Қоғам • 01 Маусым, 2024

Ерлік туралы кітап

104 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапханада Астана әкімдігінің қолдауымен жарық көрген «Рақымжан Қошқарбаев: Рейхстаг­қа тігілген ту» кітабының таныстырылымы өтіп, «Ерлікке тағзым» атты архив құжаттарының көрмесі ашылды.

Ерлік туралы кітап

Биыл Халық қа­һар­ма­ны Рақым­жан Қош­қар­­баевтың туға­ны­на­ 100 жыл толады. Жер шары хал­қының 80 пайызын қам­ты­ған Екінші дүниежүзілік со­ғыс­тың негізгі бөлігі қазақ ба­ты­рының Рейхстагқа ту тігуімен тәмам­далды. Сондықтан оның ерлігі ұрпақтар жадында мәңгі сақ­тал­мақ. Мемлекеттік және орыс тілдерінде жарық көріп отырған жаңа кітапта жазылған мәліметтер архив құжаттары және батырдың туыстарынан алын­ған деректерге сүйенген. Бұл жинақ Халық қаһарманының өмір жолынан сыр шертетін мәлі­метке толы.

Іс-шараны жүргізген Астана қаласы Тілдерді дамыту және ар­хив ісі басқармасының басшы­сы Сәкен Есіркеп төл тарихымыз­да ел мүддесін бәрінен биік қо­йып, өшпес ерлік жасаған қа­һар­­мандар, тау тұлғалы тола­ғай­­лар аз емес екенін атап өтті. «Та­рихымызда әртүрлі себеп­пен Кеңес одағының батыры атағы берілмеген Қасым Қайсенов, Ра­қым­жан Қошқарбаев секілді алып­тар бар. Кейбір ерліктерге дер кезінде лайықты баға беріл­месе де, тарихтың әділ таразысы бәрін орнына қояды. Батыр баба­ларымызға көрсетіп отырған тағ­зым істеріміз осының айқын дәле­лі. Осыған байланысты ел көле­мінде түрлі іс-шара өтіп, қаһарманның есімі мектеп пен көшелерге беріліп жатыр. Елор­да­мызда Р.Қошқарбаевтың есімі бұған дейін қаланың ең келісті көшелерінің біріне беріліп, еңселі ес­керткіші тұрғызылған болса, жыл басында №44 орта мектеп рес­ми түрде соның атымен аталды. Батыр бабаларды ұлықтау ісі мұ­ны­мен тоқтап қалмайды», деді ол.

Кітаптың тұсаукесерінде сөз сөйлеген тарихшы ғалым, «Ардагерлер ұйымы» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев Рақымжан Қошқарбаевтың өмір тарихына тоқталды. «Бұл соғыста 104 қазақ Кеңес одағының батыры атағын алды. Оның ішінде тек елімізде ғана емес, басқа мемлекеттерде тұрған қандастарымыз да бар. Бірақ нағыз халық таныған батырлардың осы топтан тыс қалғаны белгілі. Соның бірі Рақымжан Қошқарбаевқа тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Халық қаһарманы атағы берілді. Сонымен қатар Кеңес одағының батыры атағын бір рет алып, кейін екінші рет ұсынылып, алмай қалған батырларымыз да бар. Солардың бірі – Сағадат Нұр­ма­ғам­бетов. Олар қазақтың тарихында өшпес із қалдырды», деді ол.

Жиынға қатысқан Халық қа­һар­маны, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев қазіргі жастар Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен баһадүрлерге қарап өсуі керек екенін атап өтті. «Мен кезінде Германиядағы Подстам қаласында полк командирі болдым. Сол уақытта Берлиндегі үйімнен Рейхстагқа дейінгі қашықтық – бар-жоғы 700 метр еді. Оған жиі барып тұратынмын. Бірақ, өкінішке қарай, ол кезде Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі жайында ештеңе айтылмайтын. Тіпті көп адам Бауыржан Мо­мыш­­­­ұлының кім екенін білмейтін. Бір неміс офицері бірде маған: «Бақытжан, білесің бе, мына Рейхстагқа ең алғаш ту тіккен адам сенің жерлесің, ұлты қазақ» дегенде менің төбем көкке жеткендей болды. Өзімнің әлі күнге мұндай адам туралы білмейтініме қынжылдым», деді ол.

Тарих ғылымдарының докторы, генерал-лейтенант Абай Тасболатов та кеңес заманында өзге ұлттардың батырларын төбемізге көтере мақтап, өз қаһармандарымызды ұмыт қалдырғанымызды жеткізді. «Біз әскери оқуда жүргенде Александр Македонский, Суворов пен Кутузов секілді қолбасшылардың өмірі мен әскери тактикаларын бес саусағымыздай білдік. Ал өз батырларымыздың ерліктерінен бейхабар болдық. Енді қазір өшке­ні­мізді жаңғыртып, өткенімізді түген­дейтін шақ туды. Осы орайда мен Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен батырларымыз, биыл 100 жылдығы тойланып жатқан Рақымжан мен Сағадат ағаларымыздың ерлік көрсеткен уақытта әлі 21-ге толмағанын ерекше айтқым келеді. Талғат Бигелдинов 22 жасында екі дүркін Кеңес одағының батыры атанып үлгерді. Ал бүгінде 20-ға келген кейбір жастар әлі оңы мен солын тани алмай жүр. Сондықтан біз осы ата­ларымыздың ерік-жігері, ұлт­тық намысы қандай болғанын жас­тар­ға насихаттауымыз керек», деді ол.

Тұсаукесер рәсіміне қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай Р.Қошқарбаев секілді батырларға өз заманын­­да ресми атақ берілмесе де, халық жүрегінде әу бастан қаһар­ман­ ретінде қалғанын айтты. «Бауыр­­жан Момышұлы «Солдат ерлігін ұрлау – адам бейнесіндегі хайуанның ең сорақы қылмысы» депті. Рақымжандардың ерлігін ­­де көп уақыт ұрлап, жасырып кел­ді. Бірақ әділдік бәрібір орнады, қазақ өзінің қаһарманын таныды. Біздің бала күнімізде қандай идео­логия болса да, әке-шеше­міз­ Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккенін айтып отыратын. Ел ішінде балаларына, немерелеріне Рақымжан, Қошқарбай деп ат қойғандар көп», деді ол.

Сондай-ақ жиын барысында Мемлекет тарихы инсти­ту­­ты­­ның бөлім басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Құра­­лай Сәрсембина, Қазақстан Жазу­­шылар одағы Астана қала­лық филиалының төрағасы Дәу­леткерей Кәпұлы сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Іс-шара соңында жаңа кітаптың таспасын Өмірзақ Озғанбайұлы, Бақытжан Ертаев, Абай Тасболатов, Дархан Мыңбай кесті.