Елорда • 24 Мамыр, 2024

Жирен жаман әдеттен!

48 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Экологиялық іс-шара аясында «Есірткісіз қала» жобасы ұйымдастырылды. Игілікті іске үкіметтік емес және жас­тар ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.

Жирен жаман әдеттен!

Өкінішке қарай, Қа­зақстан бүгінде есірт­­кі қабылдау жа­­ғынан әлемнің алдыңғы 10 елі­­нің қатарына кіреді. Ресми статистика бойынша, елімізде 18 200 есірткіге тәуелді азамат бар. Оның 1 500-і әйел болса, 66-сы кәмелет жасына толмаған бала. ІІМ-нің мәліметінше, қазір есірткі әлемінің «саудагерлері» бұл жат қылыққа 13 пен 15 жас аралығындағы балаларды жиі тартады екен. Сондықтан қоғам жанашырлары нашақорлыққа қарсы экологиялық акцияларды жиі өткізіп жүр.

– Елордамызда «Таза Қазақ­стан» ауқымды экоакциясы өтіп жатыр. Іс-шара аясында эко­мәдениетті қалыптастыруға бағытталған сенбіліктер, акциялар секілді түрлі бастамалар ұйым­дастырылады. Сол сияқты «Есірткісіз қала» жобасы барысында синтетикалық есірткілер жарнамаланған сайттар көрсетілген тұстарды өшіріп жатырмыз. Бұл жобаның негізгі мақсаты – нашақорлықтың алдын алу, жастар арасында есірт­кі індетіне қарсы ұстанымды қалыптастыру, – деді «Жастар және балалар ұйымдары одағы» үкіметтік емес ұйымының өкілі Жомарт Әбішев.

Өз кезегінде полиция депар-т­а­ментінің есірткімен күрес бас­қармасының басшысы Сер­гей Ильиных есірткі үшін Қыл­мыстық кодексте қатаң жаза белгіленгенін айтып, жастарды құлағдар етті. Акция есірт­кіге қарсы күрестегі алдын алу шараларын түсіндіру жө­ніндегі әлеуметтік жоба аясында Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының бастамасымен іске асырылған.

– Әрине, есірткі саудасымен айналысатындар тек бір қаланың төңірегінде шоғырланып қалмайтыны белгілі. Әрі олар тек қабырғаларға жазудан бөлек, неше түрлі әдіспен айласын жү­зеге асырып отыр. Сондықтан наша­қорлыққа қарсы күрестің қандай түрі болмасын қала тұрғын­дары, жастары қолдауға тиіс. Барынша әлеуметтік желіл­ерде бөлісіп, ғасыр дертіне айнал­ған есірткіні тұтынудан, сау­дасынан аулақ болуға үгіттеуіміз қажет. Өйткені жастар – ендігі ел тұтқасын ұстар азаматтар, – деді белсенді Әлия Бекназарқызы.

Сондай-ақ «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» жобасын білім беру ұйымдарының оқушылары қол­дап, «Вейпсіз жастар» денс­аулық шеруін өткізді. Мән-маңызы ерекше бастамаға 97 астаналық білім беру ұйымы қатысты.

– Жоба оқушыларды саламатты өмір салтына ынталандыру, денешынықтыру мен спортты насихаттау мақсатында 21 жасқа дейінгі жастар арасында вейптерді қолданумен күреске бағытталған. Мұндай іс-шаралар апта сайын өткізіледі. Сонымен қатар қалада мектептің өзін-өзі басқаруы, «Менің бауырым» еріктілер қозғалысы, спорттық эстафеталар, экофесттер ұйымдастырылады. Таяуда қаланың жылыжайларында да іс-шаралар өткіземіз. Мұның бәрі жастардың бойында мінез-құлық мәдениетін тәрбиелеуге және оларға дұрыс әдеттерді, борыш пен жауапкершілік сезімін оятуға ықпал етеді, – деді Астана қаласы қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Гүлфара Сарамбетова.

Оған қоса 23 мыңнан астам адам «Дені сау «мен» – дені сау ел!» флеш-жаттығуына қатысып, саламатты өмір салты мен жер шарындағы тазалыққа отандық жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын атап өтті.