Спорт • 29 Мамыр, 2024

Паралимпиадалық жаттығу орталығы кеңейеді

1525 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мүгедектігі бар адамдардың еркін жүріп-тұруына, өзін қоғамның тең дәрежелі мүшесі екенін сезінуге кедергісіз орта қажет. Өйткені бұл – ең бірінші кезекте адам теңдігінің кепілі әрі олардың саламатты өмір салтын ұстануға жағдай жасау.

Паралимпиадалық жаттығу орталығы кеңейеді

Осыған орай Астанада жазғы спорт түрлерінен пар­алим­пиадалық жаттығу орта­лы­ғының ауқымы кеңейеді. 2018 жылы Астанада ашылған жазғы және қысқы паралимпиада спорт түрлерінен ұлттық құрамалар мен спорттық резервтерді кәсіби даяр­лауға арналған нысан биыл жаңа спорт алаңдарымен толықты­рыл­мақ. Мүге­дектігі бар адамдарға арнал­ған мұн­дай орталықтар АҚШ, Ұлы­бри­тания, Жапо­ния, Оңтүстік Кореяда бар.

Аталған жобаға Қазақстан Ұлттық паралимпиада комитетінің пре­зиденті Қайрат Боранбаев қаржы бөлмек және бұл бірегей спорт нысаны ғана емес, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар адам­дарға арналған жабдықтарға қызмет көрсету орталығы болмақ.

«Орталықта отырып ойнайтын волейбол, баскетбол, бочча және арбадағы регби, голбол, арбадағы тенниске арналған спорт залдары бар. Ғимараттың жалпы ауда­ны 3431 шаршы метрді құрайды, спорт залдарының көлемі 48/26 метрге дейін жетеді. 2020 жылы УЕФА жобалық құжаттаманы әзірлеуге 45 мың еуро бөлген, бұл жобаның спорт қауымдастығы үшін маңызды екенін көр­сетеді», деді Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті.

Орталық адамдардың физикалық мүм­кін­дігіне қарамастан барлы­ғына қол­жетімді болатын арнайы көтергіш­термен және лифтілермен жабдықталады. Жо­баға УЕФА президенті Александр Че­фериннің өзі қолдау біл­дірген.

«Мұнда қызмет ететіндер де, жаттық­тырушылар да – ерекше қажеттілігі бар жандар. Мұның бәрі олардың бірін-бірі жақсы түсініп, қоғам өміріне еркін араласуы үшін қажет. Мүгедектігі бар кез келген адам осында келіп тегін жат­­тыға алады. Мұндағы арнайы ме­дициналық кабинет келушілердің ден­саулығын тексеріп, кімге қаншалықты жүктеме беруге, қандай спорт түрімен шұғылдануына болатынын анықтайды. Спорт нысанындағы баспалдақ пен пандустан бастап жарық жағу нүктелеріне дейін мүгедек жандардың жағдайына қарай жабдықталған. Барлығы ха­лық­аралық талаптарға сай», деді атал­ған комитеттің бас хатшысы Олжас Ақ­памбетов.

Оның айтуынша, Астанадағы жаңа паралимпиадалық орталық – жай ғана спорт нысаны емес, ерекше қажеттілігі бар адамдардың әлеуметтік дамуы үшін бірегей алаң. Паралимпиадалық орталық болашақта әлемдік чемпионаттар мен халық­аралық жарыстар өткізуге ниетті. Сондай-ақ білім жүйесін әлемдік деңгейге жеткізу жоспарда бар.

«Орталыққа 2021 жылы ота жасат­қаннан кейін келдім. Маған қал­қан­ша безінің қатерлі ісігі диагнозын қойды. Бәрі енді толыққанды өмір сүре алмайсың деді. Мен сол сәтте өмірден күдерімді үздім, салым суға кетті. Көп кешікпей осы орталыққа келдім. Паралимпиада орталығы мені өмірге қайта алып келгендей болды. Бүгінде үстел теннисінен біраз жетістікке жеттім. Республикалық, қалалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы атандым. Сондай-ақ халықаралық контенторға тө­релік етемін. Бұл – бір кезде өмірден кү­дер үзген мен үшін үлкен жетістік», дейді 51 жастағы паралимпиадашы Ольга Корх.

Жуырда Астанада 2024 жылы Па­рижде өтетін паралимпиада ойындарына 100 күн қалғанда Қазақстан мен Бразилия арасында волейболдан жол­дастық кездесу өтіп, құрама командамыз тағы бір белесті бағындырды.

«Волейболдан құрама команданың көрсеткіші жаман емес. Қазір Франция командасымен жолдастық кездесуге дайын­далып жатырмыз. Одан кейін Мысыр командасымен бақ сынасамыз. Бұрын волейболдан паралимпиадаға 12 команда қатысса, қазір іріктеуден өткен сегіз команда ғана қатысады», дейді волейболдан паралимпиада командасының жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов.

Ал blind футбол дегенді естуіңіз бар ма? Бұл – нашар көретін адамдарға арналған футбол түрі. Осы ор­талықта көзі мүлде көрмейтін спорт­шы­лардан құралған футбол командасы бар.

«Менің туғаннан көру қабілетім төмен. Уақыт өте келе көруім тіпті қи­ындай түсті. Осы орталыққа келген­ше өзім­ді қоғамнан бөлек, кем сезі­не­тінмін. Спорт  мүмкіндіктердің шек­сіз екенін көрсетті. Команданың ойнына сырттан қарап тұрған адам біздің зағип екенімізге сенбейді. Қазір әйелім, тәрбиелеп отыр­ған екі балам бар. Алға қойған жоспарымыз, мақ­сатымыз көп», дейді футболшы Қанат Ақынбаев.

Паралимпиадалық орталық – әлемдік чемпионаттар мен халықаралық жарыс­тар өтетін орын, сондай-ақ әлемдік дең­гейдегі білім орталығы болады деп жоспарланып отыр. Алда орталықтың жа­нынан тағы да бір құрылыс нысаны салынады. Құрылыс құны – 4,2 миллиард теңге, ашылуы 2026 жылғы 1 та­мызға жоспарланғанын айтады орта­лық қызметкерлері.