Қоғам • 30 Мамыр, 2024

Ең үлкен ерікті

48 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы айма­ғымызда айтарлықтай сипат алды. Аудан, қала, ауылдағы ағайын игілікті іске бір кісідей атсалысып жатыр. Әсіресе Шет ауданының Талды ауылында тұратын 72 жастағы Рымтай әжей Әбенқызының көк тракторын тізгін­деп, қыс бойғы жиналған күл-қоқысты сыртқа тегін тасып беруі – таңғалдыратын жайт.

Ең үлкен ерікті

Жасы жетпістен асса да, тракторға, үй мен түздің шаруасына әжей әлі тың. Еңбек жолын механизатор болып бастаған әжейдің көк тракторына деген құрметі ерекше. Ауыл әкімі дизель отынын құйып берсе бол­ды, кез келген өтінішін жер­ге қалдырмайды. Көк­ шық­қалы бері рес­пуб­ли­калық эко-акцияның белортасында жүр. Трак­то­ры­ның жүк таситын тірке­месімен күл-қоқысты ауыл шетіндегі полигонға тасып берді.

Бұған қоса Рымтай әжей – ауыл тұрғындары ара­сын­да өтетін «Таза аула» бай­қауының жыл сайынғы жеңім­пазы. Қар еріген бетте ауласын елден бұрын тазартып қоятыны – ауылға деген құрметі, табиғатқа деген жана­­шырлығы.

– Рымтай әжей – ауыл­дың қадірлі анасы. Ауылға ті­лекші, жанашыр жан. Еңбекке ерте жасынан ара­ласқан. Тыным таппайды. Даланың шаруасында да өзі жүреді. Ауылдан техника табылмай қалып жатса, бірден Рымтай әжей­дің көмегіне жүгінеміз. Жанар-жағармайын құйып бере­міз. Көк тракторымен көп шаруа­­­мызды бітіріп береді. Міне, бір айдан асты, эко­логиялық сенбілікке еңбегін сіңіріп жүр. Қысы-жазы кө­мегін аямайды, еңбегін пұлдамайды. Осындай үлкендеріміз бар кезде ауыл­дың береке-бірлігі арта түседі, – дейді ауыл әкімі Нұрлан Абжанов.

Рымтай Әбенқызы – Ақша­тау ауы­­лының тумасы. Ең алғаш 19 жасын­да жұмысқа механизатор болып орна­ласқан ол Талды ауылында тракторымен жер жыртып, шөп шауып, мал бордақылау алаңдарында еңбек еткен.

Рымтай әжейдің күйеуі Ғазиз Иманбеков те меха­ни­зитор болыпты. Олар қыр­да бірге жарысып еңбек ет­к­ен. Бұл туралы кейіп­ке­­рі­міз естелігінде былай дейді.

– Үйден шығарда екеу­міз екі трактормен қырға қарай жарысып баратынбыз. Дегенмен менен озып кетсе, алаң­дап артына қа­рай­­лап қоятын еді. Жаз бойы екі трактормен қатар жү­­ріп, шөп шабатын едік. Күз келгенде қойшыларды кө­­ші­реміз. Техника бол­ған соң, бұзылмай қой­май­ды. Тоқ­тай қалып, сайман-сауы­ты­мызды алып шы­­ғып, жөн­деу­ге кірісіп кететін едік. Күйеуім еңбектен ­қаш­пай­­тын еді. Бар­­лы­ғын адал әрі таза істейтін, – дейді асыл әжей.

Рымтай Әбенқызы тағ­дыр сынағына сынбады. Темірдей төзімділік танытты. Құдай берген екі ұлы, артынша асыл жары дүниеден озды. Бірақ мо­йымады. Ішіндегі қайғы-мұңын еңбекке жұм­сады. Ерік-жігерін тіктеді. Қа­зір екі қызы, алты немересінің тілеуін тілеп отыр.

Ауыл анасы қара жұ­мыс­­ты талға­май­ды. Бір кез­­дері құрылысқа да қа­ты­сып, ауыл­дағы үйлерді жөн­де­ген. Түз­дің кез келген шаруасы әлі де қолынан келеді.

Әлді әжей бір кездері боз­­кілемде де белдескен. Шет ауданының 80 жылдық ме­рей­­­тойында әйелдер ара­сын­­­дағы күреске қатысып, ауыр салмақ дәреже­сінде өзі­­­нің 58 кило салмағымен біраз қар­­­сы­­ла­­сы­ның жауырынын жер­­­ге тигізгенін ел-жұрт әлі күнге дейін аңыз етіп айта­­ды.

Еңбек адамы Рымтай Әбен­қызы де­­­путат та бол­ған. Халық қа­­­­лау­­лысы ре­тін­­­­де Ақшатау ау­­лына қа­ты­най­тын жол­дың салынуына үлесін қос­қан.

Асыл әжейдің мынадай па­йымы бар: «Ауыл­ды тү­ле­ту – ұлтты ұлы ету». Сөз со­­­­ңын­да осыны бойтұмар етіп алған ауыл ана­сының ғұ­­мы­­ры ұзақ болсын ­де­мек­піз.

 

Қарағанды облысы