Аймақтар • 24 Мамыр, 2024

Бетпақдалада киік өрді

146 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Алда 400 шақырымнан аса жол жатыр. Құмкөлден әрі қарай даламен кетеміз. Кедергі кездесіп қалмаса, қас қарая діттеген жерге жетіп қалармыз», деді Қызылордадан шығарда көліктегі жолбасшымыз, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалының инспекторы Ерболат Бекжанов. Асфальтпен жол ұтып, мұнай өндіріп жатқан аумақтан сорабы айқын көрініп жатқан жолға түсе бергенде, күн қабағы күрт бұлттанып сала берді. Соңымыздан ілескен көлікке қарайлап, әрі қарай бірге тарттық. Киік лағын өргізетін мезгілмен тұспа-тұс келетін «Құралайдың салқыны» дегеніңіз – осы. Жылма-жыл жаңылыспай қайталанатын бұл құбылыс киелі аңның басын сақтауға сеп болып тұр.

Бетпақдалада киік өрді

Суретті түсірген – Нұрболат Нұржаубай

Қауіп басы – браконьер

Жалпы, Бетпақдала туралы аңыз көп. Көкжиегі көз талдыратын ен даланың сәні – Сандықтау. Табиғаттың тылсымымен өсіп-өніп келе жатқан ақбөкеннің әңгімесімен сол таудың сілеміне жетіп қалғанымызды байқамаппыз. Екі облыстың аумағы түйіскен осы тұс – киіктің ежелгі өрісі.

Осында қыстап, көктемде лағын ертіп Арқаға ауады. Кезінде екі өңір малшы­лары тең жайлаған осы маңайда су ұңғымалары да жиі кездесетін. Мұнай өн­дірісі басталғалы бері олардың көбі жабылды. Бұл да жүйрік аңның өрісін тарылта түскен әрекет болды. «Қызылорда–Жезқазған» теміржолы салынғаннан кейін табан жолынан ауытқымайтын жануарлардың пойыз астына түскенін де естіп едік. Тіршіліктің бар саласы табиғатпен үйлесім тапқанда мұндай жағдай болмас еді.

Ақбөкен – негізі өсімтал жануар. Осыдан 10 жыл бұрын белгісіз бір себептермен қынадай қырылғанмен де, аз уа­қытта қатары қалыңдай түсті. Былтырғы санақ бойынша елімізде 2 миллионға жуық ен даланың еркесі бар. Олардың көп шоғырланған жері Орал популяция­сында 1 млн 130 мың бас болса, 39 700-і – Үстіртте, ал 745 мыңнан астамы – осы Бетпақдалада. Мамандар пікірінше, жер жүзіндегі бұл жануардың 95 пайызы қазақ даласын мекен етеді.

Инспекторлар Ерболат Бекжанов пен Төремұрат Тоқабаев дүрбі салып, жан-жақты жіті бақылап келеді. Алыстан шұбатылып шыққан шаңды да әуелі солар байқады. Көз алдау үшін жыл­дамдығын азайтып, күдік тудыр­ғандарға көрінбейтін тұстарда қатты жүріп, алдарынан шықты. Ұшқыр көлік­тен құтыла алмасын біліп, амалсыз тоқ­таған УАЗ-да бес жігіт отыр екен. «Түйе іздеуге шықтық» деген сөздері сендір­мегендердің көлігін тексергенде, қару мен оқ, жас қан сіңген қорап шықты. Көп ұзамай әудем жерге тастап кеткен олжалары да табылды. Екі текені атып, ішін жарып, тұяғын кесіп алып келе жатқан бет­тері екен. «Лақтайтын кезде ешкісі мен текесі бөлінеді. Солардың арасынан екеуі мыналардың оғына ұшырапты ғой», десті жігіттер.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Рақымжан Бурабаевтың айтуынша, бұларды ұстаумен іс бітпейді. Іс полиция бөліміне тіркеліп, арнайы шаралар қабылданады. Оған табиғат қорғаушылары да қатысады. Киікке қару ке­зегендердің хабары Сырдария аудан­дық полиция бөліміне түсті. Түн ортасында жеткен полицейлер істі тіркеп, күдіктілерді алып кетті.

«Жыл басынан бері заңсыз аң аулауға қатысты Қылмыстық кодекстің 337, 339-бап­тарымен 15 дерек тіркелді. Был­тыр осы уақытта 10 оқиға болған еді. Әрине, киіктің басты жауы – браконьер. Жыл­ма-жыл оларға қарсы күрес шаралары қатаңдатылып отырғанмен, олжа іздеп, дала кезген қаскөйлер тыйылмай тұр. Әсіресе қыста Сырға қарай, ойысатын жануарға қару кезейтіндер көбейіп кетеді», дейді Р.Бурабаев.

 

Табиғаттың тылсымы қорған болған

Бұрындары көлігі жарамды браконьерге ілесе алмай қалатын табиғат қор­ғаушыларының техникалық жарақ­тандырылуы да жыл сайын жақсарып келеді. Одан бөлек, арнайы киім беріліп, қарумен қамтылған инспектор үшін жылжымалы жатақхана да бар. «Киік» опе­рациясы кезінде «Қызылорда–Ақ­төбе», «Қызылорда–Жезқазған» және «Қызылорда–Түркістан» бағытындағы жолдарда мобильді топтар мен арнайы бе­кеттер жұмыс істейді. Дегенмен де қорыған жерге өш келетін браконьерлер тыным бермей тұр. Биылғы қыстың өзінде әуелі 71 бас, сәл кейін 35 киік атып ұсталғандар бар.

Сапар барысында инспекторлар дала еркесіне табиғат та қорған болатынын айтты. Мысалы, киік лақтайтын мезетте күн суы­тып, әдетте үймелейтін шыбын-шіркейді көрмейсіз. Ел аузында «Құралайдың салқыны» аталған мезгілде жауған жаңбыр жаңа туған төлдің шаранасын шайып, тез ширатады. Бұл мезеттің жануардың адамнан кейінгі жауы қасқырдың да етке тәбеті тартпайтын сәтпен тұспа-тұс келетіні табиғаттың бір тылсымы демес­ке амалыңыз жоқ. Далада ерте көктемде көктейтін түйетабан мамырдың ортасына қарай қурап, құралайдың түсімен бірдей болып қалады екен. Осылайша, жемтік іздеп, жерді көктен шолған қарақұстың көзін алдайды.

Ал осы киіктің жолында кездескен кез келген лаққа иіп, емізіп кететіні де басқа жануарда кездеспейтіні анық. Талай мәрте жойылып барып аңыздағы күлден түлеген Феникс құстай қайта тірілген ақбөкеннің теке азайса, бірыңғай еркек лақ туып, ешкі басы кемісе, ұрғашы лақтап, өсімін өзі реттей алатын да қасиеті таңғалдырмай қоймайды.

Жалпы, табиғаттағы аң-құсты қор­ғауда Қазақстанның тәжірибесі біраз елден алда тұр. Мысалы, аң-құстың аман­­дығын бақылау, санақ жүргізуден бөлек, жылдың әр мезгілдегі өрісін зерттеу, азық-түлік қорын анықтайтын да қызмет бар. Олар қыста неше сантиметр қар түскеннен бас­тап тұяқтылар мен қанаттыларға төнетін қауіпті де алдын ала болжап, мониторинг жасап отырады.

«Осыдан біраз жыл бұрын мүйізіне бола аулайтындар көбейіп кеткен еді, қазір саябырсыды. Үш-төрт топ жарты ай сайын ауысып, мыңдаған гектар аумақты бақылап отырмыз. Су тапшылығы шешілсе, мына Ақтөбе жерінен басталып біздің өңірді, Ұлытау, Қарағанды аумағын қамтитын Бетпақдала популяциясындағы киіктің біразы қысы-жазы осында қалар еді», дейді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалының инспекторы Ерболат Бекжанов.

 

«Қызыл кітапқа» енбеген жануар

Жыл сайын қорғау шаралары күшей­тіліп жатқанымен, киік «Қызыл кітапқа» енбеген. Мамандар мұның себебін оның тез көбейетінімен байланыстырады. Мысалы, төрт жылдай бұрын Бетпақдалада – 111 500, Орал популяциясында – 217 00, Үстіртте 5 900 болып, еліміздегі киік саны 334 400-ге әзер жетіп тұрған. Ал былтыр олардың саны 2 миллионның үстіне шықты.

«Қайбір жылғы коронавирус індеті та­лайларды есеңгіретіп кетті ғой. Бір­ақ сол пандемия кезінде шекара­лар шегенделіп, киік мүйізін сатып алушылар тыйылды. Осыдан да дала кезіп жүретін браконьерлер күрт азайды. «Құралайдың салқынындағы» ерек­шелікті байқап отырсыздар, киіктің матасуы кезінде де табиғат күрт құбылып, бұр­қасындатып кетеді. Осындай сәттерде қару кезейтіндер табылып қалады. Ал біз олардың жолын кесуге тырысамыз», дейді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалының инспекторы Қайырбек Маханбетәлиев.

Сайын даладағы сұлу аңды сақтауда бұл жігіттердің еңбегі өлшеусіз. Тір­лік қауырт сәттерде өзге облыс аума­ғында жұмыс істейтін де кездері бар. Бұрынғымен салыстырғанда жалақы өсіп, іссапар шығындары тұрақты тө­леніп, инспекторлардың әлеуметтік жағдайы да түзеліп қалды.

Ұшқан құс пен жүгірген аң ты­ныштығы күзетінде жүрген инспекторлар ұзақ жыл осы қызметте жүріп, өздеріне жол көрсеткен Алтынбек Ізті­леуовтей азаматтың есімін құрмет тұтады. Саладағы байырғы мамандарды тәрбиелеген азаматқа браконьерлер «Қырғи» деген лақап ат қойыпты. Бетпақдаланың әр бұтасын білетін инс­пектор рейдке шықты дегенде, аңға қару кезеуге құмарлар далаға аяғын аттап баспайды екен. «Бұл күнде ортамызда жоқ Алтекең табиғат байлығы үшін өзіне қару кезегендермен де қақтығыстан қаймықпайтын еді», деп еске алады шәкірті Е.Бекжанов.

Сапарымызды түйіндеп, қайтар сәтте табиғат қорғаушылары қалың түйетабан алқабына алып барды. Ошақ орнындай жапырақ құралайдың түсіндей күрең сары тартып жатыр. Екіге бөлініп аралай бастағанымыз сол еді, бірінің астынан бұйығып жатқан лақ шыға келді. Әр тұстан шыртылдатып суретке түсіріп жатырмыз. Сәлден кейін «көріп болдыңдар ма?» дегендей көзін төңкеріп бір қарады да, тәлтіректей басып ұзай берді. «Екі-үш күнде ширап шыға келеді. Бұлар желге қарай салса, кең танауы пырылдап, ит-құсыңды ілестірмей кетеді», деседі жігіттер.

Бұл төлдер биылғы санаққа кірмейді. Еліміздегі бөкендердің осы жылғы саны жақын арада белгілі болады.

 

Қызылорда – Ұлытау –  Қызылорда