Тарих • 24 Мамыр, 2024

Автохтонды қазақ қалай депортацияланды?

115 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

1947 жылы 13 мамырда КСРО Министрлер Кеңесі Ресейдің Астрахан, Волгоград, Қазақстанның бұрынғы Орал, Гурьев облыстары­ аумағында Орталық мемлекеттік «Капустин яр» полигонын құру жөнінде шешім қабылдады. КСРО Министрлер кеңесінің 1951 жылы 21 желтоқсандағы №5263 қаулысына сәйкес полигон аумағын ұлғайту мақсатында Батыс Қазақстан облысындағы Орда ауданының 1 миллион 355 мың 692 гектар жері әскери полигон иелігіне беріледі.

Автохтонды қазақ қалай депортацияланды?

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Қазақ КСР Министрлер кеңе­сі­нің 1951 жылы 14 желтоқ­сан­дағы республикалық ішкі қо­ныс ауда­ру жоспарын бекіту жөнін­дегі №1013-119сс қаулысына сәйкес, Батыс Қазақ­стан облыстық кеңесі Еңбек­ші­лер депу­тат­тарының атқару коми­теті 1952 жылы облы­стың 300, оның ішінде Жаңақала ауда­нының 125, Орда ауданының 175 ұжым­шар шаруашылығын Оңтүстік Қазақ­стан облысының мақта өсіретін аудан­дарына көшіру туралы шешім шығарды. Осы шешімнің негізінде 1952 жылы Батыс Қазақстан облысының Орда және Жаңақала аудандарының кейбір ұжым­шар шаруашылықтарының халқы ішкі де­пор­тацияға ұшырап, Оңтүстік Қазақ­стан, Гурьев облыстарына және облыстың ішкі Жәнібек, Жаңақала, Чапаев, Тайпақ, Бөрлі аудандарына еріксіз қоныс аударылды.

Осы тұста айта кететін жайт, сан түрлі архив құжаттарын, көзкөргендердің ауыз­ша айтқан деректерін саралау барысын­да, 1930-1940 жылдары Қазақстанға депор­та­цияланған корей, шешен, ингуш, неміс, т.б. этностық халықтардың ауыр қасіретін шын мәнінде, «Капустин яр» полигонына байланысты ата-баба қонысынан еріксіз қоныс аударылған автохтонды қазақ халқы да басынан кешіргеніне көзіміз жетті.

пр

Кеңестік кезеңде депортация тақы­ры­бын зерттеуге тыйым салынды. Тәуел­сіздіктің арқасында отандық тарихшы­ларға шығармашылық еркіндік берілді. Елі­міздегі жабық архив қорлары ашылып, ұлттық тарихымызды жаңа көзқарас тұрғысынан пайымдауға кең жол ашылды. Мемлекет басшысының 2020 жылы 24 қарашадағы «Саяси-қуғын сүргін құр­бан­дарын толық ақтау жөніндегі мемле­кет­тік комиссия туралы» Жарлығы бұл мүм­кіндіктің аясын одан әрі кеңейте түсті. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив қорындағы деректер негізінде жария­ланған қазақ депортациясы туралы моно­гра­фиялық еңбек бұл пікірімізге дәлел болады (Боранбаева Б.С. «Капустин Яр әскери полигоны: қазақ депортациясы». – Орал: «Полиграфсервис», 2022. – 268 б.).

Ұлттық ғылым академиясының ака­де­мигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Махмұтұлы моно­графияны «тыңға түрен салған еңбек» деп бағалады (Әбжанов Х.М., «Тыңға түрен салған еңбек»//«Egemen Qazaqstan», 24.01.2023). Aqjayiq телеар­на­сының қолдауымен журналист Гүлмира Тілеубаева осы кітаптың желі­сінде «Орда­дағы ойран. Қазақ депортациясы» атты тарихи танымдық фильм түсірді. Сөйтіп, ұлт тарихының ақтаңдақ беттерін толықтыруға үлкен үлес қосылды.

1952 жылы Орда ауданы халқын шұғыл көшіруге қатысты Батыс Қазақстан облыс­тық архив қорында сақталған деректер Бөкей даласындағы қоныс аудару ісі, шын мәнінде, халықтың еркінен тыс, жоғарыдан келген бұйрықты бұлжытпай орындау түрінде қатаң түрде жүргізілгенін анық дәлелдейді. Мәселен, Батыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы С.Гафиаттуллин мен оның орынбасары Н.Габдуллин Орда аудандық кеңес төрағасы А.Ваисовке «Стансаға вагондар беріледі. Жөнелту күні 27 маусым. Жөнелту стансасына жеткізілген отбасылар, отбасыларды тасымалдаған ма­шиналардың саны, құжаттардың рәсімделу барысы, тағайындалған эшелон бастығының аты-жөнін көрсетіп, колхозшылардың Оңтүстік Қазақстан облысына көшуге дайындығын хабарлаңыз», «Оңтүстік Қазақстан облысына қоныс аударатын колхоздарды тасымалдайтын 43 вагон Сай­хын стансасына 27 маусым күні бері­леді. Жөнелту стансасына адамдарды көрсетілген уақыттан кешіктірмей жет­кі­зуді міндеттеймін. Қоныс аударушыларды санитарлық тазалықтан өткізу және оларға қоныс аудару билетін, тағы басқа құжаттарын тапсыру жұмыстары республикалық Министрлер Кеңесінің 1952 жылы 21 ақпандағы нұсқау хаты бо­йынша жүргізілсін», деген бұйрық береді. Орда, Жаңақала аудандарының басшылары бұл бұйрықты бұлжытпай орындап, қоныс аударушыларды Сайхын, Алғай стансаларына шұғыл жеткізгенімен, жолаушылар жаз айының ыстығында поезд­ күтіп, станса басында бірнеше күн жатқанын көзкөргендерден естіп-білдік.

Жаңақала ауданы Қызылоба аулында тұратын Қаполов Көшкінбай ата: (1937 жылы туған) «Жаңақала ауданы, Ленин колхозынан көшкенде 5-класс бітірген баламын. Бәрімізді әскери машиналармен 200 шақырым жер шамасындағы Алғай стансасына алып келді. Станса басында пойыз күтіп, 15 күндей ашық жерде жаттық. Шешелеріміз үйден алып шыққан тары талқанын суға езіп азық етіп береді. Осы уақытта құмда өскен біздер суға жүзуді үйреніп алдық. Бұның кейін маған көп көмегі тиді», деп еске алады.

Қазір Жәнібек ауылында тұратын жады мықты 94 жастағы Баянтасова Ақлима ана (1930 ж.т.): «Орда ауданы Теректі ауылдық советіне қарайтын Интернационал колхозынан бәрімізді тиеп, Сайхынға алып келді. Соғыс кезінде құлап қалған қора бар екен. Соның астына көлеңкелеп тұрдық. Қолымда қырқынан жаңа шыққан балам Тілепберген, 3 жасар қызым Нұржиян бар. Ағаш теріп, мосыға шай қайнатып ішкен боламыз. Үйден алып шыққан бидайымызды суға былғап жейміз. Ауылдан шығарда әр үйге бір пұт астық берген болатын. Күнде пойыз күтеміз. Пойыз қандай болады екен деп ойлаймыз», десе, Аманғали Қайсағалиев ата: «Әсіресе Шымкентке кеткендер көп қиындық көрді. Ол жаққа нағашыларым барған. Олар Алғай стансасында пойыз күтіп, 20 күндей тұрып қалған. Күннің астында дұрыс көлеңке жоқ, төбелеріне киіз ұстаған», дейді.

Сөйтіп, 1952 жылдың шілде айында Сайхын стансасынан Орда ауданының Интер­национал, Каганович, Калинин атын­дағы үш ұжымшары, ал Алғай стан­сасынан Жаңақала ауданының Сары­өзен және Ленин атындағы барлығы 5 ұжым­шардың 336 отбасы, 1 805 адам Оңтүстік Қазақ­стан облысына депортацияланды. Осы тұста айта кету керек, Жетісайға ерік­сіз кө­шірілген бөкейліктердің соңынан 71 жыл­дан кейін жолға шығып, 2023 жыл­­дың шілде айында ғылыми зерттеу жұмысын енді Түркістан (бұрынғы Оңтүс­тік Қазақстан) облысы шеңберінде жал­­ғас­­тырып, қол жеткізген тың дерек мәлі­­мет­­терімізді осы мақалаға арқау етіп отырмыз.

Түркістан облыстық және Жетісай өңірлік архив деректеріне қарағанда, 1950-1952 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай аймағына батыс­қазақ­стандықтардан бөлек, Қазақстанның он екі облысынан түрлі ұлт өкілдері де көшірілген. Жетісайда мұндай көп адамды қабылдауға, ұйымдастыруға дайындық жоқ еді. Шілденің аптап ыстығында Жеті­сай­ға пойызбен жиырма күнге жуық жол жүріп жеткен бөкейліктер ашық далада өмір сүрген. Қолдарынан келгендер жер­төле қазып жан сауғалаған. Арықтан су ішіп күн көрген. Арықтан мал да су ішкен, кір де жуылған. Мұның соңы жұқпалы іш сүзегіне ұласып, балалардың жаппай шеті­неуі орын алған. Анығы, қарттар мен балалар күштеп көшіру саясатының құрбаны болды. Оған Түркістан облысы Жетісай ауданы қазіргі Жаңаауыл (бұрынғы Тельман) жанындағы «Сапаралы ата» қорымының оңтүстік-батысында созылып жатқан төбе-төбешік шағын топырақ үйінділері – балалар зираты дәйек болады.

Мәселені зерттеу барысында біз, көзкөргендермен сұхбаттасу арқылы, архив деректерінде айтылмайтын ақпараттарға қол жеткіздік. Жоғарыда айтылғандай, қырқынан жаңа шыққан ұлы Тілепбергенді құшақтап, 3 жасар қызы Нұржиянды жетектеген Ақлима апа: «Сөйтіп, бір күні пойыз келді. Тауар тиейтін пойыз екен, әрбір вагонға төрт үйден кіргізді. Қапырық, ыссы вагонның ішінде 15-20 адамбыз. Арыс стансасына аялдап, ауа жұтып алған соң кері вагонға жайғастық. Қасында кішкентай қызы бар бір кемпір төменде қалып қойыпты. Пойыз келіп вагондарды тіркеді. Әлгі кемпір шәйнегін алып жүгірді. Вагонға енді мінемін дегенде кемпірдің галошы жерге түсті, оны аламын деп талпынып еді, өзі пойыздың астына құлады. Пойыздың темір дөңгелектері кемпірдің екі аяғын кесіп кетіпті. Екі аяғы, шұлығы, галошы рельстің арғы жағында жатыр. Кеудесі бергі жағында. Қан судай ақты. Қасына барған келініне кеудесін көрсетіп, ым қақты да жан тапсырды. Кеудесіне салған ақшасы бар екен. Бәріміз зарлап жыладық... Пойызбен 20 күнге жуық жол жүріп, Жетісайға әрең жеттік. Күн алапат ыстық. Ашық аспан астында жер қазып, тас соғып жатқан бір отбасының уақытша салған лашық үйінің көлеңкесінде жан сауғалап отырдық. Арықтан кір суды іштік. Отын жоқ. Алыстан шөп-шалам бірдемелерді арқалап әкеліп от жаққан боламын. Оның күлі қазандағы суға түседі. Ер азаматтарымыз малдарды үкіметке тапсырып, артымыздан 15 күннен кейін келді. Жұрт сияқты жертөле қазып паналадық. Үй салайық деп тас соқтық. Сөйтіп жүргенде екі баладан да айырылдық. Енем байғұс таңертеңгі сағыммен алыстан көрінетін үйінді биік топырақтарды көріп, Орданың бұйра құмдары көрініп тұр деп қуанатын еді. Туған жерімізді түсімізде көріп, сағынып жүрдік. Шырағым-ай, өлген жоқпыз, басқасының бәрін көр­дік. Соғыс кезіндегі қиындықтан гөрі ел-жұрттан айырылғандағы осы қиын­дық ұмытылмайды», деген 94 жастағы кейуана­ның жан күйзелісі жүрек тебірентеді.

«Пойызбен 15 күндей жүріп, Жетісайға жеттік. Киров каналы жағасындағы ашық далаға әкеліп тастады. Кейін әкеміз бен ағаларымыз жертөле қазып алды. Баспана жоқ, тамақ пісіретін отын жоқ. Шешем мен жеңгем алыстан мақтаның қураған сабағын теріп келіп от жағады. Суға иленген ұнды жұқалап күннің көзіне қойып пісіреді. Балалар өлімі көп болды. 11 баласы бар отбасының 2-ақ баласы қалғанын көрдім. Түнде оянып кеткенде әке-шешеміз «қайда келдік» деп жылап отыратыны әлі есімде. Мектепте белгілі ақын Қайрат Жұмағалиевпен бір класта оқыдым. Сабаққа келеміз. Бізді мұғалім түгендейді де, 5-сыныптан бастап оқушыларды мақта теруге алып кетеді. Саусақтарымызға мақта тікені кіріп, қолымыз қанап, мақта көрмеген бізге оны теру де оңай болған жоқ. Екі тоқсан оқыған соң әкем қарындасым екеумізді ілестіріп, Өзбекстан арқылы елге қашып келдік», дейді Қаполов Көшкінбай ата.

Қазіргі кезде Бөкей Орда ауданының орталығы Сайхын ауылында тұратын Егінғали Мақсотов: «Біздің отбасымыз да Теректі ауылдық кеңесінің Каганович атындағы ұжымшардан 1952 жылдың шыжыған шілде айында Сайқын стансасынан жылап-сықтап аттанып кете барды. Келген жеріміз Жетісай жері маң дала, нағыз барсакелместің өзі болып шықты. Өріп жүрген тасбақалар. Олар мақтаның түбін жейді екен. Сондықтан тасбақаларды өртеттіреді. Құдық жоқ. Қазсаң да су шықпайды. Ішкеніміз арықтың жылымшы суы. Анадай жайсыз жағдайға бейімделмеген біздің адамдарды індет жайлады. Әсіресе үлкендер жағы мен ба­ла-шаға көп шетінеді», дейді.

Сөйтіп, сталиндік режім Бөкей Орда халқын өмір сүріп үйренген өз ортасынан еріксіз айырып, табиғи-климаттық жағдайы өзгеше, бейімделуі мүмкін емес, ортада өмір сүруге мәжбүрледі.

Түркістан облыстық архив дерек­терінде Қазақ КСР Министрлер кеңесінің 1952 жылғы маусым айындағы мәжілісінде Жетісайға депортацияланғандардың ауыр жағдайы күн тәртібіне қойылып, мәселе ашық айтылады. Жетісайға келген қоныс аударушыларға тұрғын үй салу жоспары 1951 жылы 34 пайыз ғана орындалып, қоныс аударушы 2 800 отбасының уақытша өзге колхозшылардың үйінде бірге тұруға немесе үйсіз ашық далада, жертөлелерде отырғаны баяндалады. Жетісайдағы 20 елді мекенде тұрып жатқан 12 500 халық үшін жертөледе орналасқан аудандық ауру­хана санатындағы уақытша стационарға 10-ақ кереуеттің қойылғаны ашық айтылады. Мұнан кейін 1953 жылы 6 наурызда Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы Қоныс аудару басқармасында өткізілген мәжілісте Оңтүстік Қазақстан облысына қоныс аударушылардың шаруашылық-тұрмыстық жағдайы туралы облыстық атқару комитетінің төрағасы П.Г. Лугиннің баяндамасы тыңдалып, Жетісай аймағын­да­ қалыптасқан күрделі жағдай тағы тал­қы­ланады. 1952 жылғы жоспар бо­йынша са­лынуға тиіс 3 200 үйдің 1 424-і ғана тұр­ғызылып, 909 үй салынбаған. Осылай­ша, қоныс аударылған 4 124 отбасының 2 682-сі ғана баспаналы, ал 1 098 отбасы бірігіп бір үйде тұруға мәжбүр болған, қалған отбасылардың жертөлелерде күн кешіп жатқаны көрсетілген. Медицина­лық талаптарға сай емес құрылыстарда орналасқан емханалардың дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтармен қамтылмағаны, салдарынан қоныс аударушылар арасында жұқпалы аурулардың, соның ішінде балалар арасында эпидемиялық қызылша ауруының кең таралғаны баян­далады. Жетісайда мектеп құрылысы жұмыстарының жүргізілмеуі салдарынан, ұжымшар мектептерінің талапқа сай емес тұрғын үйлерде орналасқанын, мектептердің оқушы партасы, оқу­лық­тар, көрнекі құрал жабдықтармен қам­тыл­мағанын, мектепке бармайтын оқу жасындағы балалар санының көп екені ашық айтылады.

Кешегі оқиға – бүгінгі тарих. «Капустин яр» әскери полигонына байланысты еріксіз қоныс аударылып, ішкі депортацияға ұшыраған автохтонды (жергілікті) қазақ халқы да, сталиндік режім тұсында Қазақ­станға күшпен депортацияланған корей, неміс, қырым татарлары, поляктар, шешендер және басқалар сияқты әлеуметтік-экономикалық, моральдық-психологиялық, демографиялық зардап­тарға ұшырады.

 

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты

Соңғы жаңалықтар

Ер жігітке ерлік жарасады

Қоғам • Бүгін, 11:20

Аңызға бергісіз өмір

Еңбек • Бүгін, 11:10

Шеттің шаруақор әкімі

Аймақтар • Бүгін, 11:00

Қызмет жас буынды шыңдайды

Еңбек • Бүгін, 10:40

Жастарға – мол мүмкіндік

Жастар • Бүгін, 10:30