Аймақтар • 29 Мамыр, 2024

Жол құрылысы жандана түсті

54 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол инфра­құры­лы­мын дамыта түсудің маңызына үнемі мән береді. «Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тиіс» деген тапсырма жүктеген еді. Осыған сәйкес Қарағанды облысында тозған жолдарды асфальттау жұмыстары аса қарқынды жүргізіліп жатыр.

Жол құрылысы жандана түсті

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Биыл Қарағанды облысында жергілікті желі құрамына кіретін 571 шақырым автомобиль жолы жөн­деледі. Бұл туралы облыс әкім­­дігінде өткен кеңесте жолау­шы­лар көлігі және автомобиль жол­дары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов айтты.

– Облыстық маңызы бар 178 шақырым жолды, қалалар мен аудандарда 281 шақырым және «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша 112 шақырым жол бөлігін жөндеу жоспарда бар. «Сәкен Сейфуллин – Өспен – Ақадыр» автожолының 26 шақырымында, сондай-ақ «Ақсу – Аюлы – Ақтоғай» автожолының 57 шақырымында орташа жөн­деу жұмыстары жүргізіледі. «Қар­қа­ра­лы – Қоянды» учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр, – деді Мақсұт Қожанов.

Қала ішіндегі жол құрылысы жұмыстарында кідіріс жоқ. Биыл 128 шақырым жол жөнделеді. Нәтижесінде, жол төсемі­нің нормативтік жағдайдағы үлесі 72-ден 79%-ға дейін ұлғаяды.

Пичугин – Новоселов көше­ле­рін­де былтыр басталған күрде­лі жөндеу жұмыстары жалғасын та­уып жатыр. Барлығы 4,8 шақы­рым жол төсемін жаңарту қажет. Те­мір­жол вокзалынан Тереш­кова кө­ше­сіне дейін, 7-магистрал­ға шы­­ғар жолға дейін асфальт­та­лады.

Былтыр осы жолдағы су және кәріз желілері қайта құрыл­ған еді. Мұндай шаруа алдағы уақытта қандай да бір су, кәріз же­лісінен апат болған жағдайда, жаңа асфальтты қайта қопармау үшін жасалып отыр. Мұнымен қоса, Терешков көшесіндегі айналма жолдан Пригороднаяға дейін асфальтбетонның төменгі қабаты төселді. Енді ондағы жол қабаты толығымен ауыстырылады.

 – Қарағандыда жол жөндеу мау­сымы басталды. Қым-қуыт қала тіршілігінде жаяу жүргіншілер жо­лының құрылысы жөнінде айтылған сын-ескертпелерді негіз­ге аламыз. Жол қозғалысын тех­никалық реттеуді жайластыру расында сауатты көзқарасты талап ететіндей. Нөсерлі кәріз желі­­лерін салу межеленді. Кезең-кезеңімен қаржыландыру жүйе­сін нысана еттік. Бұл – ұтымды тәсіл. Тұтастай алғанда, қала бо­йынша 128 шақырым жөн­дел­мек. Ол үшін 24 млрд теңге қарас­ты­рыл­ды. Жұмыс үдерісіне 5 сатылы бақылау амалы­ іске асырылады. Жол активтері са­па­­сының ұлттық орталығының зерт­ханасы бақылайды. Соны технологияны сәтті енгізіп жатырмыз деп ой айтуға болады. Оның тиімділігін уақыт көрсетеді. Биыл орталық көше­лерді бір еңсеріп алсақ, одан кейін халық назары түскен жерлерге мән береміз. Биыл жөндеу жұмыстарының жоспары – 128 шақырым – 2 құрылыс нысаны, 2 күрделі жөндеу, 1 реконструкция, 127 орта жөндеу учаскесі, – дейді қала әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.

Бүгінде теміржол вокзалынан Гоголь көшесіне дейін жарық бағандарын алып тастап, жол төсемін фрезерлеу жүргізілген. Яғни Пичугин көшесінің 4,8 шақырымдық автожолын күр­де­лі жөндеу кезінде, асфальт төсемінің жоғарғы қабаты алынып тас­талған. «Жаңа асфальт төсеу үшін жер бедерінің тегістігіне аса мән берілді» дейді мамандар. С4 маркалы қиыршық тас материалы төселіп жатыр. Бұл қиыршық тас маркасы дренаждық қасиетке ие. Ауыр салмақ пен қытымыр аязға, түрлі температура мен ыл­ғал­ға төзімді.

– Осы бағыттағы жұмысқа 10 сәуірден бастап кірістік. Бұл көше көптен бері жөндеу көрмеген. Бірақ сараптау амалдарының нәтижесінде жол сапалы салын­ған. Біз енді мұнда үш қабатты төсем жасай­мыз. Барлық қабаты өздігі­нен жолдың жоғары сапасы мен беріктігін қамтамасыз етеді. Қа­жет мате­риалды дұрыс таңдау және төсеу технологиясын сақтау жол төсемінің оңтайлы өнімділігі мен беріктігіне кепілдік болады. Биыл жобаны ұтып алғандағы жоба құны 1,7 млрд теңге болған. Кейінірек қазіргі бағам мен санация қызметін ескере отырып, баға 3,6 млрд теңгеге жуықтады, – дейді «Агродор» ЖШС директоры Наталья Мальчушкина.

Шаһардың оңтүстік-шығы­сында «Заман», «Атамұра» тұр­ғын үй кешендері бой көтер­­ген аудандағы №1 учас­кеде жолдың түбін жайластыру, ны­ғыз­­дау, топырақ әзірлеу жұ­мыс­­тары жүріп жатыр. Бұрын мұнда асфальт мүлдем бол­ма­ған екен. Бүгінде нысандағы кәріз құдықтарын тазарту, жол құрылысының құжаты негізінде асфальтбетон төсеуден басқа да, көлік қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын орнату жоспарда бар көрінеді. Мысалы, автобус аялдамалары мен заманауи сыртқы жарықтандырудың мән-маңызы жоғары.

– Қосқабатты асфальтбетон төсеу­ді ойластырып отырмыз. Жаяу жүргіншілер жолын салу да ойымызда бар. Кәріз жүйе­сін салу өміршең мәнге ие. Жоба құны 3,2 млрд теңге шамасында. Бүгінде 300 млн теңге сомасын­­да­ғы қаражат игерілуде. Тосын жайлар кезікпесе, бұл бағытты қыркүйек айында қолданысқа беру көзделіп отыр. Жол – бұқара назарындағы дүние. Сон­дық­тан техникалық қадағалау жұмы­сына баса мән берілуі қажет. Талап жоғары, – дейді қа­ла­лық автомобиль жолдары сек­­торының меңгерушісі Мәді Қожанов.

«Битумның жартысы көршілес Ресейден, қалғаны Павлодардан жет­­кізіледі. «Битум нашар» де­меңіз. Өйткені титанды битумға қоспа ретінде қолданамыз. Бұл – ­ жол құры­лысындағы өрісті  ба­ғыт. Титан қоспалары жол төсемі­нің өнімділігін едәуір жақ­сар­та алады, олардың берік­тігін, тем­ператураға төзімділігін арт­ты­ра­ды, тозуын және «қартаюын» те­жейді», деп сендірді мердігер компания өкілі.

 

Қарағанды облысы