Спорт • 29 Мамыр, 2024

Жарыстар күнделігі

25 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған ха­лықаралық турнир аяқ­талды. Бұл жарыста еліміздің тоғыз боксшысы бас жүлде олжалады. Олар – Нұрзат Оңғаров (48 кг), Төлепберді Сүлеймени (51 кг), Ақылтай Рабатов (54 кг), Бағлан Кенжебек (57 кг), Нұржан Аман­гелді (71 кг), Фарух Тоқтасынов (75 кг), Нұрсұлтан Бейсембаев (80 кг), Ерке­бұлан Әкім­бай (86 кг) және Нұрсұлтан Аманжолов (+92 кг). Өзге салмақтарда тәжік Акмаль Убаи­дов (60 кг) пен Парвиз Кә­рімов (92 кг), қырғыз Омар Ливаза (63,5 кг) және армениялық Арутюн Акобкохян (67 кг) топ жарды.

Жарыстар күнделігі

Фото: gov.kz

  • Биыл Қытайда өтетін жастар арасындағы Азия біріншілігіне қатысатын үстел теннисшілері Алматыда анықталды. Бұл жарыс­та еліміздің ұлдар командасы екінші орын алды. Ал­дымызда – Иран. Дәл сол парсы елі өкілдері мен Өзбекстанды алға жіберген қыздарымыз үшінші сатыға табан тіреді. Біздің команда құрамында Алан Құрманғалиев, Сарвиноз Мірқадырова, Жанерке Көшкімбаева, тағы басқа танымал спортшылар өнер көрсетті.
  • Кәсіпқой рингте аса жеңіл салмақта (53,5 кг) күш сынасып жүрген қазақ қызы Балауса Мұздиман (3-0, 2 КО) өзінің келесі кездесуін 1 мамырда Алматыда өткізеді. Белгілі бапкер Сағат Мұсахановтың шәкірті үндістандық Моника Сингхпен (5-1, 3КО) қолғап түйістіреді.
  • Италияның Тоди қаласында стенд атудан «Green Cup» турнирінің тұсауы кесілді. 300 спортшының қатысуымен өтіп жатқан жарыстың алғашқы күні Никита Моисеев «трапта» қола медальды иеленді. Жаттығудың дәл сол түрінде құрамында Моисеевтен бөлек, Асылхан Айсалбаев пен Богдан Конченко сынды мергендері бар біздің команда үздік үштікті түйіндеді.
  • 2023/24 жылғы футбол маусымының қорытындысы бойынша Еуропаның ең мерген ойыншысы анық­талды. Дәстүрлі «Ал­тын бутсы» бұл жолы Мюн­­хеннің «Ба­ва­риясы» мен Англия ұлт­­тық құрамасының ша­буылшысы Харри Кейнге бұйырды. Биыл ол Бундеслигада 36 гол соқты. Екінші және үшінші орындарда – гвинеялық Серу Гирасси («Штутгарт», 28 гол) мен франциялық Ки­лиан Мбаппе («Пари-Сен-Жермен», 27 гол).
  • Футзалдан биыл күзде Өз­бекстанда жалауы желбірейтін әлем чемпионатының жарыс кестесі белгілі болды. D тобына өнер көрсететін Қазақстан құрамасы тұсаукесер ойынын 15 қыркүйекте Испанияға қарсы өткізеді. 18 қыркүйекте Ливия және 21 қыркүйекте Жаңа Зеландиямен шеберлік байқасамыз.
  • Теннисшілердің әлемдік рейтингі жаңартылды. ТОП-200 ойыншының қатарына енген отандастарымыздың нәтижелері мынадай: Елена Рыбакина – 4-орын, Александр Бублик – 17-орын, Юлия Путинцева – 39-орын, Александр Шевченко – 59-орын, Михаил Кукушкин – 136-орын, Денис Евсеев – 167-орын, Бейбіт Жұқаев – 171-орын, Тимофей Скатов – 199-орын. Ерлер мен әйелдер арасында сербиялық Новак Джокович пен поль­ша­лық Ига Свентек көш бастап тұр.
  • Өзбекстанның атақты спортшысы Оксана Чусовитинаға бірқатар рекордтық көрсеткіш тиесілі. Ол 1992-2021 жылдар аралығында 8 Олимпия ойындарына қатысты. Жер-жаһандағы бірде-бір гимнасшы осындай көрсеткішімен мақтана алмайды. Соның ар­қасында Оксананың есімі Гиннесс рекордтар кітабына енді. Атақты спортшы 1992 жылы Барселонада алтын, 2008 жылы Бейжіңде қола медальды олжалады. Әлем чемпионатында 11 рет (3 алтын+4 күміс+4 қола) жеңіс тұғырына көтерілді. Биыл жазда Чусовитина 49 жасқа толады. Соған қарамастан ол Париж Олимпиадасында өнер көрсету үшін жатпай-тұрмай даярланды. Бірақ Азия чемпионатында жарақат алуына байланысты төртжылдықтың басты додасынан шет қалды. Сөйтіп, Оксана Чусовитина өзінің тоғызыншы Олимпиадасына бара алмайтын болды.
  • 1 маусымда Алматыдағы ADD Аренада кәсіпқой бокс кеші өтеді. Сол жарыстың басты жекпе-жегінде еліміздің қос бокс­шысы – Виктор Коточигов (14-2, 5 КО) пен Мирас Ертанов (5-1, 3 КО) өзара күш сынасады. Сондай-ақ аталған турнирде алыс-жақын шет мемлекеттерден келген тағы бірқатар былғары қолғап шеберлері қолғап түйістіреді.
  • Халықаралық хоккей федерациясы (ИИХФ) өз рейтингін жаңартты. Үздіктер тізімінде 3 305 ұпай жиған Қазақстан 15-сатыға жайғасты. Ал көш басында – Канада құрамасы (4 100). Сондай-ақ ТОП-5-тіктің қатарына Ресей (4 065), Финляндия (3 955), Чехия (3 945) және Швейцария (3 945) командалары енді. 
Соңғы жаңалықтар