Жастар • 07 Маусым, 2024

Құндылықтардың құны қандай?

68 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ұрпақ алмасқанда құндылықтар да өзгеретінін байқап жүрміз. Жас буынды не алаңдатады, олар нені қажетсінеді, өзекті мәселелері қандай деген сауалдар уақыт талабына сай туындайтыны сөзсіз. Қазіргі жастардың пайым-парасатын, таным-түсінігін бағамдау мақсатында олармен етене жұмыс істеп жүрген мамандарды сөзге тартып көрген едік.

Құндылықтардың құны қандай?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Отбасы – басты құндылықтың бірі

 

Айсұлу ЕРНИЯЗОВА,

«Жастар» ҒЗО директоры:

– Біз 10 жылдан астам уақыт бойы «Қазақстан жастары» бағдарламасын әзірлеп келеміз. Былтырғы зерттеулерге иек артсақ, еліміздегі жастар үшін басым құндылықтар қатарын отбасы – 72,6%, достық – 32,3%, денсаулық – 29,9%-ды құрайды. Сонымен бірге сенім, дін (18,7%) мен жан тыныштығы (17,5%) сияқты құндылықтар өз маңызын сақтап қалды. Бұларды жеке және ұжымдық нанымдар мен қажеттіліктер контексіндегі құндылықтар деп қарауға болады. Қазақ жастарының құндылық бағыт-бағда­ры зиялылық құндылықтардан гөрі дәс­түр­лі құндылықтардың сәл басымды­ғы, тұтастай алғанда бейтараптылыққа жақын деп сипатталды.

Жас бойынша жүргізілген талдау «Отбасы» нұсқасының басымдығы бар­лық жас топтары арасында бірдей екенін көрсетті (60%-дан астам). Орта жас топтарында көрсеткіш 19-23 және 24-28 жас топтары 75,7-76,9%-ға дейін өскен. Достық құндылығы 29-34 жас арасында барынша өзекті (54,4%). Жастардың кіші топтарында «денсаулық» құндылығының орны ерекше – 33,9%-ды құрайды. Дін мен сенім маңызды құндылық ретінде респонденттердің жасы үлкеюімен тө­мендеу үрдісін көрсетеді. 14-18 жас­тағылардың үштен бірі дін мен наным­ды маңызды десе, 29-34 жас ара­лығындағылардың әр оныншысы ғана сондай пікірде. Жан тыныштығы барлық жас топтары үшін бірдей деңгейде басымдыққа ие. Бұл қатардан 24-28 жас тобы ерекшеленіп тұр, оларда көрсеткіш – 12,1% ғана. Түрлі жас топтарында мей­лінше төмен бағаланған құндылықтар өзін-өзі дамыту мен бағалау, қызықты жұмыс пен кәсіп болды.

 

Ата-ана мейірімін ешнәрсе алмастыра алмайды

 

Әсия СЕРІКОВА,

психолог

– Қазір отбасындағы әрбір адамда бір-бір гаджеттен бар. Жасы да, жасамысы да телефонға үйірсек болып алды. Салдарынан күйбең тіршіліктің қамын күйттеген ата-ана баласының қанша уақыт телефонға телміріп отыратынын аңғармайды. Дегенмен балаға тәртіп пен шектеу қажет. Мейлінше спорттық секциялар мен үйірмелерге беріп, зе­йінін аудару керек. Сондай-ақ үнемі тілдесіп, оның жан қалауын анықтап отыру маңызды. Бала жас шыбық сияқты, қалай өссе, сол бағытта тамырын кеңге жаяды. Сол сияқты әр жастың өзін­дік қиындығы болады. Мәселен, отбасында зорлық-зомбылық көрген бала компьютерлік ойынды алданыш көреді. Яғни үйде ұрыс-керіс болған жағдайда ол қорғаныш есебінде тыныш атмосфера қалыптастыруға тырысады. Осылай телефонға әуестігі қалыптасады.

Қазір қоғамда жастар арасында бук­мекерлік кеңселер мен казино сынды құмар ойынға еліктеушілікті жиі байқау­ға болады. Оған Ішкі істер министрлігі­нің статистикасы да дәлел. Оңай жолмен келетін ақшаға қызығушылық 25-40 жас аралығындағы ер адамдар ара­сында басым. Ал компьютерлік ойын­дарға 10-20 жас аралығындағы балалар жақын. Себебін іздеп, астарына үңілсек, әркімге әртүрлі жағдай әсер етеді. Біреуге ата-анасының мейірім-махаббаты, ал енді біріне эмоция мен сенімділік жетіспегеннен ойынға басымен кіріп кетеді.

Әлемдік зерттеулер деректерін бағ­дар­ласақ, құмар ойынға тәуелділік­тің се­бе­бінен суицид 15 есе артқан. Ал елімізде былтыр бар-жоғы сегіз айдың ішінде 2 620 өз-өзіне қол жұмсау фак­тісі тіркелген. Оның 2080-і ер болса, ­540-ы әйел, ал 139-ы кәмелетке толма­ған жеткіншек екен. Бұл да қоғамдағы қор­да­ланған өткір мәселе.

 

Барлық мәселе тәрбиеден басталады

 

Амангелді МАМЫТ,

Ж.Тәшенов атындағы университет­тің  деканы, филология ғылым­дарының кандидаты, доцент:

– Жас ұрпақтың адал азамат болып қалыптасуы алдыңғы буын – зиялы қа­уым­ға тікелей байланысты. Бұған назар аударған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қа­жет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бі­рің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын», деді.

Расында, елдегі береке-бірліктің ­бас­тауы – зиялы қауым өкілдерінің ­да­­на­­лығына келіп тіреледі. Бұған ХХ ға­сыр басындағы Алаш ардақтылары­ның елді ұйыстырудағы әрекеттері анық дәлел бола алады. Бұл – кейінгі буын­ға үлгі-өнеге.

Бүгінде жастардың нашақорлыққа, неше түрлі құмар ойынға тәуелділігі­нің артуы, зорлық-зомбылықтың бала­бақшадан бастап көрініс табуы – күн тәртібіндегі өткір мәселелер. Негізі әр нәрсе тәрбиеден бастау алады. Ал қазіргі ұрпақты интернет тәрбиелеп отыр десек, қателеспейміз. Жеңіл ақша табу, заңсыз жолмен баю жолдары әлеуметтік желілерде жиі насихатталады.

Президенттің Ұлттық құрылтайда жүктеген міндеттерінің бірі – адал еңбек адамын қалыптастыру. Мемлекет басшысы алдымен жаман әдеттен аулақ болуды ұсынады: «Нашақорлық, әсі­ресе балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сат­қан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өнді­ретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын».

Бүгінгі қоғам шын мәнінде қаты­гезденіп барады. Өскелең ұрпақтың тәрбие­сінде кеткен кемшілік зорлық-зом­былықтың кез келген түрін тудырып жүр. Сол себепті жаман әдеттен арылу үшін оған қарсы қоғам болып жұмылып күресу керек.

 

Жастарды жетілдіретін бағдарлама қажет

 

Айнұр КӘРІБОЗОВА,

Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасының орынбасары:

– Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңға сәйкес жас болып танылу шегі 35 жасқа дейін ұзартылып, елі­міз­дегі жастар саны бұрынғы 3,7 мил­лионнан 6 миллионға жуықтады. Осы­лайша, жастар санатында 14 пен 35 жас аралығындағылар саналады. Яғни осы санатта орта мектеп деңгейінде кейінгі кезде ел бойынша жаппай бұқараға жеткізіліп жатқан өрескел бұзақылық, зорлық-зомбылық факторлары да бар. Еліміздің жасөспірімдері арасындағы бұзақылық, тәртіпсіздік, тәрбиесіздік, зорлық-зомбылық кейін­гі кезде ғана өршіді ме? Әлде бұл бұ­рын­нан бар жағдай, тек қазіргі таңда әлеу­меттік желілер көмегімен ашылып жатыр ма?

Еліміз жасөспірімдер арасындағы ­суицид жөнінен әлемде алғашқы он­дық­тан көп жыл қатарынан түспей келеді. Соның ішінде 9-14 жас аралығында­ғы балалар мен 15-24 жас аралығында­ғы жастар суициді бойынша 6-орын­да тұр­мыз. Осы жас аралығындағы суицидке бару­дың басты себебі мектептегі буллинг, зорлық-зомбылық пен отбасында­ғы зорлық-зомбылық екені айтылады.

Жеткіншектер тәрбиесіндегі өрес­кел қателіктермен жұмысқа қоғам болып кірісуіміз керек. Дәстүрлі «Кім кінәлі?» деген сұрақты қою қазір орынсыз. Бала, ата-ана, сынып жетекшісі, мұғалімдер, мектеп, қоршаған орта – қаты­гездікке жол бергеннің бәрі кінә­­лі. Не істеуіміз керек? Балалар тәр­бие­сі мәселесі жөнінен терең зерттеу нәти­же­сінде дайындалған кешенді елдік бағ­дарлама қажет.

ХХ ғасырдың 80-90-жылдары Ислан­дия жеткіншектері арасында бұза­қы­лық, есірткі, ішімдікке салыну өрші­ген екен. Ең алдымен, ел бойынша жас­өспі­рімдер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде балалардың мұндай мінез-құлқының басты себебі ретінде ата-ананың бала өміріне қатыспауы не аз болуы анықталады. Елдің бас қа­ласы Рейкьявиктен бастап ата-аналар қауы­мымен, үкіметпен кешенді шаралар қолға алынып, қазір Еуропаның бірқатар қаласы Исландия үлгісімен жастар тәрбиесі реформасын жүргізіп жатыр. Мысалы, Исландияда ата-ана балаларымен мүмкіндігінше көбірек бір­ге уақыт өткізуі үшін олардың жұмыс­тан ертерек үйге қайтуына жағдай жасал­ған. Ата-ана үйіне 4-5-ке дейін оралуға тырысып, балаларымен 8-ге дейін уақы­тын өткізуге тырысқан. Реформа қолға алынған кезеңде жеткіншектердің түнгі 10-нан кейін далада, қоғамдық орындарда жүруіне тыйым салынған. Ата-аналар кешкі уақытта жаңа тәртіптің қатаң сақталуы үшін еріктілік негізінде түнгі кезекшілік пен рейдтер жүргізген. Жеткіншектер бос уақытын мейлінше спорт, өнермен айналысуы үшін жылына әр жасөспірімге 500 доллар бөлінген. Рейкьявик мэрі кезінде чемпионатта Англияны жеңуіміздің басты себебі де осы реформа дейді.

Әрине, бізге Исландия реформасын айнытпай қайталаудың қажеті жоқ. Бірақ сол іспеттес оң нәтиже берген үздік үлгілерді зерттеп, өзіміздің ерекшеліктерімізді ескеру арқылы жас­тар тәрбиесі бағдар­ламасын қабылдаған жөн. Қазіргі заман тыйымдар заманы емес, бірақ ұлт келе­шегі – жастар осындай надан, көргенсіз, тәртіпсіз, тәрбие­сіз, сотқар, бұзақы бол­са, нақты бір оң нәтижеге жеткенше қатаң шаралар керек те шығар...

 

Білімге сенер заманда қапы қалмайық

 

Абылайхан ӘБДІРӘШ,

«Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы, «Alayaq.net» жобасының негізін қалаушы:

– Әр ұрпақтың өз түсінік-көзқарасы барын ешкім жоққа шығара алмай­ды. Ұлттық статистика бюросының дере­гіне зейін салсақ, егер 2010 жылы жаратылыстану, ғылыми және инженер­лік мамандықтар бойынша оқитын сту­денттердің үлесі 46,2%-ды құраса, 2020 жылға қарай ол 38,7%-ға дейін төмендеген. Сондай-ақ бизнес, басқару және құқық сияқты бағыттар сол кезеңде 27,3%-дан 35,4%-ға дейін өскен.

Егер өткен ғасырдың 50-60-жылдарында жастар ғалым немесе ғарышкер болуды бедел тұтып, армандаса, қазіргі буынды IT саласының мамандықтары көбірек қызықтырады. Оның үстіне блогер, табыс көп әкелетін фриланс мамандықтарын таңдап жатады. Сауалнамаларға сәйкес 18-29 жас аралығындағы жастардың шамамен 60%-ы өмірде табысқа жету үшін іргелі ғылыми білімге тереңірек үңілуден гөрі кәсіпкерлік және технологиялық дағдыларды дамыту маңыздырақ деп санайды. Бұл қазіргі жастардың құнды­лық бағдарларының өзгергенін аңғарта­ды. Сәйкесінше, материалдық әл-ауқат пен жылдам мансаптық өсу бірінші орын­ға шығып отырған секілді. Себебі жас буын­ның басым бөлігі жеңіл ақша табу­ды армандайды және тез баюға ұм­тылады.

Ұлттық банк мәліметінше, қаржы пирамидаларынан және басқа да алаяқтық схемалардан зардап шеккендердің жалпы санының шамамен 20%-ы – 18-29 жас аралығындағы азаматтар. Демек жастар – әртүрлі алаяқтардың оңай олжасы. Содан болар, кейінгі жылдары «инфобиз­нес» саласының танымалдылық бәсі арт­ты. Сондықтан сарапшылар жас­тар дамуы мен олардың дағды, білік­тіліктері­нің қалыптасуында білім беру мекемелері­нің орны ерекше екенін айтады.

Мен жастармен тығыз жұмыс істей­мін. Бәрі бірдей нашақорлыққа, тәрбие­сіздікке, білімсіздікке бой алдырып жүр деп айта алмаймыз. Терең іргелі білім алуға, инновациялық идеяларды да­­мытуға және қоғамның өзекті мәсе­ле­лерін шешуге ұмтылатын жас буын бар. Қазіргі заман талабына сай жас­тар бұрынғыдай білімді тек мектептен немесе жоғары оқу орнынан ғана емес, өз бетінше алуға да қауқарлы. Бұл әсіресе жаңа технологиялар, әлеуметтік кәсіпкерлік, креативті индустрия салаларында байқалады.

Әрі Білім және ғылым министрлігі­нің деректеріне сәйкес түрлі ғылыми зерт­теу конкурстары мен олимпиадаларға қатысатын жас отандастарымыздың саны жыл сайын 7-10%-ға өсіп отыр. Олар­дың көпшілігі болашақта табыс­ты ғалым­дар, инженерлер және техника саласындағы кәсіпкерлер болатыны­на сенімдімін. Тек жастардың құндылықтар жүйесін қа­лыптастыруда мемлекет олардың сапалы білім алуына, еңбекқорлық, жауап­кершілік, адамгершілік қасиеттерін ­бойларына сіңіруге және ұзақмерзімді перспективалы ғылыми және инженер­лік кәсіптердің беделін арттыруға күш салуы қажет.

Осындай бағыттардың бірі – жас­тарға тәжірибелі мамандар мен инно­вациялық кәсіпорындардың қолдауы­на сүйене отырып мансаптық жо­лын сана­лы түрде таңдауға мүмкіндік ­бе­ре­тін ерте кәсіптік бағдарлау және тәлім­герлік бағдарламаларын дамы­ту. Сондай-ақ тәжірибеге сыни ойлау­ды жетілдіруге арналған заманауи оқы­ту әдістемелерін енгізу. Бұл жастарды жаңа ғылыми және технология­лық шың­дарды бағындыруға шабыттандырады. Сондықтан хан Абылай
айтқандай:

«Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік,

Білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік».

 

Байқап, бағдарлағанымыз, рухани жаңғыру идеясы бүгінгі уақыт талабынан туындап отыр. Қазіргі жас буынға ұлттық құндылық аясындағы тәрбие керек. Бұл – бір ғана отбасы институтының емес, дүйім қоғамның алдында тұрған басты міндет. Өйткені түптеп келгенде тәрбиеге жеткілікті көңіл бөлмеу мемлекет мінберіндегі өткір мәселелердің туындауының бір себебі болып тұр. 

 

Дайындаған –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»