Денсаулық • 05 Маусым, 2024

Аңсаған сәбиін әлдилеген аналар

47 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде бала сүюді аңсап жүрген ерлі-зайыптылардың ­статистикасын ескерген қауым, экстракорпоральды ұрық­тандыруға (ЭКҰ) бөлінетін квота көлемін арттыру туралы ұсынысты бірнеше жыл айтып келді. Дәрігерлердің, әсіресе ЭКҰ-ға мұқтаж отбасылардың сұранысы бойынша Мемле­кет басшысының тапсырмасымен 2021 жылдан бастап жасанды ұрықтандыруға бөлінетін квота саны 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейді.

Аңсаған сәбиін әлдилеген аналар

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Балалы болуды жылдар бойы күткен отбасылар дәрігерден-дәрігерге қаралудан қашпайды. Біріне-бірі тіреу болған ерлі-за­йыптылар үмітін үзбей, тіпті дәс­түрлі емес ем-домға да жүгініп, әулиелі жерлерді де аралап жататыны бар. Бірақ денсаулық­та­ғы кінәратқа бетпе-бет келіп, ем-шараларға кірісуді ойластырып жүргенде уақыт та бір орында тұрмайды ғой. Бес-он жыл дегеніңіз де сусып өте шығады. «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағ­дарламасы арқылы баласын бауырына басқан отбасылардың айтатыны да «бағдарламаға ертерек қатысқанда болар еді» деген өкінішпен емес, тілекпен үндеседі. ЭКҰ-ға арнайы квота бөлуді мемлекет 2010 жылдан қолға алып, сол кезде небәрі 100 ғана квота бөлін­ген. Ал қазір бағдарлама арқылы сә­билі болғандар квота санын 7 мың­нан асырса, баласын құшағына бас­қан ата-аналар көбейсе деген өті­ніш-тілегін айтудан жалықпайды. Бұл бағдарламаның әуелдегі мақ­саты – қосалқы репродуктивті тех­нологиялардың көмегімен от­басылық-демографиялық мәсе­лелерді шешуге жәрдемдесу болса, бүгінгі күні де бағдарлама ба­ғытынан айныған жоқ. Бірер күн бұрын Балаларды қор­ғау­дың халықаралық күні қарса­ңын­да өткен фестивальда Ден­саулық сақтау министрі Ақма­рал Әлназарова аталған бағдарла­ма­­ның нәтижелі іске асып келе жат­қанын айтып, дәрігерлерге табыс тілеген еді.

«Әрбір ата-ана үшін перзентін бауырына басу ең үлкен бақыт деп білемін. Еліміз егемендік алған жылдан беріге дейін 30 мыңнан астам сәби осы экотәсіл арқылы дүниеге келді. Бұрындары осы әдіске жүгінуді көздеген отбасылар 5-10 жылдап кезек күтетін. Өзіміз де өңірде жұмыс істегенде осыны көрдік, білдік. 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың шешімімен квота саны 7 есе көбейгенін білесіздер. Осының есесіне кейінгі үш жылдың ішінде 7 мыңнан астам сәби дүние есігін ашты. Отбасылардың үмітін оятып, осы жолда еңбектеніп жүрген медицина мамандарына алғыс айтқым келеді. Мемлекеттің ертеңі – бүгінгі бүлдіршіндер. Осы балапандарымыз есейіп, елдің тұтқасын ұстар азамат болсын», деп тілегін білдірген еді А.Әлназарова.

«Аңсаған сәби» бағдарлама­сы іске асқалы бері 21 мың әйелге кө­мек көрсетілген. Квота алған 8 мың әйел ЭКҰ арқылы бала көтерген. Биыл 4 айдың ішінде мың жарым әйелге жасанды ұрық­­тандыру жасалған. Осыған қа­ра­мастан Денсаулық сақтау ми­нистрлігі ұсынған дерек бо­йынша, әлі 28 мыңға жуық әйел бала сүю бақытына ие бола алмай жүр. Бүгінде елде жасан­ды ұрықтандырумен айналы­са­тын 31 орталық бар болса, оның 19-ы міндетті әлеуметтік ме­­ди­ци­налық сақтандыру жүйесі ар­қы­лы қаржыландырылады екен. Бұл ЭКО-ға жүгінуді ойластырып жүргендер үшін өте тиімді. Бұ­­рынғыдай квотаны жылдап күт­­пейді. Демек бағдарламаға МӘМС-тің қосып отырған үлесі қо­­мақты деп айтуға негіз бар. Қор­ға аударылған қаржы қайда жұм­салады дегенге тағы бір жауап – осы. Биология ғылымының ­докторы, репродуктолог-эмбрио­лог, «Экомед» клиникалар желі­сінің ғы­лыми директоры Салта­нат Бай­қошқарованың айтуын­ша, жа­қында тағы бір клиниканы ­ЭКҰ ла­бораториямен жабдықтау ­жос­парланған.

– «Экомед» орталығы «Аң­саған сəби» квотасы бойынша үш жылда жалпы саны 6 554 кво­таны игерді. ­3 540 (54%) пациент жүктілік бо­йынша есепке тұрды. 2 487 (38%) сəби дү­ниеге келді. Бүгінде «Экомед» кли­ни­каларының төртеуі осы «Аң­саған сәби» бағдарламасына қа­тысады. Бөлінген квота бойын­ша жақсы нəтиже көрсеткен орта­лықтардың көшбасында «Экомед Астана» ұжымы тұр. «Экомед Астана» орталығы жалпы саны 2 525 квотаны игеріп, 1 479 (57%) келіншекті жүктілік бойынша есепке алды. Мұнда 1 063 (42%) cəби дүниеге келді. Осы үш жылда әріптестеріміз толымды еңбек етті. Біз көп ұзамай алтыншы клиниканы ЭКҰ лабораториямен жабдықтауды ойластырып отырмыз. Ақтөбе облысының тұрғындарына Астанаға келмей-ақ бағдарламаға қатысуға мүмкіндік жасасақ деген ниеттеміз, – дейді С. Байқошқарова сөзін түйіндеп.

Салтанат Байқошқарова айт­қандай, бағдарлама аясында «Эко­мед Астана» клиникасына квота арқылы жүгініп, көмек алған­дар көп. Солардың ішінде Көкшетаудың тумасы Арман Оспанов пен жары Мира бар.

– «Аңсаған сәби» бағдар­ла­масына алғыс айтқымыз келеді. Бағ­дарлама әрі қарай жалғасып, квота көбірек бөлінсе деген тіле­гіміз де бар. Біз 2011 жылы отау құрып, осы күнге дейін бала сүйе алмадық. Бармаған же­ріміз қалмады. Сосын өңірден жол­дамамен осында келдік. «Эко­мед Астана» клиникасының ме­ди­циналық директоры Алмаз Құр­манәліұлына жолықтық. Ол ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар сілтеді. Содан баламыз дүниеге келгенде сенер-сенбесімізді білмей, тосылып қалдық. Қазір баламыз Салахаддин бір жастан асып барады. 11 жылдағы уайымның бар­лығы бір сәтте ұмытылғандай болды. Түсінгеніміз, әуелі сенім ке­рек екен. Жасымау қажет. Ер адам төзімді келеді ғой, сондықтан әйел­ге барынша қолдау көрсету керек дер едім. Отбасында бала жоқ деп әйелді ғана кінәлауға болмайды, – дейді А. Оспанов.

Астана қаласының тұрғыны Жанна да бағдарламаға қатысып, үміт еткен баласын бауырына басып отырған жайы бар.

–Біз бірнеше мәрте ЭКҰ-­ға жүгініп, бесінші мүмкіндікте бала сүйдік. Жолдасыммен 2014 жылы отау құрдық. Тоғыз жыл кү­тіп, былтыр ұлымыз дүниеге кел­ді. Өзім қазір 36 жастамын. Бала­мыздың аты – Ибрагим. Балалы болуды аңсап жүрген отбасы­лар­ға үміт үзбеу қажет. Дәрігер берген нұс­қауды орындап, мойымай, ілгері жылжи беру керек. Бұйыртып жатса, Ибрагимге серік болар іні-қарындас дүниеге әкелу ойда бар. Сол ниетімізге жетсек деп армандаймыз, – дейді қала тұрғыны.

Астана қаласының тағы бір тұрғыны Динара Қайратқызы «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында көз қуанышы, қызы Зерені құшағына алған.

–Жолдасыммен 2012 жы­лы желтоқсанда отбасын құр­дық. Шүкір, «Аңсаған сәби» бағдар­ламасымен квота алып, қызымыз дүниеге келді. Алғашында бағдар­ламаға қатысу қалай болар екен деп жүрексінгеніміз рас. Қорқақтадық. Тәубе, 2022 жылдың қаңтарында кезекке тұрып, сол жылы мамырда кезегіміз келді. Бар болғаны төрт ай күттіппіз. Осы күнге дейін бармаған жеріміз, баспаған тауы­мыз қалмады десек болады. Дә­р­і­­герлерге де қаралдық, қазақы жо­рал­ғыларға да жүгіндік. Қолдан кел­ген ем-шараның барлығын жа­са­дық. Иә, бұл әдіспен екінші мәр­те де босануға болады екен. Бұ­йырса, ол жағын әлі көре жатармыз, – деді Динара.

Қала тұрғыны Дәметкен болса, екінші баласын ЭКҰ-ның кө­мегімен дүниеге әкеліпті. Батыл ана­ның үлкен қызы қазір 18 жас­та болса, екінші ұлы 6 айдан жаңа асыпты. Байқасаңыздар, «Аң­са­ған сәби» бағдарламасына квота көбейгелі дүниеге келген сәбилер де көбейді. Бір ғана бағ­дарла­ма елдегі демографиялық ахуал­ға, сан-қилы тағдырға әсер етіп, көптеген отбасының үмітін жақты.

Қорыта келе бала сүюді армандап жүрген отбасыларға ЭКҰ-ға қалай жүгінуге болатыны туралы аз-кем ақпарат беруді жөн көрдік. Балалы бола алмай жүрген келіншектер әуелі емханаға есепке тұрып, Жанұя­ны жоспарлау орталығынан толық тексеруден өтуі қажет. Соның нә­тижесі бойынша «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатыса алады. Негізі бұл ем-шара терапиялық жолмен емдеу нәти­же бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Оған елдегі ерлі-зайыптылардың қатысуға мүм­кіндігі бар. 

Соңғы жаңалықтар