Аймақтар • 06 Маусым, 2024

Оралдық өрендер мәреге жетті

24 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«InDrive» халықаралық IT-ком­паниясы ұйым­дас­тыр­ған «Beginit» жобасында Батыс Қазақстан облы­сының төрт оқу­шы­сы финалға жолдама ұтып алды.

Оралдық өрендер мәреге жетті

Әлеуметтік көшбасшы тәр­бие­леуді мақсат еткен бұл жоба өткен жылдың қараша айында бас­талып, маусымға дейін созылған еді. Іріктеу турларына қатысуға 800-ден астам адам ниет білдіріп, 500 адам қатысқан. Соның ішінде 200 адам ғана онлайн білім беру платформасына қол жеткізіпті. Балалар көшбасшылық және жобалық қызметтен курс­тар­дан өтті. Теориялық бөлім со­ңын­дағы іріктеуден кейін 50 бала жартылай финалға шыққан. Жақында Алматы қаласында, Алатау баурайында осы бала­лар үшін 5 күндік лагерь-тренинг ұйымдастырылды. Нәтижесінде, қазылар алқасы финалға шыққан 37 оқушыны таңдады. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысынан төрт оқушы – Айдар Сартаев, Нұрдана Махамбет, Аружан Сексенбай, Абылай Серікқали бар.

Балалар Батыс Қазақ­стан облы­­­сының әр мектебінен жинал­ған. Айдар Сартаев Бәйтерек ауда­нына қарасты Январцево аулы­нан келсе, Нұрдана Махамбет – Орал қаласынан. Ал Аружан Сек­­сен­бай Ақсай қаласында оқи­ды екен.

Аружан жоба барысында жа­рық беруді жақсарту және шека­ра­ларды белгілеу үшін «Vision Zero» тұжырымдамасына сәйкес зерт­теу жүргізіп, ұсыныс дайындапты. Ол өз идеясын шынайы өмірде жүзеге асыру үшін өзі тұратын Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсановпен жеке ­кездескен.

«Әуелгіде мен, мектеп оқу­шы­сы, өз идеямды аудан әкі­міне дұрыс жеткізе аламын ба деп уайым­дадым. Бірақ бәрі жақ­сы өтті. Өзім қатысып жүр­ген жоба аясында үйренген ком­му­ни­ка­тив­тік дағдылардың арқасында сөзім сенімді шықты, өз идеяларым­ды жеткізе алдым, – дейді Аружан.

Жобаның соңғы кезеңі Астана қаласында өтеді. Мұнда үздік шық­қан 6 жеңімпазға сый­лық ре­тінде шетелдік білім сапарына жолдама, дайындық курс­­тарының гранттары және компьютер берілмек. Сондай-ақ үздіктер Алматыдағы инно­вациялық университеттің сту­денті атанбақ.

 

Батыс Қазақстан облысы