Аймақтар • 04 Маусым, 2024

Ел мерейін өсірген оқушылар

46 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көк тудың желбірегені жанына қуат беретін жастар көп бүгінде. Жанды тебірентіп, рухты оятатын патриоттық әнді жатқа айтумен қатар, еліміздің Туын әлемге мақтаныш тұтып жүргендері де аз емес.

Ел мерейін өсірген оқушылар

Жуырда Түркия мемлекетінің Ыстанбұл қаласында халықаралық «Ipek Yolu» балалар және жас таланттар өнер фестивалі өтті. Өнер додасына қатысқан Төле би ауда­ны Леңгір қаласындағы №5 мектеп-гимназия оқушысы Мейірхан Рахым жоғары дәрежеде өнер көрсеткені үшін Гран-при иегері атанды. Халықаралық байқауға әлемнің барлық мемлекетінен талантты жастар қатысып, бақ сынады. Сарапшылар кішкентай өнерпаздың сахнада өзін-өзі ұстауына, дауыс ырғағына, сезімталдығына жоғары баға берген. Ұстазы, музыка пәнінің мұғалімі Татьяна Матвееваның қолдауымен, әуезді даусымен өнерін шыңдай білген жас талант иесі бас жүлдені жеңіп алды. Димаш Құдайбергеннің әндерін тыңдап өскен Мейірхан тума талант иесі. Осы кезге дейін аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, өнерімен өрге шықты. Республикалық балалар шы­ғармашылық «Bala Fest» фестивалінде бас жүлде иеленсе, ал «Zhibek zholy Kazakhstan» байқауының Гран-при иегері атанды. Осы байқау нәтижесімен Түркияға арнайы жолдама ұтып алып, талантымен әлемдік деңгейге көтерілді.

Ел Туын Түркияда желбіреткен тағы бір дарын иесі – Сайрам ауданындағы М.Оразалиев атындағы №41 мектебінің 9-сынып оқушысы Кәусар Нұрланқызы көктемде жас суретшілердің «Ұлы дала ұрпағы» республикалық байқауына қатысқан болатын. Байқау барысында «Бейнелеу өнері» аталымымен марапатталып, Астанада өткен «Атадан мұра» қорының республикалық байқауларының суперфиналына, одан кейін Түркия еліндегі халықаралық байқауға жолдама жеңіп алған еді. Міне, енді Кәусардың жарыс жолы Түркия мемлекетінің Ыстанбұл қаласында жалғасты. Әлемнің күллі елінен қатысқан қылқалам шеберлері сайысында оның салған суреті үздік саналды. Нәтижесінде, «Дарынды жұлдыздар» балалар мен жасөспірімдер орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ipek yolu» халықаралық балалар фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. Еліміздің Туын әлемдік деңгейде биікке көтеріп, Әнұранын шырқатып жүрген жастар қаншама. Шетел­дерге жарысқа немесе байқауға атта­на­тындардың барлығы ел рәміздерінің мән-мағынасы, сипаты мен тарихын жатқа біле­тіні анық.

Жатқа біледі демекші, дүниежүзі мемлекеттерінің атаулары мен жалауларын жаңылмай танитын оқушы бар. Түркістан облысында. Бойындағы дарынымен ерекшеленген оқушыны ұстаздары да мақтан тұтады. Әр елдің атауы көбіне сол елді құрайтын ұлтқа байланысты қойылады. Мақтаарал ауданына қарасты Нұрлыбаев ауылдық округі №26 Ы.Алтынсарин мектебінің 6-сынып оқушысы Бағлан Әбдіғаппар атаулардың шығу тарихы мен мағынасын білуге қызығыпты. Ұстаздарының айтуын­ша, шет мемлекеттердің астанасы мен атау­ларын жаттауға 9-10 жасынан бас­тап қызығушылық танытқан. Содан бері дүниежүзінің картасынан өзі іздене отырып, 207 мемлекетті жаттаған. Бағланның дарынын алғаш байқаған – атасы Әбдіғаппар. Немересінің бойындағы ерекшелікті дамыту үшін ол Бағланның соңынан ерген іні-қарындастарына да мемлекеттердің атау­лары мен астаналарын орналасқан жері бойынша үйретуді әдетіне айналдырған. Әрдайым немересінің ынта-ықыласын дамытып отыруды қолға алған Әбдіғаппар ақсақал Бағланның бұл ерекшелігін одан әрі дамытып, көпке үлгі болса деген ниетте.

 

Түркістан облысы