Тұлға • 06 Маусым, 2024

Семейдегі «сәтбаевшылдық»

51 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан: «Революциядан бұрынғы қыр қазақтары арасында Сәтбаевтардан көп оқыған ауыл болған емес. Олардың ішінде Қаныштың ағасы Әбікей Сәтбаев Омбының семинариясын бітіріп, сол кездің өзінде орыс тілі мен әдебиетінің бірінші маманы болып шығады. Бүгінгі Шығыс Қазақстан, Семей, Павлодар облыстарынан шыққан жастардың Әбікейден оқымағаны кемде-кем болу керек ...» дейді. Әбікей Зейінұлы Сәтбаев – есімі қазаққа танымал ағартушы-педагог, Алашорда ұлт-азаттық қозғалысына қатысушы қайраткер, Семей қаласында ашылған қазақ педагогикалық техникумының алғашқы директоры. «Қазақ тілі» газетінің 1923 жылғы 1 сәуірдегі бас мақаласында: «Бұл мектепте Әбікей ағамның тырысып, тыныштық таппай істегенімен ғана ашылып, жүзге тарта шәкірт оқып жатыр» деп жазды жоғарыда аталған педтехникум директоры туралы.

Семейдегі «сәтбаевшылдық»

1-қатарда (солдан оңға қарай): Қ.Сәтбаев, А. Шорманов, А.Сәтбаев, Г.Сәтбаев, 2-қатарда (солдан оңға қарай): Б.Әбікейұлы, А.Бектұров, Р.Әбікейқызы

Алаш тұлғаларын жауап­ты қызметтен алу, оқу-ағарту жұ­мысына араластырмау, олар­ға қарсы қуғын-сүргін ерекше қарқын алған 1927 жылы Әбікей Зейінұлы Сәтбаев педтехникум директорлығынан босатылды. Алайда ол жастар арасына Алаш идеясын таратып, олардан отаншыл азаматтар даярлау бағытындағы жұмысын жалғастыра берді. Әбдірахманов, Мусин, Бегалин, Ұзақов, басқа да Семей жас­тары елдегі маңызды мәселелерді шешу жолдарын Әбікей Сәтбаев­пен кеңесе оты­­рып шешті. Дирек­тор­лық қызметке дейін де облыстық земство басқармасының оқу бө­лі­мін, губерниялық оқу бөлі­мін­дегі қазақ мектептері бөлі­мін басқарған, мұғалімдер семинария­сында сабақ берген Ә.Сәтбаевқа қазақ балаларының мектепке тартылуы, қажетті оқулық құ­рал­да­ры­мен қамтылуы сияқты білім саласындағы аса күрделі мәселелер жақсы таныс болатын.

Педтехникум жастары Ә.Сәт­баев­­тың кеңесімен Губер­ния­­лық атқару комитетіне, Губер­ниялық халық ағарту меке­мелеріне барып, жас­тарды оқуға орналастыруды талап етті. Демонстрация ұйым­дастырып, Губерниялық атқа­ру коми­тетінің төрағасы Досовқа, Губер­ниялық халық ағарту меке­ме­сі­нің басшысы Сейдалинге, Губерниялық халық ағарту мекемесінің бөлім басшысы Әміржан Сыдықовқа өз талап-тілектерін білдірді.

пр

Әбікей Сәтбаев және Ахмет Байтұрсынұлы. Қызылорда. 1927 жыл ақпан

Бұл істің басы-қасында бол­­ған Мұқан Әбдірахманов – Әбікей Сәтбаевтың шәкірті. Ол 1901 жылы Қара­ғанды облысы бұрынғы Қарқаралы округі Қу ауданының 3-ауыл­ында туған.

Арғы аталары Ақмола губер­ниясын мекен еткен текті әу­леттен. Атасы Кенесары ба­тырдың досы, өзі де батыр болған кісі. Нағашылары Қоян­ды жәрмеңкесін ұйымдас­ты­рушылардың бірі, атақты бай-кәсіпкер, ағартушы-меценат, Алаш қозғалысының көрнекті өкілі Хасен Ақайұлы, белгілі ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы да анасы жағынан туыс.

БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы Ф.Голо­щекин Қазан төңкерісі қазақ аулындағы әлеуметтік-эко­но­ми­калық қатынастарды бұзбады, төңкеріс «ауылдың жанынан құйындай өте шықты-мыс» деп көрсетті. Ауылды кеңестендіруді, егіндік және шабындық жерлерді қайта бөлуді және басқа шараларды ауылдағы төңкерістің алғашқы нышандары ғана деп білді. Патриархалдық-феодалдық қатынастар мен рушылдық қал­дық­тардың ықпалын асыра көр­сетті. Бұл пікірлер Өлкелік партия конференцияларының, БК(б)П Қазақстан өлкелік комите­ті­нің 20-жылдардың екінші жар­ты­сын­да болған бірқатар пленум­ының шешімдерінен де орын алды.

1927–1928 жылдары Қазақ­стан­да қарқынды жүргізілген ірі байларды тәркілеу, ұжымдастыру кезінде Мұқан Әбдірахманов, басқа да жастар топ құрып, кеңес­тік биліктің асыра сілтеу саясатына қарсы тұрды. Мұқанның өзі ата-анасының большевиктерден көрген қысымы мен қорлық, зорлығы туралы: «Менің әке-шешем бай болғанымен, олардың барлық малын алғашқы бөлі­ніс (1919–1920, 1921), ет да­йындау (1926–1929), салық салу кезінде билік иемденген. Биліктің барлық әрекеті менің оған деген өшпенділігімді тудырды, мен оны жек көре бастадым. Неге екені белгісіз, билікке деген ашуым әлі де бар», деп жазды.

ыв

Әбікей Зейінұлы Сәтбаев (1881-1937) – Семей педагогикалық техникумының тұңғыш директоры,
Алаш ұлт-азаттық қозғалысына қатысушы

Мұқан Әбдірахманов, басқа да жастар биліктің қазақ байларына қарсы қолданып отырған мал-мүлкін тартып алу, жер аудару науқандарының қателігі жөнінде насихат жұмыстарын жүргізді. Губком, Горком, басқа да кеңес мекемелерінен келген белсенді коммунистер Семей жастары тобын контрреволюциялық-ұлтшыл деп атап, жастарды «сәтбаевшылдықпен» айыптады. Мұқан Әбдірахманов, Төлеужан Мусин, Сапарғали Бега­линді техникумнан, комсомол қата­ры­нан шығару туралы қаулы қабыл­данды.

Қазақстан өлкелік партия ко­ми­тетін Ф.Голощекин басқар­ған 1925–1933 жылдарда Қазақстанда «жік­шілдік», «ұлтшылдық» ұра­ны ушыққан және оларды жазалау жалпы сипат алған кесірлі кезең болғаны белгілі. «Сәтбаев­шыл­дықты» айыптау Алаш зиялысы Әбікей Сәтбаевтың шәкірттерін қуғындау мақсатында жасалды. «Сәтбаевшылдық», «сәдуақа­сов­шыл­дық», «қожановшылдық», тағы басқа «шылдықтар» Ф.Голо­ще­кин бастаған коммунист бел­сен­ділердің ұлттық бағыттағы қа­зақ интеллигенциясымен күрес әдісі болатын.

1926 жылдың қараша пле­ну­­мында қазақ зиялыларына қарсы шабуылын өрісте­те түскен Ф.Голощекин алашор­да­лықтардың екі буынын анық­тап: «Алашордалықтар тура­лы айтқанда біз шатасып жүрміз. Алашордалықтардың екі түрі бар: ескі басшылары мен алашордалықтардың жаңа буыны. Бұлардың өзара үлкен айырмашылықтары бар. Егер біз ескі тәртіптегі алаш­орда­лық­тарды алсақ, маған олардың өткенде бірдемесі бардай көрі­неді. Олар өткен уақытта, қазақ бол­мысында революционер, бур­жуазиялық революционерлер болды. Ал жастарда ол жоқ, оларда ашу-ыза басым, олар кеңестік билікпен күресте есейді» деп сипаттады.

Ф. Голощекин мойындағандай, алдымен патшалық билікке, соңы­нан өңін өзгерткен кеңестік отарлау саясатына қарсы күрескен Алашорда қайраткерлері мен ұлттық интеллигенцияның С.Сәдуақасұлы, С.Қожанұлы, Ы.Мұстамбайұлы, Ж.Сұл­тан­­бекұлы, А.Мұқанов сынды келесі жас буынының отаршылдықтың жаңа кеңестік түріне қарсы күресінде қоғамдық-саяси мәселелерді шешуде алдыңғы Алаш интеллигенциясы қойған мақсаттар кездесіп отырды.

Әбікей Сәтбаев Семей жас­­тары көтерген мәселенің дұрыс­ты­ғын, Қазақстандағы бай-құлақтарды тәркілеу кезіндегі заңсыздықтарды Мәскеуге дейін жеткізу керектігін айтып, ара түсті. Шалғайда орналасқан Қазақстанда болып жатқан саяси-экономикалық науқандардың олқылықтарын, жастардың жазық­сыз оқудан, комсомол қата­рынан шығарылуы туралы ол жастарға екі өтініш жаздырды. Өтініштерді Мәскеуге апарып, тиісті адамдарға тапсыру Мұқан Әбдірахмановқа жүктелді.

Мұқан Мәскеуге келіп, өті­ніш­терді М.С.Калининнің қо­лына табыстады. Дәл сол кезде Киселев бастаған арнайы комиссия жасақталып, Қазақстанға жүргелі тұр екен. М.С.Калинин ол өтініштер туралы комиссия басшысына арнайы тапсырма беріп, өлкедегі ахуалды реттеуді бұйырды.

М.Әбдірахманов 1929 жылдан Шыңғыстау ауданында мұғалім болып қызмет етіп, 1930 жылдың жазына дейін атақты бай Медеу Оразбаевтың аулында тұрды. Ол мұнда Медеу Оразбаев, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы, басқа да Шыңғыстау елінің зиялыларымен жиі кездесіп, елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік ахуал туралы өзара ой-пікір бөлісіп отырды.

Мұқан Әбдірахманов Шың­ғыс­­­тау­да атақты Ике Әділов­пен танысты. Ике Әділов бұл кезде Шыңғыстауда жасырынып жүрген болатын. Бір күні түнде М.Оразбаевтың үйіне Ике Әділов келеді. Медеу ұйқыда жат­қан Мұқанды оятып, Икемен таныстырған. Ике таңға дейін Медеудің үйінде болып, елдегі жағдай туралы пікірлесіп, ертемен жолға шығып кетеді.

Ел іші мазасыз, халық толқу үстінде болатын. «Тобықтының ержүрек халқы малын тартып алып, тәркілеуді жалғастыра берсе, кеңес өкіметіне қарсы шығады» деген сөз жиі естілетін еді. Халықтың айтқаны болды. 1931 жылдың басында Медеу Оразбаев, Санияз Медеуов, Оспан Бегімбетовтер қатысқан Шыңғыстау көтерілісі басталды. Медеу Оразбаев және басқалар Шыңғыстау көтерілісін ұйымдастырғаны үшін жауапқа тартылды.

Мұқан Әбдірахманов білімін жалғастыруды мақсат етіп, 1930 жылдың күзінде Алматыға оқуға түскен еді. Көп ұзамай анасы мен бауыры, ауыл-аймақ түгел ашығып жатқаны жөнінде хат-хабар алды. Сөйтіп, 1932 жылы елге қайтып оралды. Семей жеріндегі аштық пен аурудан туған анасы мен қарындасының қайтыс болуы оған үлкен қайғы-қасірет әкелді. Семейде ОблЗУ-ға, Комвузға өтініш жазып, оқытушылық жұмысқа тұрды.

Мұқан Әбдірахманов Семейде Қадыр Қадаубаев, Жұмағали Омаров, Ділдаш Шақабаев, Қалиақпаров деген оқытушылармен танысып, оларға кеңес билігінің жүргізіп отырған саясатының дұрыс емес­тігін ашық айта бастады. Жо­ға­рыда аттары аталған аза­мат­тардың барлығы дерлік партия мүшесі болғандықтан, өз пікірлерін алғашында ашық білдірмегенімен, уақыт өте келе елдегі ауыр ахуалға алаңдап, батыл қимылдай бастады.

Экономикалық күйзеліс пен аштықтан әбден қалжырап, қажыған халықты аман сақтап қалу мақсатында Семей интеллигенциясы әртүрлі шараға барды. Соның бірі – Ораз Исаевтың Семейге келген кезіндегі жергі­лік­ті интеллигенцияның тол­қуы. Олар: «Қазақ халқының өлі­міне Исаев пен Голощекин ғана емес, Сталин де кінәлі, соңғы екеуі қазақты аямайды. Қазақ Исаев мансап үшін қазақ халқын құр­­бан етеді ...» деп, оны жылы қабыл­дамаған. Әсіресе Ділдаш Шақабаев батыл қимылдап, О.Исаевты үш күн аңдып, оған қарсы әрекет етуді ойластырған. Алайда қолайлы сәті келмеген. Қазақ­стандағы аграрлық қайта құрулардың салдарынан мил­­лиондаған адамның өмірі қиылып, халық қасірет шегіп жатқанда бірінші басшы Ф.Голо­щекин қазақ интеллигенциясын ұлтшыл, топшыл, оңшыл, т.б. деп айыптап, көтеріліске қатысқан адамдардың соңынан түсіп қуғындады.

Облыстық сот төрағасы Дау­тов, облыстық сот төраға­сының орынбасары Сүлейменов, облыстық қаржы бөлімінің басшысы Жұмағалиев, Ділдаш Шақабаев, Шаймерден Имамбаев, Қадыр Қадауов, Бастами Біржанов, Басар (Ізбасар) Ибраев және басқалар жиналыс­тарда: «Қазақ иттей қырылып жатыр, құрып кетуге партия мен үкіметтің өзі жағдай жасап отыр», деп партия мен кеңес билігін сынға алып, асыра сілтеу саясатына ашық қарсы тұрды. Орталықтан келген жауапты қызметкерлерді «қазақты құрту үшін Голощекиннің жіберген елшісі» деп қабылдады, халық шыбындай қырылып жатқанын көрген халықтың басқадай тұжырым жасауы мүмкін емес еді.

И.Сталин мен А.Вышинс­кий­ге, елдегі қуғын-сүргінге ашық қарсы болған Арон Сольц Семейге келгенде Қ.Қадауов, Д.Шақабаев және басқалар «қазақ халқының тарихында мұндай шыбындай қырылған апат болмаған» деп елдегі аштық апаты туралы ашық айтты, Қазақстанда орын алған сүреңсіз оқиғаларға шара қолдануды сұрады. Мәскеу Қазақстандағы ахуалға назар аударған кезде қазақ халқының жартысы аштықтан қырылып, шетел асып, ауыр азаптан әбден әлсіреді.

Ф.Голощекиннің орнына келген Л.Мирзоян экономикалық сауықтыру шараларын қолға алғанымен, тоталитарлық жүйе­нің қысымы мен қуғын-сүргіні жалғаса берді. Мәселен, жас­тар қозғалысының белсенді мүшелерінің бірі Төлеужан Мусин 1933 жылдан Семей қаласы интеллигенциясы мен студент жастарынан құрыл­ған контрреволюциялық ұлтшыл ұйымға қатысы бар, респуб­ли­кадағы ұлтшылдардың көбі­мен байланыста деген күдік­пен бақылауға алынды. 1934 жылы Алматы қаласында Т.Мусин­нің ұйымдасқан ұлтшыл-контр­ре­во­люциялық топпен байланысы тексерілді.

Мұқан Әбдірахманов Ал­матыда 1929 жылдан жақсы таныс шыңғыстаулық жастармен байла­ныс орнатты. Олар: ҚазМУ студенті, кәмпескеге ұшыраған ірі байдың ұлы Аниял Сабалақов, бұрынғы алашордашы, Каменс­кое платода орналасқан демалыс орнында есепші, ірі байдың ұлы Санияр Мұқашев, Медеу Оразбаевтың ұлы, дәрігер Қабыш Оразбаев, Мемлекеттік банк қызметкері, байдың ұлы Ғани Әлжанов, КазЦИК қызметкері Мұқан Абылайханов, оның ағасы Төлеуғазы Абылайхановпен де жақсы қарым-қатынаста бол­ған, ол кейіннен Қытайға кет­кен, музтеатр­ қызметкері, Хасен Ақайұлының немере інісі Абадин Таукелев, оның әкесі де ірі бай болған, 3 жылға жер аударылған, Ауыл шаруашылығы институтының (СХИ) оқытушысы, Хасен Ақайұлының немере інісі Маскеев, Семей педтехникумында оқыған, өзінің мектептес досы, 1928 жылы Семейде құрылған комсомолдардың кеңестік асыра сілтеуге қарсы құрылған тобында болған Бегалин, Госбанк қызметкері, әкесі 1928–1929 жылдары контрреволюциялық әрекеті үшін атылған ірі бай Мұхаметкәрім Ахметов, Алматы Казторг базасында жұмысшы Жонқабай Тәжин, В/К ОблЗУ-да агроном, ВХСХШ-да оқытушы, 1928 жылы Семейде құрылған комсомолдардың кеңестік асыра сілтеуге қарсы тобында болған Төлеужан Мусин, Наркомземда қызмет жасаған, бай баласы Ормаш Сәулебеков, Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген, бай баласы Шәкір Қоқымбаев және басқалармен қарым-қатынаста болған. Аталған азаматтардың барлығы дерлік контрреволюциялық ұйымға мүше деген күдікке ілінді. Мұқан Әбдірахмановты 1936 жылдың 4 қыркүйегінде Қазақстан УГБ УНКВД тұтқындады. Оған ішкі тергеу абақтысында қамауға алу түріндегі жазалау шарасы қолданылды. 40-жылдары да Семей қаласында 1935–1936 жылдары жасырын әрекет еткен контрреволюциялық ұйымды, оған мүше болғандарды іздестіру жалғаса берді.

Төлеужан Мусин 1941 жылы Қазақ мал шаруашылығы ғылы­ми зерттеу институты тәжіри­бе стансасында директор болып қызмет ететін. Ол 1943 жылдың 30 шілдесінде Шымкент қаласында қайта тұтқындалып, Оңтүстік Қазақстан облыстық соты оған (58-14 РСФСР УК) 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне үкім шығарды. Қасірет бүкіл отбасын, туған-туыстарын да шарпыды. Адамдарды жауапты қызметке орналастыру кезінде оның өзі, туыстары тексеруден өтті. Т.Мусиннің зайыбы Семей облыстық комсомол комитетінің хатшысы Халитова 1946 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне  депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылған кезде Т.Мусиннің өткен жолы қайта қаралды.

Алаштың аяулы азаматы Әбікей Сәтбаев педтехникум тың­дау­шыларына сапалы білім берді, оларды азаттық рухында тәрбиеледі. Жастар рухани кемелденіп, ұлтқа қызмет етуді үйренді. Семейдегі «сәтбаев­шылдықпен» айыпталып, қуғын­далған жастар қазақ халқының азаттығы жолында күресті.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев: «Ғылым-білім жолына жастай түскенім үшін ескі зиялы, немере туысым Әбікей Сәтбаевқа шексіз қарыздармын!» деп жазды. Қазақ елінің мерейі мен мақтанышына айналған Жүсіпбек Аймауытұлы, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан және басқа да қазақ зиялылары Семей педтехникумында оқып білім алды.

 

Данагүл Махат,

тарих ғылымдарының докторы