Саясат • 25 Мамыр, 2024

Сүйенішіміз - бірлік, мақсатымыз - өрлеу

62 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Тірегіміз – тәуелсіздік, байлығымыз – бірлік, мақсатымыз – өрлеу». Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассам­б­лея­сының V сессиясы осындай тақырыппен өтті. Жиында ҚХА төрағасының орынбасары –Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшы­лығының меңгерушісі Марат Әзілханов Мемлекет басшысының ХХХІІІ Ассамблея сессиясында жүктеген міндеттерді жер­гілікті жерде жүйелі іске асыру жөнінде айтты.

Сүйенішіміз - бірлік, мақсатымыз - өрлеу

М.Әзілханов сондай-ақ жалпы­ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді сақтау жолындағы табысты еңбектері үшін шымкенттік ассамблея мүшелеріне алғыс айтып, этносаясат аясында бірлесе атқарар жоба-жоспарлар жа­йында баяндады. Елдегі татулықты көздің қарашығындай қорғау әрі нығайту – мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі екенін атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды жұмыстың негізгі бағыт-бағдарын айқындап берді. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтылған құндылықтарды іске асыруда Ассамблеяның зор әлеуетін тиімді пайдалануды жүк­теді. Әлемдік ахуал күрделеніп тұрғанда «жұрт болып жұмылып, ұлт болып ұйысу» керектігін нық­тап шегеледі», деді ол.

Сессияда шаһар басшысы, қалалық ҚХА төрағасы Ғабит Сыздықбеков идеология хақында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын мегаполисте іске асыру жайын пысықтап, талқылап, алдағы жұмыстарды жүйелейтінін жеткізді. Президент жүктеген міндеттердің ішінде қала әкімі Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру, инс­титуционалдық әлеуетін ны­ғайту секілді мәселелерге ерекше тоқталды. Мегаполис басшысы аталған міндеттер аясында туын­дайтын кешенді жұмыстарды атқаруға тек Ассамблея емес, қалалық деңгейдегі басқармалар, аудан әкімдері, оқу орындары, жастар ұйымдары мен азаматтық қоғам институттарының әлеуеті толық қолданылатынын айтты. Қоғамда Ассамблеяға қатысты түрлі пікір айтылып жүргенін жоққа шығармаған қала басшысы: «Халқымыздың бірлігін нығайтуға қызмет ететін бірегей институт ретінде елімізде мекен ететін барша этносты бір арнаға ұйыстырып отырған осы Ассамблея. Сондықтан ұйым аясында жүргізілген мемлекеттік этно­саясаттың нәтижесінде қо­ғамда тұрақтылық пен этнос­аралық татулық берік орнады», деді. Әкім өз баяндамасында биыл көктемгі тасқын селден зардап шеккен солтүстік, батыс аймақтардағы тұрғындарға қолұшын созу үшін Ассамблея 1500 тоннадан астам азық-түлік пен ең қажетті заттар жөнелткенін, оның ішінде шымкенттік этно­мәдени бірлестіктердің үлесі 120 тонна гуманитарлық көмекті құрағанын атап өтті. «Су тасқыны кезінде ел бірлігі іс жүзінде көрін­ді. Қиналған жұртшылыққа хал­қымыз жұмыла көмек берді. Бұл жағдай бірлігімізді бекемдеп, ішкі татулықтың өз тұғырында екенін дәлелдеді», деді ол.

Жиында сондай-ақ қалалық Ассамблея төрағасының жаңа орынбасарлары тағайындалды. Ұйымның жанындағы кеңестің ұсынысымен Тахирбек Нишанбаев пен Тимур Казмин осы қызметке таңдап алынды. Жиында сонымен бірге Ж.Тәшенев атын­дағы университеттің проректоры Ғалымжан Битұрсын, Қазақ­стан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауым­дастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов, Шымкент қала­сының ACCESS бітірушілері «ASAA» жастар қоғамдық бірлес­ті­гінің жетекшісі, белсенді волонтер Данара Саранова, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Асхат Нұрлыбаев, «Ассамблея жас­тары» ұйымы қалалық өкіл­ді­гінің белсендісі Тимур Инкижино сөз сөйлеп, ұсыныс-пікір­лерін ортаға салды.

Мәселен Ғ.Битұрсын этнос жас­тары арасында парасатты, адал азаматтарды тәрбиелеуге баса мән беру керектігіне тоқталды. Сондай-ақ ол Президент Ұлттық құрылтайда атап өткен жастарды бұзатын бес кеселмен күресу үшін бес негізгі міндетті орындау керектігін алға тартты. Олар атап айтқанда жастардың құқықтық, қаржылық, діни сауатын арттыру, жастарды ғылым мен өнерге, спортқа баулып өсіру. Этностар арасында конституциялық теңдік қағидатын дәріптеу. Өсіп келе жатқан жасты қосымша тіл білуге, салт-дәстүрді жетік меңгеруге тәрбиелеу. Соңғысы жастарды құрайтын этнос өкілдері арасында шынайы татулық пен достықты қалыптастыру. Спикердің айтуынша, бұлар ғаламдық жаһандану үдерісіне өскелең ұрпақтың жұтылып кетпеуі үшін керек.

И.Хашимжанов өзбек этно­мәдени бірлестігінің атқар­ған жұмысына тоқталды. «Ежел­ден туыстас қазақ пен өзбек жұрты Тұранды мекен етіп, қиыншылықты да, қуанышты да бірге көрді. Бауырлас халықтар іргелес жатқан көрші ғана емес, етжақын ағайын халық. Біздің тарихи тағдырымыз да, арман-мұратымыз да ортақ. Туыс­ты­ғы­мыз тіл жақындығынан тамыр тартып, дәстүрімізбен жал­ғасып, салт-санамызбен қабы­сып келеді», деген ол екі ел ара­сындағы стратегиялық әріптес­тік осыдан 31 жыл бұрын Ордаба­сы­­дағы елдік жиында қабылданған «Мәңгілік достық туралы» келісім­мен нықталғанын айтты.

И.Хашимжановтың айтуынша, дастарқан киелі ұғым, берекенің бас­тауы. Осы мәдениеттің өзегі бол­ған құндылықты дәріп­теу бағы­тында «Дустлик» қауым­дас­тығы 13 жылдан бері «Достық дастар­қаны» жобасын іске асырып келеді. 2022 жылдан бастап «Шым­кент палауы» деген атқа ауысқан жобаның мақсаты – ас ішіп, ыдыс босату емес, елдегі бірлік пен достықтың көрінісін гастрофестиваль арқылы насихаттау.

Сессия соңында ҚХА төраға­сының орынбасары бірқатар бел­сенді азаматты Ассамблея награ­даларымен марапаттады. Айта кетейік, бүгінде қалалық ҚХА жанында 17 этномәдени бірлес­тік пен 7 құрылым қоғамдық қазақ­стандық патриотизмді дәріп­­теу бағытындағы жобаларға жұмыл­ды­рылған.

 

ШЫМКЕНТ