бұған қоса медициналық мекемелер арасында науқастарды тасы­малдау үшін резервтік 11 көлік қарастырылды.

Өңірдегі құтқарушыларда Махамбет ауданының Жайық жағасында орналас­қан 13 елді мекенде кезекшілік атқарып жүр. Олар 19 мамыр кешкі сағат 20.00-ден 20 мамыр күнгі таңертеңгі сағат 08.00-ге дейін Махамбет пен Сарытоғай ауылдары аралығында 132 тұрғынды қа­йықпен тасымалдады. Оның ішінде 11 бала мен 1 жүкті әйел бар. Қалғаны қа­йықпен тасымалданды», деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Ал 22 мамырда Атырау қала­сының ірге­сіндегі Қайыршақты ауылдық округінде тіркелген шаруа қожалығының жетекшісі құтқарушылардың көмегіне жүгінді. Өйткені қожалықтың 4 үйір­дегі 80 жылқысы тасқын судың ортасында қалған. Құтқарушылар қылқұйрық­ты­лар­ды қауіпсіз жерге айдап шығарды.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар