Музей • 01 Маусым, 2024

Жымпитыда Сырым музейі ашылды

82 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы Сырым ауданында Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі жаңартылған ғимаратқа көшіп, бес экспозициялық зал келушілерге есігін айқара ашты.

Жымпитыда Сырым музейі ашылды

Талай-талай тарихи оқиғалардың тоғысында тұрған Жымпиты ауылына осындай үлкен музей көптен қажет болатын. Бұрын аудандық Мәдениет үйінің бір қабырғасын паналаған музей жәдігерлері үшін осыдан оншақты жыл бұрын екі қабатты бөлек ғимарат бөлініп еді. Алайда бұл нысанның құжатын реттеп, күрделі жөндеуден өткізіп, жаңаша экспозиция жасау ісі біраз жылға созылып кетті. Ақыры аудандық музейдің облыстық өлкетану музейінің филиалы болып қалыптасқанына 20 жыл толу қарсаңында мәдени нысан ашылып, көрермен көзайымына айналды.

– Бүгін Ақжайық өңірінің мәдениеті үшін мәртебелі оқиға болды. Сырым Датұлы атындағы музей екі қабатты, 800 шаршы метрлік ғимаратқа орналасты. Бұл музейдің берер тағылым, тәрбиесі мол. Облыста осындай тағылымы терең, жәдігерге толы мәдени нысанның ашылғанына бек қуаныштымыз, – деді облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев салтанатты жиында.

п

Жаңартылған музей бес экспозиция­лық залдан тұрады. Олар – Сырым батыр тарихи залы, Қадыр Мырза Әлі және аудан мәдениеті залы, этнография залы, табиғат, археология залы, соғыс және еңбек ардагерлері мен медицина, спорт залы.

Сырым батыр тарихи залында ар­хив материалдары, сырымтану бұрышы, тұлғаның ұрпақтары мен шежіресі туралы мәліметтер, сондай-ақ батырдың бес қару топтамасы, мөрінің көшірмесі қойылған. Осы музей үшін арнайы жасалған Сырымның балауыз мүсіні ерекше көз тартады. Мүсінді еліміздегі белгілі гиперреалист суретші Айдос Есмағамбетов жасаған. Ол бұған дейін де Абылай ханның, Абайдың, Барак Обаманың мүсіндерін балауыздан жасап, халыққа танылған еді. Суретші Сырым Датұлының мүсінін ел аузында жүрген аңыздарға және жымпитылық суретші Мұратбек Жоламановтың шығармаларындағы бейнеге сүйене отырып жасаған. Батыр мүсіні көз тартарлықтай ірі денелі, бойы 185 см, етігінің өлшемі 44-тен жоғары болып шыққан.

Батыс Қазақстан өңірінде тарихи тұлғаның есіміне байланысты жер-су атау­лары да аз емес. Мысалы, ел аузындағы «Сырым шыққан төбе», «Сырым бөгеті» деп аталатын нысан­дардың да шағын макеті музейде тұр. Сондай-ақ Хиуа хандығында жұмбақ жағдайда мерт болған батырдың ер-тоқымы жалғыз үзеңгісімен көпшілік назарына ұсынылған екен. Өйткені аңыз бойынша батырдың дұшпандары жаққан удан темір үзеңгінің өзі кейін еріп, жоқ болып кеткен...

Музей меңгерушісі Айнагүл Ой­шы­­­баеваның айтуынша, қазір қорда 6000-нан астам жәдігер бар. Музейде 16 қызметкер жұмыс істейді. Кең де келісті ғимарат Жымпиты өңірінің сан ғасырлық тарихын баяндайтын таңғажайып жәдігерлер қойылған экспозицияға толы. 

Ауданның мәдениет тарихы залы осы топырақтың тағы бір мақтанышы – Қадыр Мырза Әлі бұрышынан басталады. Қаламгердің жазу үстелі, машинкасы, шапаны, тұтынған заттары аңыз адамның өз қолтаңбасы қалғандығымен аса құнды. Бұл бөлмеде өңірден шыққан қаламгерлер, аудандық газет тарихы, алғашқы халық мұғалімдері, білім мен мәдениет саласының үздіктері, театр тарихы заттай жәдігерлер мен фото­суреттер арқылы көрініс тапқан.

Тағы бір зал әйгілі Қасым Аманжо­ловтың досы Абдолла Жұмағалиевтің ерлікпен қаза тапқан сәті көрсетілген диорамамен басталған. Мұнда Екінші дү­ниежүзілік соғыс ардагерлері тұтын­ған жәдігерлер, құжаттары мен марапаты, фотосуреттер қойылған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, тың игеру, аудан медицинасының 130 жылдық тари­хы, республикаға танымал ғалымдар мен спорт саласының ардагерлері тура­лы тарихты да осы жерден көруге бола­ды.

Келушілер үшін ең қызық бөлімнің бірі – табиғат, археология залы. Мұнда архео­логиялық қазба жұмыстары кезін­де табылған бұйымдар қойылған. Осы за­л­да өңірдің киелі жерлері картасы көр­некі жерде тұр. Қызыл кітапқа енген өсімдіктер, аң-құс тұлыптары қойыл­ған.

Этнография залы ұлтымыздың ұғы­мын­­дағы жеті қазына топтамасымен ­басталады. Жасыл жайлау, төрт түлік мал, ұлттық киім, зергер­лік бұ­йым­дар, ыдыс-аяқ, толық жабды­ғы­мен алты қанатты киіз үй өзінің эс­те­ти­калық талғамымен, шынайы ше­бердің қолынан шыққан шедевр бұйымдарымен таңдай қақтырады. Тоғыз жолдың торабында, Самара – Шым­кент халықаралық автожолының бойында тұрған Жымпитының толайым­ тарихы бұл музейге бас сұққан адамды бейжай қалдырмайды деген ойдамыз.

Айтпақшы, осы Жымпиты ауылында 1918-1920 жылдары Күнбатыс Алашорда үкіметінің кеңсесі болған тарихи ғимаратта орналасқан Алаш тарихы музейі де бар. Тарихи елді мекен Орал қаласынан 150 шақырым қашықта жатыр.

 

Батыс Қазақстан облысы