Спорт • 08 Маусым, 2024

Сметов: Алдағы мақсат – алтын

48 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда олимпия ойындарына дзюдодан 60 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасы атынан қатысатын спортшы анықталды. Парижде өтетін XXXIIІ Жазғы Олим­пиада ойындарына іріктеу белдесуінде Елдос Сметов үздік атанды. Ол өз кезегінде командалас­тары Мағжан Шамшадин мен Нұрқанат Серікбаевтан басым түсіп, Париж Олимпиадасына қатысу құқығына ие болды.

Сметов: Алдағы мақсат – алтын

Олимпия ойындарына әр елден әр салмақ бойынша тек бір спортшы қатыса­ты­нын ескерсек, 60 кг дейінгі салмақ дәре­жесінде үш дзюдошы, атап айтқанда, Елдос Сметов, Нұр­қанат Серікбаев және Мағ­жан Шамшадин олимпиадалық рей­тинг­те жолдама иегерлері тізімінде болды. Сондықтанда өзара іріктеу белдесуі ұйымдастырылды.

Елдос Сметовтің бұл – үшінші Олим­пиядасы. Жерлесіміз 2016 жылы Рио Олим­пиа­дасында алтынға бір қадам қалғанда сүрінді. Финалда ресейлік Беслан Мудрановқа қосымша уақытта «вазари» әдісімен же­ңілді. Токио Олимпиядасы жартылай фи­на­лында татами иесі Наохиса Такатодан қосымша уақытта есесі кетіп, қола медальды қана­ғат тұтқанын көзімізбен көрдік. Енді міне, 32 жастағы Е.Сметов үшінші мүмкіндікке ие болып отыр. 

Байрақты бәсекеге Қазақстан ұлттық құ­рама командасынан сегіз дзюдошы қаты­сады. Оның жетеуі – өз салмақ дәреже­лерінде жекелей сайысқа қатысса, бір спортшы аралас-командалық жарыстың лицензиясына ие болды.

Әйелдер: Абиба Абужақынова (48 кг), Камила Берліқаш (+78 кг), Эсмигүл Кую­лова (аралас-командалық жарыс).

Ерлер: Елдос Сметов (60 кг), Ғұсман Қыр­ғызбаев (66 кг), Данияр Шамшаев (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Нұрлыхан Шархан (-100 кг).

Парижде өтетін XXXIIІ Жазғы олимпия ойындарында дзюдо бойынша жарыс­­тар 27 шілде мен 3 тамыз аралығына жос­­парланған.