Өнер • 28 Мамыр, 2024

Дүниені дүр сілкінткен Димаш

187 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Бұл түні Ыстанбұл түбі бір түркі­нің емес, күллі әлемнің рухани орталы­ғына айналғандай. Жер-жаһанның түк­пір-түкпірінен асыға жеткен нөпір халық әнімен жүректерге жылу құйған әнші­сіне жанкүйер болуға Түркияның әйгілі «Бешикташ» стадионына жиналды. Алты Алаштың алақанынан асып шығып, алты құрлықтың қымбатына айналған дүлдүл Димаштың ән кеші ғой себебі.

Дүниені дүр сілкінткен Димаш

Концерт уақыты 21.00 деп белгіленген. Бірақ стадион алдын кешкі сағат алтыдан бас­тап толтырған тыңдарман концерт бастал­ғанша «Бешикташ» төрін үлкен мерекеге ұлас­­тырды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жи­нал­­ған халық санында шек жоқ. Түрлі тосын­­сыйларымен таңғалдырған Димаш жан­күйер­лері – «Dearsтың» думаны тіпті ерекше. Әнші­нің бейнесі салынған түрлі бұйымдар, денеде бедерленген сан алуан суреттер, Димаш әнін жатқа шырқаған алты құрлықтың ақеділ пейілі мен шынайы өнерге деген шексіз махаббаты шынымен-ақ көңіл толқытады. «Махаббат бер маған» деп қазақша ән салған бұл қалың нөпірдің ұлты мен ұлысын, ойы мен талғамын бір арнада тоғыстырған ортақ тін – шынайы өнерге деген махаббат еді.

Иә, бұл күн – ерекше күн, тарихи сәт. Әрбір жеке концерті үлкен өнер оқиғасы ретінде өтетіндігіне үйреніп алған әнші тыңдармандары Димаштың «Stranger» шоуын асыға күтті. Оның үстіне Димаш жанкүйерлері дәл осы күні әншінің 30 жасқа толған мерейтойын да бірге тойлау мәртебесіне ие болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл концерт – Димаштың, оның отбасы мен достарының, әріптестерінің және әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған жанкүйердің көптен күткен айрықша кездесуі.

п

Хош, сонымен сағат тілі Ыстанбұл уақытымен 20.00-ді соққанда бірнеше ай демін ішіне тартып күткен көрермен үшін әйгілі стадионның есігі де айқара ашылды. Құшағына 42 мың көрерменді еркін қабылдайтын алып ғимарат өз тарихында осы күнге дейін небір талантты өнер майталмандарына сахнасын ұсынып, даңқ шыңына көтерілуіне жол салған. Олардың қатарында Мүсілім Магомаев, Майкл Джексон сынды мегажұлдыздар бар. Айтулы аңыз әншілер өнер көрсетіп, лық толы көрермен жинаған Ыстанбұлдың әйгілі «Бешикташ» стадионына сол аңыздардың жалғасы болып, орда бұзған отызында Қазақтың Димашы көтерілді. Ығы-жығы халықтың қимылы сап тыйылып, стадион ішіндегі тіршілікті енді құлақ тұндырар қошемет үні құмықтырды.

«Stranger» шоу-концерті атауы айтып тұрғандай, шынымен-ақ әншінің бұған дейін тыңдарманына беймәлім болып келген бейтаныс қырларын паш еткен, өнерде шекара болмайтынын дәлелде­ген ғала­мат кеш болды. Музыканың сан алуан ­жанрында еркін көсіліп, табысты тәжірибесін таныстырған Димаштың талғамы мен интеллектуалдық деңгейі қандай құрметке де лайық. Кеш бойы концерт тізгінін қолына алып, қазақ, ағылшын, түрік тілдерінде еркін көсілген әнші нотаның да көп әнші бойлай бермейтін шыңдарынан үн қатты. Оның «Ұмытылмас күн»,  ең көлемді туындысы «The Story Of One Sky», сондай-ақ жақында жарық көрген «Smoke» және «When I`Ve Got You» туындылары да бүгін ерекше стильде орындалды. Шы­ңыл­тыр үннің тазалығы сондай, саф өнер­ге бас иген көрермен үш жарым сағат бойы сілтідей тына классикалық музыкаға көңіл­ қойды, Димашқа қосылып, бірге ән шыр­қады.

Шоу-бағдарламада әншінің құр­мет­ті досы, композитор Игорь Крутой­дың ­туындылары ерекше орын алды. ­«Olim­pico» атты айбынды кантата мен «Ave Maria» шебер вокализациясы үлкен алаңның аркасының астында өте әдемі және кең көлемде шырқалса, Димаш пен композитор Крутойдың шығармашы­лық тандемін бейнелейтін классикалық дыбысты ұлттық қазақылықпен үйлес­тіретін «Stranger» туындысы шоу-бағ­дар­­ламасының шарықтау шыңы болды десек, артық айтқандығымыз емес. Ал жанкүйерлердің ерекше сүйіспеншілігіне ие болған «Любовь уставших лебедей» әні бұл күні бүкіл көрерменнің қосылуымен айрықша сипатта қайта шырқалды.

а

 «Stranger» шоу-бағдарламасын сонымен қатар туған күн иесінің қонақтары мен достарының тосынсыйлары мен қойылымдары одан әрі әсерлендіре түсті. Атап айтсақ, өнер иесін құттықтау­ға Түркия, Қазақстан, АҚШ-тан әлемге әйгілі музыканттар келді. Соның біре­гейі һәм мерейтойлық кештің айтулы жаңалығы – Димаш алғаш рет Лос-Анджелестен келген қонақ, композитор, продюсер, көптеген танымал музыкалық туындының авторы Нейтан Вангпен бірге бір сахнада өнер көрсетті. Әнші композитордың сүйемелдеуімен әйгілі актер Джеки Чанның «Авангард» фильмінің саундтрегін алғаш рет сахнада орындады. «Happy» аталатын бұл композиция­ны Димаш 2020 жылы фильмнің соңғы нүктесін қоятын саундтрек ретінде жазған болатын. Димаш пен Нейтанның өнер көрсетуі көрермендер үшін үлкен тосынсый болды. Тыңдармандар қытай тіліндегі виртуоздық фортепиано мен бір қарағанда жеңіл болып көрінетін вокалдық дауысты ерекше әсермен қабылдады.

Үш ай бұрынғы концерт алдын­дағы журналистермен кездесуінде: «Түркиядағы концертке кімді шақы­ратынымды әзірге айтпай-ақ қояйын, ол құпия болсын. Концертте міндетті түрде Түркияның белгілі бір әншісімен немесе өнер ұжымымен өнер көрсетіп, Қазақ елі мен Түркия халқының бір-біріне деген достық қарым-қатынасының үлкен айғағын сахнаға алып шығып көрсеткім келеді» деген әнші уәдесінде тұрды. Димаштың жеке концертінің арнайы қонағы, әнші, композитор, гитарист, тек шығармашылық қана емес, қайырымдылық қызметімен де кеңінен танымал және халық сүйген түрік халықтық хард-рогын жаңғыртқан музыкант Халук Левент қабылдаушы ел атынан қазақ өнерпазын түрік жерінде қарсы алып, Димашқа гитарасын сыйға тарт­ты. Сонымен қатар Рокер Халук пен клас­сикалық вокалист Димаш сахнадан акус­тикалық гитараның сүйемелдеуімен түрік­тің ең танымал «Gesi Bağlari» әнін орындады.

Концерттің тағы бір қонағы атақ­ты диджей Бурак Йетер болды. Ол Димаш­пен былтыр Түркиядағы «Weekend» әні­нің премье­расы өткен алғашқы кон­цертінен бері бірге жұмыс істеп келеді. Айтулы жарқын шығарма Түркия түнін тамылжытқан «Stranger» шоуда тағы да орындалып, көрер­меннің ерекше ықыласына ие болды. Ал Бурак Димашқа өткен жылғы концерт-шоуында ерекше таны­­мал болған «ғарыш» күртесін сыйлады.

Мерейтойлық думанның тағы бір арнайы қонағы, елімізге белгілі ком­по­зитор Ренат Гайсин де осынау мерейлі күні әншінің қасынан табылды. Саз­гердің пианинода және Олжас Құрман­бектің қобызда сүйемелдеуімен орын­даған Димаштың «Қайран елім» әні қазақ­тың жанын жырлап қана қоймай, әртіс­тер­дің адам тағдыры жайындағы терең толғаныстарын да жан-жақты аша түсті.

«Stranger» шоудың көрермен үшін ғана емес, әнші үшін де тосынсый болған тамаша сәті – ұстазы Марат Әйтімовтің шәкіртін туған күнімен құттықтау үшін үлкен тортпен сахна төріне шығуы. Мұны көріп қатты толқыған Димаш ұстазына және бүгінгі оның арманын жүзеге асырған жанкүйерлеріне алғысын білдірді. Көңіл түкпіріндегі арманын айтып, торттың бетіндегі шырақты үрлеген сәттегі әнші тілегі концертке жиналған тыңдарман көңілін толқытты. Димаштың тілегі – әлем, бейбітшілік және махаббат еді. Әнші сөзінің әсерлі шыққаны соншалық, көзіне жас алған көрермен көп болды. Ал «Together» әнін бірге орындағаннан кейін жас музыкант, інісі Әбілмансұр Құдайберген: «Маған шабыт бергеніңіз үшін және музыкаға қатыстының барлығын үйретіп жат­қаныңыз үшін көп рахмет», деп ағасына алғысын білдіріп, жүрекжарды құттықтау лебізін жеткізді.

Концерттегі көрермен ықыласы тіпті ерек. Олардың телефон шамы арқылы сүйікті әншісін қолдауы өз алдына, сөзін көпшілік жатқа білетін «Махаббат бер маған» әнін әлемнің 21 елінен жиналған мыңдаған жанкүйер жатқа шырқады. Осы бір толқынысты сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

«DimashAli» шығармашылық орта­лығының мәліметінше, хорға 7 ақпан­­нан бері Солтүстік, Орталық және Оңтүс­тік Америка, Еуропа, Азия елдерінен Димаш­тың жанкүйерлері дайындалып, соның негізінде жобаға қатысыпты. Ұйымдастырушылар айрықша еңбегі үшін қобызшы Олжас Құрманбекке және осы ауқымды жобаның басты бас­тамашысы әрі жетекшісі болған поляк Димаш фан-клубының өкілі Агнешка Члапқа алғыс білдірді. Dimash FC Poland фан-клубының администраторлары: «Әніміз барлығына ұнайды және Димаш Dears-ты мақтан тұтады деген үміттеміз», деп әсерімен бөлісті. Жауап ретінде Димаш Құдайберген үнсіз қалмай, жанкүйерлеріне қолдау көрсетіп, туған тілі мен Қазақстанның мәдениетіне деген сүйіспеншілігі мен құрметі үшін шексіз алғысын білдірді.

Иә, Димаш бұған дейін де өзінің жанкүйерлерінен құралған «Dears» тобын «отбасым» деп талай рет айтқан болатын. Ал бүгін үлкен стадионда нағыз бір үлкен отбасының туған күні өтті. «Dears» туған күн иесімен бірге қосылып, фан-зонада «Golden», «Give Me Your Love», «Be With Me», «Fly Away» әндерін бірге шырқап, биледі, көңіл көтерді. Концерт барысында әртістің жанкүйерлері Димаштың бұрыннан танымал болған «Battle Of Memory» және «Sos D’un Terrien En Détresse» әндерін орын­­дады. «Stranger» мен «Дүрдараз» шығармаларындағы ұлттық аспаптардың әрбір үніне шабыттанып, тәнті болды. Концерт бойы сүйікті әндеріне қосылып, бірге ән шырқады. Ал сөзін көпшілік жатқа білетін «Махаб­бат бер маған» әні орындала бастағанда, барша көрер­мен өнерпаздың орнына хормен ән шырқады. Сол сәтте Димаш көрермендер арасынан өзіне табыс етілген Қазақстанның туын мақтанышпен ұстап тұрып, барша жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, әлемге бейбітшілік тілейтінін жеткізді.

«Түрікше, ағылшынша сөйлеп жатырмыз, алайда менің туған елім, ана тілім бар. Менің тілеуімді тілейтұғын барша қазақ елінің атынан түрік ағайынға, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлерге мың тағзым, үлкен рахмет! Еліміздің көк байрағы күллі әлем алдында желбірей берсін. Әлемде бейбітшілік, татулық болсын. Ел мен елдің арасында әрқашан өзара достық болсын. Достаса білу – үлкен даналықтың белгісі. Сондықтан осы концертте ұлттарыңыз бөлек болса да, өзара бірігіп, көңілдеріңіз бір арнаға тоғысып, келіп отырғандарыңызға мың мәрте рахмет», деді Димаш Құдайберген.

Иә, жер жүзінің әйгілі сахналарында жарқын өнер көрсетіп, әнімен әлемді әлдилеген Димаштың осы кештегі тағы бір тәнті еткен қасиеті – әр қимылы мен әрекетінен, үні мен өнерінен өзінің қазақ екенін паш етіп отырар болмысының ұлтжандылығы дер едік. Үні ғана емес, тілімен де ұлтын ұлықтап, әні арқылы әлемді қазаққа бас игізген ерлігі – Димаш феноменінің бір құпиясы дер едік. Сахна арқылы қазақтың әнін ғана емес, салты мен дәстүрін, ғұрпы мен ғибратын, ұлттық құндылықтарын да өнерімен біртұтас бірлікте ұсына алуы – әнші әлемінің әдемілігі һәм бірегейлігі. Әйтпесе қазақ қай заманда да таланттан кенде болған жоқ қой. Бірақ дәл Димаштай дүниені қазаққа бас игізіп, әлем халқына қазақша ән шырқатқаны некен-саяқ.

Иә, Димаш – жұлдыз, Димаш – сенсация, Димаш – феномен. Оның дау­сы бүкіләлемдік гарвитация заңын іске қосқандай: шалқытты, тасытты, тұңғиыққа тартты, көкке көтерді. Димаш – бүгінде алты Алашты ғана емес, алты құрлықты өнеріне табындырған әнші. Оның да­уыс диапазоны музыка тілімен айтқанда, 5-6 октавадан тұрады. Бірақ әншінің өзі болса: «Менің даусымды 5-6 октава деп, тыңдармандарым тек соған ғана мән бермесе екен. Дауыс тек ән айту құралы ғана. Менің мақсатым – сол дауыстың құдіретімен адамдарды күнделікті тір­ліктің күйбеңінен алып кетіп, армандар мен ертегілер әлеміне апару», дейді.

Бүгінгі кеш дәл сол сезімнің шыңына жеткізген ерекше кеш болды. «DimashAli» шығармашылық орталығының ұйым­дастыруымен өткен концерттің бас демеушісі – «RAMS Qazaqstan» құрылыс компаниясы. Айтулы алпауыт компания Димаш үні арқылы күллі түркі әлемінің тұтастығын танытуды мақсат тұтыпты һәм қазақ өнерінің әлемдік аренада насихатталуына басымдық берген екен. «Компа­ния түркі халықтары­ның достастығын қолдайды. Отандық өнерімізді демеу арқылы өзге халықтар алдында елімізді одан сайын танытып, жақындата түсеміз. Бұл – компанияның басты ұстанымы. Димаш – елімізді әлемге танытып жүрген үлкен мақтанышымыз. Сондықтан оған қолдау көрсете отырып, компаниямыз еліміз Қазақстанның мәдениеті күллі әлем халқына танылуы­на үлес қосады деп сенеміз. Біз қазақ әншісін Қазақстаннан тыс жерлерде де қолдай алатынымызға қуаныштымыз», деді «RAMS Qazaqstan» компаниясының PR бөлімінің директоры Евгения Кожа-Ахмет.

Атағы әлдеқашан алты Алаштан асып, алты құрлыққа жеткен талант бұл күні шынымен жарқырады. Не деген еңбек, не деген талант, не деген энергетика! Музыканың сан жанрында еркін көсілген Димаш әлемін бейне бір ғарыш дерсіз! Айтуға – тіл, суреттеуге сөз жетпейді. Оны тек көзбен көріп, жүрекпен сезіну керек! Мақтандық, марқайдық! Жасай бер, қазақтың Құдай берген Димашы!

 

АСТАНА – Ыстанбұл – АСТАНА

P.S: «Stranger» туры Түркиямен шектелмей, алдағы уақытта Чехия мен Германияда да жалғасын табады деп жоспарланып отыр. Нақтылап айтар болсақ, «Stranger» шоуы Прагада 22 қарашада, ал Дюссельдорфта 24 қараша күні өтеді. Концерттің Чехияда өтетін орны – «Sortovni Hala Fortuna», Германияда – «PSD BANK DOME».

 

Тақырыпқа орай

Нұрлан ӨНЕРБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Ыстанбұл төріне қазақтың талантты перзенті, бауырымыз Димашты қолдап келіп қалдық. Концерттің алдында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған Димаштың жанкүйерлерімен кездестік. Қазаққа, оның өнері мен салт-дәстүріне деген махаббаты ерекше екен. Қазақ тілінде Димаштың әндерін жатқа орындағанын көріп, жүрегім толқыды. Өнерде шекера болмайды деген осы шығар. Қазақ өнерін дүние дидарына танытып жүрген Димашқа осы үшін де алғыс айтқым келеді. Әманда ұлттық өнеріміз өрістей берсін!

 

Айшегүл ДЕНИЗ,

Димаштың жанкүйері (Түркия):

– Қазақ тілін Димаштың арқасында үйрендім. Оның әндері қазақ ұлтына деген қызығушылығымды оятты. Сон­ың арқасында қазақ тілін үйренемін деп шештім. Қазір тек ауызекі сөйлеуге шамам жет­ті. Бірақ болашақта әлі де тереңірек үйренсем дей­мін. «Махаббат бер маған, тағ­дыр» әні – Димаш шығар­ма­шылығындағы ең сүйікті әнім. Бүгінгі концертте Димашпен қосылып рахаттана орындадым.

 

Андреа ҚҰДАЙБЕРГЕН,

Димаштың жанкүйері (Чили):

– Димаштың өнеріне ғашық болғаным соншалық, қазақ тілін ғана емес, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын, әндерін тыңдау, үйрену маған үлкен қуаныш сыйлайды. Өздеріңіз білетіндей, мен қазір домбырада ойнауды үйрендім. Алдағы уақытта тағы да басқа аспаптарда ойнауды үйренсем деймін. Бүгін мен Димаштың концертіне арнайы Чилиден ұшып келдім. Әншімен алғашқы кездесуім болғандықтан, қатты толқыдым. Бірақ концерт өте жоғары деңгейде өтті. Димаштың әндері керемет! Көмейіне бұлбұл ұя салған Димаш әнші жасай берсін деймін!

 

Леонардо КАНТРО,

Димаштың жанкүйері (Аргентина):

– Концерттен кейінгі әсерім ерекше, сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Димашты қолдап жүр­ген жанкүйерлердің басын қосқан «Dears» бізді бір отбасыға айналдырды десем болады. Қазір барлығымыз туысқан сияқтымыз. Бүгін көзбе-көз жүздесіп, мәре-сәре болып жатырмыз. Концерт те керемет өтті. Жанымыз рахаттанып шықтық. Алдағы уақытта Димаш Латын Америкасы елдеріне келіп концерт берсе, қуана қарсы алар едік. Осындай біртуар өнерпазы, Димаштай талантты перзенті бар Қазақ елі шынымен бақытты! Димаштың өнері өрлей берсін дегім келеді!