Шымкент • 29 Мамыр, 2024

Табиғатқа жанашырлық

41 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екін­­ші ай қатарынан өткізіліп келе жатқан «Таза Қазақ­стан» акция­сы Шым­­кент қаласында да игі жалғасын ­тауып келеді.

Табиғатқа жанашырлық

Айталық, қаладағы Абай ауда­нында бірқатар экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Соның бірі Темірлан тасжолында орна­лас­­­қан гүлзар айналасы тап-тұй­нақ­тай тазаланды. Оған бас-аяғы жүз­ден аса тұрғын қатысты. Олар­дың ішінде кәсіпкер, зиялы қауым өкіл­­дері, жастар, ерікті­лер бар. «Таза­­лық – денсаулық кепілі» деген ұранмен өткен іс-шарада ағаш­тар бұталып, түптері әктеліп, өскен шөп­тер орылып, егілген гүл­дер суа­рылып, қоқыстар сыртқа ­шы­ға­рылды.

Әйелдер істері жөніндегі ген­дерлік комиссия мүшесі, қоғам бел­сендісі Орынша Таджи­баева да табиғатты таза ұстау, қор­шаған ортаның таза­лығына жауап­кер­ші­лікпен қарау – әр адамның мін­деті, дейді. Осы ретте барша тұр­ғындардан еңбекті бағалауды, көлікте немесе жаяу кетіп бара жат­қанда жол-жөнекей қоқыс тас­тамауды сұрайды.

Осылайша, Абай ауданында өткен тазалық іс-шарасына 250-ден аса адам қатысты. Өз кезегінде бұл акция тек тазалық жұмыстарына емес, сонымен бірге тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлық сезімін оятуға, сол арқылы қаланың келешек санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталды.

Ауқымды іс-шара әл-Фараби ауданына қарасты Ә.Жангелдин көшесі бойындағы №28, 30, 32 көпқабатты тұрғын үй аумақ­тарында жалғасын тапты. Бұл үй­дің тұрғындары тазалық жұ­мыстарына білек сыбана кірісті. Олар, әсіресе өз аулаларындағы ағаштардың түптерін әктеп, айналасын бұтап, шөптерін отап, іші қоқысқа толып қалған ирри­гациялық арықтарды тазалап, ойын алаңқайлары мен оры­н­дықтарды сырлады. Халық­пен бірге айналаны тазалауға ­аудан ардагерлері де шықты. Олар­ға белсенді жастар қолғабыс көр­сетті. Коммуналдық қызмет­кер­лер игі істен шет қалмады.

Іс-шараға қатысқан аудан­дық ардагерлер кеңесінің төр­аға­сы Исамудин Наштайұлы Пре­зидентіміздің «Таза Қазақстан» акциясының науқандық іс-шара еместігін, бұған әрбір қала тұрғыны бейжай қарамай тазалық мәдениетінің өзімізден бастау алу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ тұрғындарды өз ­аулаларын таза ұстауға ша­қырып, жастардың тазалық әдебін сақтауға баса назар аудару керектігін еске салды.

Бұл күні Қаратау ауда­ны­­­на қарасты «Нұрсәт» ша­ғын­ ­­­­­ауданындағы «Астана» гүл­­­­­­за­рында 400-ге жуық тұрғын­ның атсалысуымен кезекті таза­лық жұмыстары өтті. Тазалау жұ­мыс­тары мұнда да өз жал­ғасын тапты. Адамдармен бірге он шақты техника жұмыл­дырылды. Нәтижесінде, жалпы көлемі 50 тонна қоқыс шы­ғарылды, 3 мың метрге жуық қоршаулар боялып, 500 кг сырлау материалы пайдаланылды.

Айта кету керек, көгалдандыру бойынша санитарлық жұмыстар Қаратау ауданының барлық елді мекенінде көктемнің бірінші күнінен бастап жүргізіліп келеді. Ал Бадам өзені жағалауындағы тазалық жұмыстарына Тұран ауда­нының тұрғындары мен коммуналдық сала қызмет­кер­лері, сондай-ақ эко-белсенді жас­тар көбірек атсалысты. Өйткені шаһардың солтүстік-батыс аумағын бойлай ағатын Бадам өзені шымкенттіктердің бір сәт тынығатын жері әрі өзен маңын жағалай қоныстанған елді мекендер егіндік пен бау-бақшалары­на суды осы өзеннен алады. Акция бары­сында адамдар өзен жағалауына жиналып қалған қоқыстарды тазалады. Судың арнасымен ағуына кедергі келтіріп тұрған тұрмыстық қалдықтарды алып тастап, су көздерін аршыды. Осы тазалық іс-шарасы барысында қаладағы «Қасірет» мемориалы айналасы мен Орталық саябақтың ішіндегі ескерткіш маңайы арам шөптер мен қоқыстан тазаланып, абаттандырылды.

 

ШЫМКЕНТ