Қоғам • 24 Мамыр, 2024

Жастар жалдамалы пәтерін босата ма?

178 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2019 жыл елімізде «Жастар жылы» деп жарияланып, бірталай игі іс қолға алынған болатын. Соның бірі – жұмыс істеп жүрген 3 мың жас азамат үшін үш мегаполисте жалдамалы пәтерлер салынып, пайдалануға берілгендігі. Нақты айтқанда, жас жұмыскерлер Астана мен Алматы қалаларының әрқайсысында 1 050 пәтерден, ал Шымкентте 900 пәтер алған.

Жастар жалдамалы пәтерін босата ма?

Осы бастама кейінгі жылдары жалғасын тауып, бүгінде жұмыс істеп жүрген 10 мыңға жуық жас маман сату құқығынсыз жалдамалы пәтерлерде тұрып жатыр. Әуелде мұндай пәтерлер бес жылға берілген еді. Бірақ былтырғы 27 наурызда Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы «Жұ­мыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға бері­летін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына ен­гі­зілген өзгеріске сәйкес аталған мер­зім үш жылға дейін қыс­қар­тылды.

Бұл ретте бір айта кетерлік жайт – нормативтік-құқықтық актілердің кері күші жоқтығына байланысты жалдамалы пәтерге өткен жылға дейін қол жеткізген жұмыскер жастар сол уақытша баспаналарында бес жыл тұра алады. Ал осындай тұрғынжайға 2019 жылғы күзде кірген жас азаматтар шартта көрсетілген тұру мерзімі биыл аяқталуына байланысты бірнеше айдан соң жалдамалы пәтерлерін босатуға тиіс.

Шынтуайтында, пәтерді сатып алу құқығынсыз жалға беру тетігі жастардың өз тұрғынжайларын сатып алуға арналған бастапқы жарна қаражатын жинауға бағыт­талған еді. Ол жас азаматтарды өз қаражаттарын үнемдеп жұм­сап, масылдық пиғылдан ары­луға ынталандыруға тиіс бо­ла­тын. Мүдделі мемлекеттік ор­гандар өкілдерінің ойын­ша, осы тетік жалдамалы пәтер- л­ерді жалға алушылардың жиі ауы­сып тұруы және жаңа жал­ға берілетін көппәтерлі тұр­ғын үйлерді салу есебінен тұр­ғынжайға мұқтаждардың басым бөлігін қамтуы керек-тұғын. Бұған Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Абай, Ақ­төбе, Алматы, Атырау, Жам­был, Жетісу, Қарағанды, Қос­танай, Ұлытау облыстарында іске асырылып жатқан, сон­дай-ақ басқа өңірлерде де қолға алу көзделген жастарға 5 пайыз­дық мөлшерлемемен несие­лік тұрғын үй берудің өңірлік бағдар­ламалары септігін тигізетіні дау­сыз. Мұндай бағдарламаларға 2017-2022 жылдар аралығында жергілікті бюджеттерден Отбасы бан­кіне 65,2 млрд теңге бөлініп, осы қаражат есебінен аталған қаржы ұйымы 5 мыңға жуық өтінімді мақұлдаған. Әйтсе де, жал­дамалы пәтерлерде тұрып жат­қан жұмыскер жастардың көбі тұрғынжай сатып алуға арналған бастапқы жарнаға қажет қара­жатты жинай алмағаны анық.

«Бүгінде мегаполистердегі жалдамалы пәтерлерде тұрып жатқан жұмыс істейтін жас­тардың далада қалу қаупі жоғары. Олардың өз жалақысынан қар­жы жинап, баспана ала алмауының өзіндік себептері бар. 2019 жылдан бері инфляция деңгейі шарықтап, үй бағасы жылдан-жылға өсті. Осыдан 5 жыл бұрын республика бойынша пәтердің шаршы метрінің ор­таша бағасы 200 мың теңге болса, қазір 400 мың теңгеге жуықтады. Яғни 2 есеге дейін өсті. Шындыққа тура қарасақ, жас­тар үшін баспанаға қаржы жинаудан гөрі, қымбатшылық қыс­паққа алып, күнкөріс мәселесі алдыңғы орынға шықты», дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев.

Ол өткен жылғы 6 қыркүйекте осы мәселе бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, жалдамалы пәтер­лерде тұрып жатқан жұмыскер жастардың өздері тұрып жат­қан баспананы жылдық мөлшер­лемесін 5 пайыздан асырмай, көп дегенде 10 пайыздық бас­тапқы жарнамен сатып алуына мүмкіндік беру мәселелесін қарастыруды сұраған екен.

Оған берілген ресми жауап­та: «Қолданыстағы тетіктер бо­йынша жастардың басым көп­шілігіне мемлекеттік қолдау көр­сету мақсатында, сондай-ақ тұр­ғын үймен қамтамасыз ету мә­селесінде халықтың әлеумет­тік осал топтарының басымд­ы­ғын ескере отырып, осы кезеңде жастардың жалдамалы пәтер­лерін сатып алу құқығын беру мерзімінен бұрын деп пайымдаймыз», делініпті.

Халық қалаулысы өзіне келіп түсіп жатқан жастар өтініш­теріне орай, олардың көкейкесті мәсе­лесіне биыл тағы оралып, 15 ма­мырда Премьер-министр­дің орынбасары Қанат Бозым­баевқа депутаттық сауал жолдапты. Онда Мәжіліс депутаты жұмыс істейтін жастардың өздері тұрып жатқан баспанасын жеңілдікті кредит арқылы сатып алуына мүмкіндік беруді немесе жалдама­лы пәтерде тұру мерзімін ұзартуды ұсынған. Біздің ойымызша, соңғы ұсынысты қолдап, жұмыскер жастардың жал­дамалы пәтерлерде тұру мерзі­мін ұзартып, олардың жастар­ға арналған тұрғын үй бағ­дар­ламалары арқылы тұрғын­жай сатып алуға қажет бас­тапқы жарнаға қаражат жинауы­на қолайлы мүмкіндік берген жөн тәрізді. Өйткені Дәулет Мұ­қаевтың: «Жастар елдегі оқи­­ғалардың бел ортасында жүр. Елімізде болған төтенше жағ­дайларда төбе көрсететін де – жастар, қолдаушылар да – жас­тар. Ал бізде Үкімет тарапы­нан жастарға тиісті деңгейде көңіл бөлініп отыр ма? Ең басты қажеттілік – баспана мәселесі де шешімін таппай тұр», деген пікірімен келіспеу қиын.

Қалай болғанда да, мүдделі мемлекеттік органдар биыл күзде жалдамалы пәтерде тұру мерзімі аяқталатын 1 мың жас азаматтың баспана мәселесіне мұқият назар аударып, ұтымды шара қолданса, құба-құп.