Теннис • 03 Маусым, 2024

Мертенстен мерейі үстем

25 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парижде өтіп жатқан «Ролан Гаррос» турнирінің жекелеген сайысында Қазақстанның бір ғана теннисшісі қалды. Ол – Елена Рыбакина. Еліміздің бірінші және әлемнің төртінші ракеткасы үшінші кезеңде бельгиялық Элизе Мертенспен шеберлік байқасты.

Мертенстен мерейі үстем

28 жастағы Фландрия айма­ғының тумасы айналдырған төрт-бес жыл аралығында АҚШ пен Аустралияның ашық біріншіліктері және Уим­бол­донда бас жүлдені олжалады. Басқа да бірқатар халықаралық турнирде үздіктер қатарынан көрінді. Бірақ бұл табысқа Элизе жұптық жарыстарда қол жеткізді. Ал жекелеген са­йыс­та Мельбурнде жартылай финалға дейін жетіп, Нью-Йоркте екі рет ширек финалға шықты. Қазіргі кезде Мертенс WTA рейтингінде 27-орында. Бұл кездесуде Рыбакина қарсыласына бас көтертпеді. Небәрі 1 сағат 08 минутқа со­зылған сайыс 6:4, 6:2 есе­бімен аяқталды.

Төртінші кезеңде Елена украиналық Элина Свито­линамен сайысқа түседі. Әлемдік рейтингте 19-сатыға жайғасқан 29 жастағы Одессаның тумасы US open (2019 жылы) мен Уимблдонның (2019, 2023) жар­тылай финалында және Аус­тралияның ашық біріншілігі (2018, 2019) мен Ролан Гарростың (2015, 2017, 2020, 2023) ширек финалында ойнап, WTA тур­нирлерінде 18 мәрте топ жарды.