Көрме • 31 Мамыр, 2024

Ұмытылмайтын қасірет

52 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекеттік Орталық музейде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған халықаралық көрме ашылды. Тағзым іс-шарасы Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейімен бірлесе ұйымдастырылған. Қос елдің тарихшы ғалымдарын бір алаңда жинаған мазмұнды жиын «Орталық Азия елдеріндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту барысы: нәтижелері мен жалпы проблемалары» атты дөңгелек үстелге ұласты.

Ұмытылмайтын қасірет

Қарт тарихты қасіретпен айғыздаған қаралы кезең­нің картинасын көз алдыңа әкелетін фотоқұжаттар мен репрессия құрбандарының жеке затта­ры көрмеден орын алған. Олардың ішінде Қазақстан мен Өзбекстан­ның қуғын-сүргінге ұшыраған мем­ле­кет және қоғам қайраткерлері С.Қожанұлы, Ф.Зарипқызы, Т.Отар­баев, М.Мылтықбаев, А.Бай­тұр­сынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Ду­латұлы, М.Тынышбайұлы, Х.Досмұ­ха­мед­ұлы, т.б. қайраткерлерге тиесілі му­зейлік заттар бірден назар аудар­тады. Жәдігерлердің қатарында 1980 жылы Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбарам Сейфуллина мен ағасы Мәжит Сейфуллин өткізген пальтосы, патефоны және алтын қол сағаты, өзінің есімі жазылған темекі қорабы бар. Сондай-ақ бел­гілі алаш қайраткері Халел Дос­мұхамедұлының дәрігерлік мөрі, фо­тосуреттері және еңбектері қам­тылған. Өзбекстандағы қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтардың ақталуы туралы жазылған ақпарат­тық тақтайшаларды да көрмеден кездестіресіз. Онда 1930 жылы Қазақстанның Каспий бойы аудан­дарында үкіметтің ет жоспарына қарсы шеруге қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшырап, Өзбекстан аумағына өтіп кеткен 69 қазақстандықтың аты-жөні жазылған.

ап

Көрмені ашқан Мемлекеттік Орталық музей директоры Рашида Ха­рипова мен Өзбекстандағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейінің дирек­торы Бахтияр Хасанов зиялыларды қынадай қырған тарихтағы қилы кезең қос мемлекет үшін де орны толмас оқиға екенін, бұл қа­сірет ешқашан халық зердесінен өш­пейтінін атап өтті. Сондай-ақ көрменің ашылуында сөз алған ба­уыр­лас елдің ғалымдары бұл тақы­рыпты зерттеп-зерделеу ісі әлі де жалғаса беретінін, еліміз аталған тақырыпқа айрықша көңіл бөліп отырғанын айтты.

Дөңгелек үстел барысында ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы Қазақ­стан мен Өзбекстанның қоғам­дық-саяси тарихының саяси қуғын-сүргін тақырыптарын қамтитын мә­селелер кеңінен сараланды. «Қа­зақстандағы саяси репрессияның себебі мен салдары» тақырыбында баяндама жасаған академик Мәмбет Қойгелдиев жетпіс жылға жалғасқан кеңестік кезеңге нақты баға берілмей, тақырыпты ғылыми тұрғыдан тура қорыту түрлі кедергіге ұшырай бере­тінін мәлімдеді.

– Кейінгі жылдары жаңадан ашылған архив құжаттары бізге, зерт­теушілерге кеңестік кезеңде елде болып өткен саяси репрессия тақы­рыбы аясында бірсыпыра жаңа тұжырымдарға келуге мүмкіндік берді. Мемлекет басшысының жарлығымен құрылған комиссия, оның нәтижесінде жарық көрген 70-тің үстіндегі құжаттық жинақ бар. Бұл ретте біз көрші елдерден алда келеміз. Саяси репрессия – жал­пы­империялық құбылыс. Ә.Бө­кей­ханның: «Егер сіз өз халқы­ңызға пайдалы адам болғыңыз келсе, онда қазақ еліндегі Ресей әкім­шілігінің жер саясатын мұқият ойыңыздан өткізіп таныңыз, сонда сіз білгіңіз келетін сауалға жауап табатын боласыз» деген сөзі бар. Ал XX ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыс басына келген саяси басшылық мынадай үш құндылықты өз қызметінің негізгі мазмұнына айналдырды. Олар – атамекен жер және қазақ ұлты, сон­­дай-ақ осы екеуінің қалыпты өмі­рін қамтамасыз ете алатын мем­ле­кет­тілік. Большевизм мен алаштық басшылық арасындағы бітіспес қай­шылық осы үш құндылық төңірегін­де жүрді. Кеңес өкіметі тарапынан жүргізілген саяси репрессия ең алдымен қазақ ұлт-азаттық қозғалысы­на жасалған қиянат болғандығын айту парыз. Мемлекеттік комиссия тарапынан берілген есептердің бірінде саяси репрессия құрбаны болған 311 мың адамның ақталғандығы туралы айтылады. Осы келтірілген санның үлкен бөлігі азаттық қозға­лысқа тікелей атсалысқандар бол­ғандығы күмән тудырмайды. Саяси репрессия нәтижесінде қазақ халқы екі бірдей буын саяси ұлттық басшы­лығынан айырылды. Бұл, мәңгі ұмы­тылмайтын қасірет, – деді Мәмбет Қойгелдиев.

Өз кезегінде өзбек ғалымдары да саяси репрессия ұлт көшін алға сүйреген зиялыларды қуғынға ұшы­ратып қана қоймай, олардың есім­дерін тарих бетінен жойып жіберуге күш салғанын атап өтті.

«Бұл күнді ұмыту мүмкін емес. Ел басшылығы аталған тарагедияға айрықша көңіл бөліп, арнайы еске алу күнін белгіледі. Кейінгі жиырма жылдың бедерінде жүздеген зерттеу мақала жарияланып, қаншама тарихи деректі кітаптар жарыққа шықты. Өзбекстандағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі 2002 жылы есік ашты. Музей экспозициясы негізгі үш залға бөлінеді. Әміршіл жүйенің кәріне ұшыраған ірі қай­раткерлердің күрескерлік жолына, өміріне қатысты барлық дерек­ті осы жерден табуға болады. 40 мыңнан аса отандасымыз ре­прессия құрбаны болды. Қазақ елі де бұл қасіреттің салдарынан аз жапа шеккен жоқ. Тарихты зерде­леуге мүмкіндік туғызып, ортақ алаң ұсынған Мемлекеттік Орта­лық музей ұжымына алғыс білдір­гім келеді. Өз тарихын танып, одан сабақ алған ұлттың келешегі жар­қын», – дейді дөңгелек үстелде сөз алған Өзбекстандағы Қуғын-сүргін құр­бан­дарын еске алу мемлекеттік му­зейінің директоры Бахтияр Хасанов.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты ғылыми зерттеулер зерделенген басқосуда Өзбекстан Министр­лер кабинеті жанындағы қу­ғын-сүргін құрбандарын еске алу мем­лекеттік музейінің бас ғы­лыми қызметкері Бахром Израев, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі­нің жетекшісі, «Тіл-құрал» оқу-әдіс­темелік ғылыми зерттеу орталы­ғының директоры Райхан Имаханбет, Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университетінің «Ай­тылған тарих» ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі Забира Мыр­затаева баяндама жасады. Дөң­гелек үстел жұмысына ғалымдар мен оқытушылар, музей, кітапхана қызметкерлері қатысты.

 

АЛМАТЫ