Зерде • 31 Мамыр, 2024

Үркіншілік – қазақ халқының қасіреті

141 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия атқарған сан салалы жұмыстың қатарында осыған дейін әлі де болса, зерттелмей келе жатқан мәселенің бірі – үркіншілік немесе босқыншылық жөнінде комиссияның республикалық жұмыс тобының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің қауымдастырылған профессоры Раушан Қайсақызы АЙДАРБАЕВАНЫ әңгімеге тартқан едік.

Үркіншілік –  қазақ халқының қасіреті

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

– Раушан Қайсақызы, алдымен үркіншілік яки босқыншылық мәселе­сіне түсініктеме беріп, бұл тақырып­тың зерттелмеген қандай бағыттары бар екеніне тоқтала кетсеңіз.

– Ең алдымен, Қуғын-сүргін құрбан­дарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия үш жыл ішінде өте маңызды, ауқымды істерді атқарғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде елімізден 1920-1930 жылдары еріксіз, мәжбүрлі түрде шетелдерге кеткендердің, жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған босқындар тағдырын, тарихын зерттеу жұмыстары да тыңғылықты жүргізілді.

Большевиктік-сталиндік идеология мен насихатқа негізделген кеңестік тарих ғылымы, сондай-ақ посткеңестік кезеңдегі жергілікті ғалымдардың қазақ жерінде орын алған жаппай бос­қын­шылықтың шынайы себептерін бүрке­мелеп, тұрғылықты жерін тастап, респуб­ликамыздан тыс жерге кетуге мәжбүр болған адамдарды «откочевник» – «ауа көшушілер», «қоныс аударушылар» деп атап келді.

Бұл мәселеге көзқарас Саяси қу­ғын-сүр­гін құрбандарын толықтай ақтау жө­ніндегі мемлекеттік комиссия құ­рыл­ғаннан кейін ғана түбегейлі өзгерді. Комиссия қызметін үйлестіру үшін Жобалық кеңсе, сонымен қатар стратегиялық және тактикалық жос­парларды әзірлеу мақсатында құқық қорғаушы ғалым С. Қасымовтың басшы­лығымен әдістеме жөніндегі кіші комиссия құрылды. Мемлекеттік комис­сияның ұйымдастырушылары мен жаңа әдіс­нама авторлары жаппай қуғын-сүргінді зерттеу аясында мәжбүрлі босқындар бо­йынша жұмыс тобын жасақтады. Үш жыл үздіксіз жұмыс істеген маман-ғалымдар бұған дейін жабық болып келген мұрағат материалдарымен таныса отырып, сондай-ақ бұрын зерттелмеген өңірлік, аудандық мұрағаттар негізінде ХХ ғасырдың бірінші жартысында орын алған босқыншылық қазақ халқының басындағы аса ірі трагедия болды деген қорытындыға келді.

Халқымыздың басынан өткен осы қасіреттің әлі де болса толық ашылмаған жақтары бар. Біз Отанымыздан тыс жерлерге мәжбүрлі түрде қашудың саяси себептерін, аштықтан, суықтан, аурудан қырылған адам санын, әсіресе, балалар мен қарттар арасындағы шығынды әлі толық зерттеп біткен жоқпыз. Мәжбүрлі босқыншылықтың ұлтымызға тигізген материалдық және моральдық зияны сынды толғақты мәселелердің де әлі күнге дейін басы ашық.

Жалпы, үркіншілік немесе босқын­шылық дегеніміз – қалып­тасқан саяси-әлеу­меттік, экономи­ка­лық және та­би­ғи-климаттық ауыр ахуал­дарға, апат­тарға байланысты адам­дардың атақоныс­тары­нан, тұрғы­лық­ты мекен­дерінен амалсыз босып, басқа жаққа мәжбүрлі көшуі. Босқыншы­лықтың азапты ахуалын қазақ халқы ХХ ғасырда екі рет бастан өткерді. Үлкен босқыншылық 1916-1921 жылдары болды. Ұлт-азаттық қозғалыстың аяусыз басып-жаншылуы, 1918-1920 жылдардағы азамат соғысы мен 1921 жылғы аштық кезінде қазақтар босқыншылыққа ұшырап, аса қасіретті кезеңді бастан кешті.

Ал аса ауқымды, жан түршіктірер алапат босқыншылық қазақ жерінде 1928-1934 жылдары көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларының малын жаппай тәркілеу, зорлап отырық­шыландыру, күшпен ұжымдастыру және халық көтерілістерін қару қолдану арқылы жаныштау барысында орын алды. Соның салдарынан қазақ даласында жаппай аштық басталып, халықтың бір бөлігі жан сауғалап, өзін, отбасы мүшелерін, туған-туысқандарын өлімнен, қудалаудан сақтау үшін шекара асып, босып кетуге мәжбүр болды. Оларға ресми билік «откочевники», «укочевники», кеңес өкіметіне қарсы «бандформирования» деген жалған атау беріп, сол арқылы қазақ халқының басындағы үлкен қасіретті жасырып қалуға тырысты. Бұл Ф.Голощекин айтқандай, «көшіп үйренген қазақтардың дәстүрлі көшуі» емес еді. Қыстың көзі қырауда мал-жанынан айрылған, жұпыны жеңіл киінген қазақтардың солтүстікке қарай босуының өзі мәжбүрліктен болғандығын дәлелдейді.

Босқын мәртебесі туралы конвенция 1951 жылдың 28 шілдесінде қабылданғаны белгілі. Оның негізіне 1920-1930 жылдары Женевада қол қойылған орыс және армян, сонымен қатар Германиядан келген босқындар туралы келісімдер мен хаттамалар алынған. Осыған сүйене отырып, қазіргі Конвенцияға негізделген босқындардың мәртебесі мен құқықтары туралы халықаралық актілер қазақ халқы үшін қасіретті кезеңде қабылданып қойғанын білуге болады, бірақ олар біз­дің босқындарға қолданылмады. Бұл кеңес өкіметінің қазақ жеріндегі жаппай саяси қуғын-сүргін, кейбір жерде болған жұт, аштық салдарынан туындаған жап­пай босқыншылық фактілері туралы ақ­параттың таралуын болдырмау жөнін­дегі саясатына негізделді. Қазақ босқын­дарының мәртебесі туралы мәселе ұзақ уақыт билік назарынан тыс қалды. Тек Пре­зи­дент Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын толық ақтау үрдісі барысында босқындар санаты алғаш рет зерттеу нысанына айналып, оларға толық саяси баға беру мүмкіншілігі туды. Бос­қын­дар да большевиктік-cталиндік би­лік­­тің жаппай саяси қуғын-сүргінінің құр­бан­дарының санаттарына күмәнсіз кіріп отыр.

– Мәжбүрлі үркіншіліктің себеп­теріне кеңірек тоқталып өтсеңіз. Босқыншылық еліміздің қай аймақ­тарын қамтыды?

– Жалпы, үркіншілік аумағы өте кең болғанын айрықша атап кеткен жөн. Босқыншылыққа ұшырамаған аймақ жоқ, оның себептері барлығына ортақ. 1928 жылдың 9 тамызында қабыл­данған Бүкілресейлік коммунистік (боль­шевиктік) (БРК(б)П) Орталық Коми­тетінің (ОК) «Шаруашылықтарды тәркілеу және аса ірі мал өсірушілерді жер аудару туралы», 1928 жылғы 27 та­мыз­дағы Қазақстан Өлкелік атқару коми­теті мен Халық комиссарлар коми­тетінің «Ірі бай шаруашылықтары мен жар­тылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» декреттерінің аса ауыр зардабы болды. Бұл шаралар қазақтың дәстүрлі шаруашылығына қатты соққы болып тиді.

Байлардың шаруашылықтарын тәркілеу деген сылтаумен олардың мал-мүлкі талан-таражға түсті. Сондай-ақ өз күндерін өздері көріп отырған, қазақ шаруаларының ең еңбекқор тобы – орташа шаруалар да қудалауға ұшырап, тіршілік құралдарынан ажыратылды. Күштеп жасалған ет, астық, мал дайындау науқандары, салық салу саласында орын алған өрескел бұрмалаушылық халықтың жағдайын күрт нашарлатты. Содан кейінгі ұжымдастыру мен оты­рық­шыландыру шаралары орасан зор қасіретке алып келді, ел ішін жап­пай аштық жайлады. Аталған іс-шара­ларды жүзеге асыру барысында адам құқық­тары аяққа тапталды: олар тірші­лік ету құралдарынан ажыра­тыл­ды; меншіктерінен, дауыс беру және азаматтық құқтарынан күштеп айы­рыл­ды; еркінен тыс туған жерінен жер аударылды; жазалау органдары адамдарының қолдарымен негізсіз соттау әрекеттері жиі орын ала бас­тады. 1926 жылғы РСФСР Қылмыстық кодексінің 58, 82, 84, 59-3-баптары бо­йынша жауапқа тарту күрт өсті.

Мұқтаждық қуған адамдар тобы бір ғана мақсатпен – тірі қалу үшін тұрғы­лықты мекендерін тастап қалаларды, кенттерді, теміржол стансаларын жаға­лап кетті. Босқындар арасында індет аурулары тарап, аштықтан әлсіреген адамдар көптеп қазаға ұшырады. Ал шекаралық аймақ тұрғындары көршілес, сондай-ақ шет мемлекеттер (Қытай, Үндістан, Ауғанстан, Иран, Түркия) аумағына шұбыра көшті. Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың (ОГПУ) толық емес мәліметтері бойынша, тек 1930 жылдан 1932 жылдың маусымына дейінгі аралықта елімізден жаппай қу­ғын-сүргінге, аштыққа байланысты тұ­рақ­ты, тұрғылықты жерін тастап 281 231 ша­руа­шылық босып кеткен, бұл шама­мен 1 124 924 – 1 406 155 адамды құрайды.

Қазақтардың іргелес өңірлерге көшіп барып қоныстануына нақты дәлел болатын деректер 1926 және 1939 жылғы санақтарда келтірілген. Осы екі аралықта қазақтың өз жерінде саны азайып, ал керісінше РСФСР-дағы қазақтар саны 2,3 есе, Өзбекстанда – 1,7 есе, Түрікменстанда – 6 есе, Тәжікстанда – 7 есе, Қырғызстанда 10 есе өскен.

Мемлекеттік комиссияның осы мәселемен айналысқан жұмыс тобының мүшелері отандық, шетелдік архивтер­дің бұрын беймәлім болған құжаттары­мен таныса келе, Қазақстаннан тыс жерге босып кеткен халықтың саны шама­мен 1 млн 800 мың – 2 млн адам аралығында деген тұжырым жасап отыр. Шындығында, бұл мәліметтерді толық деп айта алмаймыз, босқындар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.

– Елімізден тыс аймаққа кеткен бос­қындардың жағдайы туралы мәлі­мет­тер бар ма? Жаңа жерлерде олардың әлеуметтік бейімделу үрдісі қалай жүрді?

– Архив деректері көршілес аймақ­тарға ауып барған қазақ босқындары­ның аянышты жағдайынан мол мәлімет береді. Мысалы, Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор, Қорған, Түмен, Омбы, Новосібір, Челябі және Алтай өлкесі аумағына қашқан қазақтардың шығу аумағы Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қос­танай, Солтүстік Қазақстан, Павло­дар, Семей, Шығыс Қазақстан облыстары болды. Әрине, оларды ешкім құшақ жайып қарсы алмағаны белгілі. Архив деректерінде «1930 жылдың көктемінде, қар көбесі сөгілген кезде жол бойынан аштықтан әлсіреп құлап, аязда үсіп өлген қазақтардың мәйіттері көптеп табылып жатыр» деген мәліметтер жиі кездеседі. Қыстан аман шыққан босқындардың да жағдайы өте қиын болды. Босқындардың басым көпшілігінің орыс тілін білмеуі олардың жұмысқа орналасуына кедергі жасады. Сонымен қатар жұмыс күшінің жетіспеуіне қарамастан, «қазақтарды жұмысқа алмау» туралы бұйрықтар жиі кездеседі. Жұмысқа орналасқан күннің өзінде де жалақы мен азық-түлік пайктері жеке өнімділікке байланысты болды, ал аштықтан әлсіреген босқындардың өндіріс нормасын орындауға күштері келмеді.

«Көшпелі халықтарды социализм рельстеріне көшіру» саясатының нәтижесінде көптеген адам зардап шекті. Бірақ солардың ішіндегі ең қорғансызы балалар болды, аштық пен жаппай босқыншылық салдарынан жетімдер мен тастанды балалардың саны күрт өсті. Мысалы, 1932 жылы наурыз-сәуір айларында Орта Еділге барған Бүкілодақ­тық орталық атқару комитеті (БОАК) жанындағы Балалар комиссияның бригадасы Орта Еділ өлкесінің 11 ауданында 50 мың босқын қазақтың бар екенін, олардың 30 па­йызы балалар екенін анықтаған. Балалар­дың санитарлық-тұрмыстық жағ­дайы жантүршіктірерлік аса ауыр болды: олар ылғалды, қараңғы қираған жеркепелерде өмір сүрді, басым бөлігінің киерге киімі жоқ, жалаңаш, аштықтан ісініп кеткен. Комиссия балалар арасында өлім-жітімнің аса жоғары екенін және оның 85 пайызы аштықтан болғанын дәлелдеген.

Босқындардың тағы бір басты бағыты Қытайдың Шыңжаң өлкесі болды. ОГПУ-дың Құпия-саяси бөлімінің «Қазақ­станнан Қытайға көші-қон туралы» 1931 жылдың қазанындағы арнайы анықтамасында шекаралық белдеу­­дегі халықтың босқыншылыққа ұшы­рауы­ның басты себептері аталған: түрлі шаруа­шылық науқаны кезінде орын алған асыра сілтеушілік, тұрғындарды өнер­кәсіп тауарларымен қамтамасыз етуде жіберілген олқылықтар, кеңестік билік­ке қарсы топтардың белсенділігінің артуы.

Шығыс Қазақстан облысының Қытай­мен шектесетін Зайсан, Тарба­ғатай, Катонқарағай, Күршім, Үржар, Мақан­шы аудандарынан босқындардың саны 1930 жылға қарай өсіп, шекара маңын­дағы елді мекендер қаңырап, бос қала бастады. Бір ғана Зайсан ауданынан 1930 жылы Қытайға шамамен 1 238 отбасы көшіп кетті, бұл аудандағы халықтың үштен бір бөлігі еді. Жалпы елдің ше­кара­лық аумақтарынан 1930-1932 жыл­­дары Қытайға кем дегенде 200 мыңға жуық босқын өтіп кеткен.

Босқындардың бір бөлігі шекара асу кезінде жергілікті құпия полиция (ОГПУ) тарапынан адам сенгі­сіз жауыздықтың құрбаны болды. Катон­қарағай, Тарбағатай, Зайсан аудандарында әскерилер тарапынан босқындарды жаппай қыру әрекеттері жиі орын алды. Шекаралық аймақта ашық террор бас­талды. ГПУ-дің Шекара күзеті және әс­кері басқармасының 1931 жылдың 28 ақ­панындағы баяндамасында «1930 жылы Қазақстан шекарасында босқындармен қақтығыс кезінде 734 адам өлтірілді, 38 адам жарақат алды, ал шекарашылар тарапынан шығын – 24 адам, 15 жараланды» деген мәліметтер келтірілген. Кеңес әскерлері босқындарды Қытай жерінде де қудалап барып, қырып отырғаны туралы мәліметтер бар.

– Қазіргі күні босқын санатындағы құрбандарды толық құқықтық, саяси ақтау үшін заң жобаларын әзірлеу қажет деп санайсыз ба?

 – Әрине. 1993 жылғы 14 сәуірде қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қуғын-сүргіннен зардап шеккендер санатына босқындарды жатқызбайды. Сондай-ақ 2009 жылдың 9 желтоқсанында қабылданған «Босқындар туралы» заң да тек республика аумағына пана іздеп келген шетел азаматтарының құқықтық мәртебесін, мемлекеттік қолдау шараларын айқындап берумен шектеліп, босқындардың құқықтық мәртебесі реттелмеген. Еліміз кеңес өкіметінің адамгершілікке қарсы қылмыстық саясатының жазықсыз құрбаны болған қазақ босқындары мен олардың ұрпақ­тары­ның тағдырына, олардың құқта­рын қалпына келтіру мәселесіне әлі де болса немқұрайды қарап келеді. Осы ол­қылықтың орны толтырылуы керек. Мемлекеттік комиссияның заңгер ғалымдары мен сарапшылары «Қазақ­станнан кеткен мәжбүрлі босқындар туралы» заң жобасын жасады. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін нәтижесінде босқындар мен олардың ұрпақтары жоғалтқан барлық ажырамас құқықтар мен бостандықтарды қалпына келтіру қажет.

– Мемлекеттік комиссияның жұмыс тобының қызметі барысында қиындықтар, әлі де шешімін таппаған мәселелер бар ма?

– Мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің басшылығымен қыруар жұмыс жүзеге асырылды. Жобалық кеңсенің басында С. Қасымов сияқты өз ісіне адал, қуғын-сүргін проблемаларын ұзақ уақыт, жан-жақты зерттеген маман, алға қойған мақсатқа жете білетін, беделді басшының болуы да шешуші рөл атқарды.

Дегенмен, кейбір басы ашық мәселе­лердің бар екендігін мойындауымыз керек. Жұмыс тобы мүшелеріне архивтердің құпия қорларында жұмыс істеуге рұқсат етілгенімен, табылған құжаттарды құпиясыздандыру үрдісі баяу жүріп жатыр. Сонымен қатар әлі де болса зерттеушілер үшін кейбір қолжетімсіз құжаттар мен қорлар бар. Тағы бір мәселе – архив материалдарын орталықтандыру мақсатында облыстардағы қуғын-сүргінге байланысты материалдардың басым бөлігі­н Алматы қаласындағы Президент архивіне алып кетуі өңірлердегі ғалым­дардың жұмысына кедергі болды. Соның салдарынан қазіргі таңда аумақтық ғалымдар мен зеттеушілер, қуғын-сүр­гінге ұшыраған құрбандардың ұрпақ­тары ата-бабаларының тағдырына қатысты құжаттарымен танысудан жасанды түрде қол үзіп отыр.

Облыстық және аудандық архивтерде сақталған 1920-1930 жылдарға қатысты құжаттардың бір бөлігі төте жазумен жазылған, бұл құжаттардың жағдайы аса мүшкіл. Архивтерде араб әліпбиімен таныс бірде-бір маман кездеспеді, мазмұны түсініксіз болғандықтан архив мамандары тарапынан немқұрайдылық басым. Аталған құжаттардың жағдайы аса мүшкіл, жойылып кету қаупі бар. Олар негізінен қазақ халқының тарихына тікелей қатысы бар екендігін ескерсек, төл тарихымызға қатысты маңыз­ды мәліметтерден айрылып қалуы­мыз мүмкін. Жергілікті архивтерде қуғын-сүргінге тікелей қатысы бар, араб графикасымен жазылған, нағыз құнды ақпараттар мен мәліметтер түгенделіп, ғылыми маңызы бар құжаттар Прези­дент архивінің қарамағына өтуге тиіс. Мамандандырылған ғылыми мекемелер тарапынан осы мәселеге жіті көңіл аударылуы қажет.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жомарт ОСПАН,

«Egemen Qazaqstan»