Спорт • 04 Маусым, 2024

Жарыс күнделігі

112 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ қызы Айкөркем Батихан садақ атудан Ыстанбұлда өткен «Fetih Kupası» турнирінің жеңімпазы атанды. Аталған додада 20 мемлекеттен келген 300-ге тарта мерген бақ сынады. Бір айта кетерлігі, Айкөркемнің осы спорт түрімен айна­лысқанына небәрі бір жарым жыл ғана болды.

Жарыс күнделігі

Фото: gov.kz

  • Таеквондодан әскерилер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 1 алтын мен 3 күміс медальға қол жеткізді. 53 кг салмақта өнер көрсеткен Ясмина Нарбаева финалда неміс спорт­шысын ұтып, алтыннан алқа тақса, Жаво­хирхон Исламов (58 кг), Аманбол Бегімбетов (63 кг), Нұрай Бауыржанова (49 кг) ақтық сында ұтылды.
  • Лондондағы «Уэмбли» стадионында өткен УЕФА Чемпиондар лигасының финалында Мадридтің «Реалы» мен Дортмундтың «Боруссиясы» шеберлік байқасты. Бұл матч 2:0 есебімен корольдік клубтың пайдасына шешілді. Испандықтардың сапындағы Даниэль Карвахаль 74, Винисиус Жуниор 83-минуттарда нысананы дәл көздеді. Сөйтіп, «Реал» өз тарихында 15 рет қарт құрлықтың ең белді кубогін иеленді.
  • Қазақстанның көркем гимнасшысы Елжана Тәниева Париж Олимпиадасы қарсаңындағы жаттығуын Германияда өткізуді жөн көрді. «Алда екі әлем кубогі бар. Бұл жа­рыс­тар Еуропада өтеді. Қазіргі кезде Ел­жананың бағдарламасын жаңар­тып, күрде­лендіруді көздеп отырмыз. Бұл өзгерістердің қандай нәтиже бергенін жоғарыда айтылған халықаралық бәсекелер барысында байқап көреміз. Көп ұзамай Германияда жаттығу жиы­нын өткіземіз. Ал ауа райына бейімделу үшін Олимпиадаға бір апта қалғанда Испанияға сапар шегуді жоспарладық», дейді ұлттық құра­маның бас бапкері Әлия Юсупова.
  • 2028 жылы Лос-Анджелесте алауы тұта­натын Олимпия ойындарына Халықаралық бокс қауымдастығына (IBA) мүше мемлекеттердің өкілдері қатыспайды. Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) осындай қатаң талап қойды. Олар «IBA-да былық көп. Олар таза спорттық қағидатты ұстанбайды. Өздерін сыйлайтын ұлттық федерациялар аталған ұйымның құрамынан шығуға тиіс» деп мәлімдеді. Бұл жағдай көптеген елді тығырыққа тіреп отыр. Өйткені қазіргі кезде әлемнің 200-ден аса мем­лекетінің федерациялары IBA-ның мүшесі. Солар­дың қатарында Қазақстан да бар.
  • Қазақстан Ұлттық Олимпиада коми­тетінің (ҰОК) президенті Геннадий Головкин Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) Olympism 365 комиссиясының мүшесі болып тағайындалды. Бұл туралы ХОК президенті Томас Бах Қазақстан ҰОК-ке ресми хат жолдау арқылы хабарлады. Ол хатта «Сізді комиссия мү­шесі етіп тағайындау мен үшін үлкен мәртебе. Ко­миссия жұмысына қосатын үлкен үлесіңіз үшін сізге алдын ала алғыс білдіремін», деп жа­зылды.
  • Қазақстанның хоккейшісі Әділ Беке­таевтың соққысы Чехияда өткен әлем чем­пионатының қорытындысы бойынша екінші орынды иеленді. Оның қарсыластар қақпасына бағыттаған шайбасы сағатына 162,38 шақырымдық жылдамдықпен жүйіткіген екен. Ал бұл аталымда Виктор Хедман озды. Швециялық қорғаушының соққысы саға­тына 163,05 шақырымдық жылдамдықпен зымырады.
  • АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы Ньюарк қаласында аралас жекпе-жектен UFC 302 турнирі өтті. Басты жекпе-жекте жеңіл салмақ­тағы ресейлік Ислам Махачев америкалық Дастин Порьені бесінші раундта «қылқындыру» әдісімен ұтып, чемпиондық атағын сәтті қорғады. Осы жеңістен кейін дағыстандық файтер жартылай орта салмаққа ауысуға ниетті екенін мәлімдеді. Ал бұл салмақта қазақтың қайсар ұлы Шавқат Рахмоновтың өнер көрсетіп жүр.
  • Спорттық гимнастикадан Словенияның Копер қаласында өткен «Challenge Cup» додасында Диас Тойшыбек «ат» жаттығуында күміс медальды иеленді. Бас жүлдені украиналық Илья Ков­тун олжаласа, хорватиялық Матео Жугец қо­лаға қол созды.
  • Еліміздің танымал кәсіпқой боксшысы Ангелина Лукас Бангкоктағы бокс кешінде индонезиялық Харма Йестимен жұдырықтасып, оны ұпай санымен ұтты. Бұл – отандасымыздың оныншы жеңісі!
  • Швейцарияның Ньонында футзалдан 2026 жылы жалауы желбірейтін Еуропа чемпио­натының іріктеу турнирінің жеребесі тартылды. Алтыншы топқа түскен жерлестеріміз Армения, Дания және Албанияға қарсы ойнайды. Іріктеу сыны биылғы жылдың желтоқсанында басталып, келесі жылдың сәуірінде аяқталады. Ал сары құрлықтың басты додасы 2026 жылғы 18 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтеді.